Қадыр Мырза Әли
Шығар
Құздағы қар кетті дейміз,
Ол - көктем келгені шығар.
Нажағай жарқ етті дейміз,
Ол — оның өлгені шығар.
Жаңбыр сәл сіркіреді дейміз,
Ол — бұлттың исінгені шығар.
Күн қатты күркіреді дейміз,
Ол — оның күрсінгені шығар.
Жігерім қайнады дейміз,
Ол — жырдың ұнағаны шығар.
Бұлбұлды сайрады дейміз,
Ол — оның жылағаны шығар!