Неаполь халқының әуендерінен
Бірінші әуен
Бәрі бекер, тәтті сөзге
Уланыппын бекер мен.
Қара жермін, қасіретті
Иығымнан көтерген.
Бәрі бекер, бақыт бар деп
Шаттанғаным бекер - ақ.
Соққан желдер, өткен күндер,
Сол шаттықты кетеді ап.
Мен терекпін, жапырағын
Күзгі желге тонатқан.
Опасызбын, шетте тұрып,
Өз досына оқ атқан.
Шошына бер, ақ жүзіңді
Бір мен үшін сарғайтпа!
Енді қайтып басқа адамға
Маған айтқан әнді айтпа!
Екінші әуен
Сен жоқсың бүгін бұл қалада,
Сен жоқсың менің, аяулым.
Жатқандай жалғыз айдалада,
Ұйқымнан түнде ояндым.
Қақпадың келіп есікті сен,
Қаға ма деп көп күттім.
Келмедің, жаным, кешікті сен,
Сенсіз жылжып өті түн.
Өткен жоқ, жаным, өтпеді түн де.
Уақыт тұрып қалғандай.
Алысқа неге кетпедік берге,
Зымырап аппақ армандай.
Телефон үнсіз, дүние үнсіз,
Құртады - ау мына тыныштық.
Отырмын тілсіз, отырмын жарсыз,
Оңашаны туыс қып.
Ойымның кейде оты да өшті,
Тағы да бірге ұшам бе.
Қайтадан сенің күлкіңді естіп,
Қолыңды қайта қысам ба?!
****
Жарты бақыт жетеді маған, сұраман тіпті бүтінін,
Жарты бақыт, жарты бақыт, ұзарды сені күтуім.
Кештер - ай, кештер, қайыңдар әр сап, төбеден аппақ ай төнген,
Сол бақыттың өзі жалған болып келсе, қайтем мен.
О, құдай - ау, мен үшін бір қыз көзінен моншақ үзіпті,
Сорлы ғой ол да, соқыр ғой ол да, несіне маған қызықты.
Жүрегім біреу, тұрады онда бір ғазиз жан мекендеп,
Ұшады зәрем, сырымды білсе, ол да тастап кетер деп.
Мекендеп кімдер жүр екен, шіркін, сол жанның нұрлы жүрегін,
Білмеймін оны, сыртынан өзін көргенге мәз боп жүремін.
Үшінші әуен
Сен түсіме кіресің күнде менің,
Саған деген махаббат бұл дегенің.
Сен әр шырқа деген соң, ән шырқадым,
Сен үндеме деген соң, үндемедім.
Сен түсіме кіресің, бірақ саған
Мен телмірем көңілмен құр аңсаған.
Жыла дейсің айқайлап, мен жылаймын,
Омырауымды жасыммен жуа салам!
Толқытасың нұр толы жанарыңмен,
Көрінбейді жан - жағым қара гүлден...
Күл – демейсің, жарқырап күл – демейсің,
Түсімде де күле алмай барамын мен.
Төртінші әуен
Білемін, мен сүймейсің, құр ойнайсың,
Мен көрген сәттерде қуанбайсың.
Мен құлайтын құздан сен құламайсың,
Мен шақырған биікке шыға алмайсың!
Білемін мен, сүймейсің, біле тұрып,
Шарап ішкім келеді бір отырып.
Одан артық мен үшін жоқ қуаныш,
Шіркін, сенің көзің - ай көп сынағыш!
Бесінші әуен
Сен мені күтесің бе, келеді деп,
Әдемі жырлар жазып береді деп.
Біреуге айырбастай саласың ба,
Жүрегі жоқ болса да, беделі көп.
Адаммын мүмкін ашық, мүмкін жұмбақ,
Кетермін бұл өмірден бір күн жырлап.
Мен сенің көлеңкеңді қызғанамын,
Сыңғырлап төгілетін күлкің тұрмақ.
Мен саған өзімнен де көп сенемін,
Сен едің талай жылғы көксегенім.
Өмірден кетерімде саған ғана
Хош дермін, егер оған жетсе демім!
Құдайдан бақыт пенен күш тілемен,
Сен барда бақыт бастан ұшты демен.
Өмірден кетерімде сені ғана
Қимаспын мына жердің үстіне мен!
Алтыншы әуен
Аспаным түгел ашық емес менің,
Бұл көшіп естимін мен жел ескенін.
Альпінің құздарында қозы баққан
Баяғы жетім күнім елестедің.
Дәл бастым, тура жүрдім күнге қарап,
Орнымнан түрегелдім бір домалап.
Келетін сияқты ғой өшу қолдан,
Білмедім өсерімді кімге қарап.
Ішінде жүргендеймін сұр даланың,
Жете алмай сыбағамнан құр қаламын.
Келгендей құлағыма әлсіз даусы
Өлетін шағындағы сорлы анамның
Ол маған тірлік тілеп жұмды көзін,
Қалдырып кетті сый ғып күннің өзін.
Ол үшін арман болып қала берді,
Менің бұл жігіт болып жүрген кезім.
Мен оған жаутаңдаған әлі бөбек,
Жалғызым жетімсіреп қалды ма деп.
Мұңға бір оңашада батқан кезде,
Сорлы ана, сен тұрасың алдыма кеп!
Жетінші әуен
Кейде жаман түс көрем түніменен,
Жар құшағы суиды жалы деген.
Мен айқайлап оянам сол ұйқымнан,
Сонда дамыл алады ұлы денем.
Ұйқы деген қажытсын өте мейлі,
Тірлік ісін ол тегі өтемейді.
Өлген әке қасыма келеді де,
Алыстарға қолымнан жетелейді.
Жатады ғой көп арман ішімде өліп,
Қол бермейді аяулы кісім келіп.
Өз әкемнен өзін мен шошынамын,
Қара қошқыл қатігез түсін көріп.
Досым кейде жанымды жаралайды,
Жүрегіме жамайды қара қайғы.
Кенім, күдік аралас бұл тіршілік
Түнде менің қанымды аралайды.
Жоғалады жалт етіп үміт сан кеп,
Жерінемін көп достан, туыстан көп.
Ерте тұрып қараймын күн көзіне
Түндегінің барлығын ұмытсам деп!
Сегізінші әуен
Жүрегімде балталайды бір адам,
Қандай жаман күліп тұрып, жылаған.
Қайыршыдай қол жаямын жаутаңдап,
Көлеңкесін көргеніме қуанам.
Жүрдім, рас жастығымды тойлап мен,
Арман, шіркін, жеткізбей - ақ қойды, әттең.
Дүниедегі ең аяулым, қымбаттым,
Басқа адамның қолында деп ойлап па ем!
Ойладым, бәрі бардай өзімде,
Тасып жүрдім, өсіп жүрдім кезінде.
Со бір бұлттан, со бір топан жаңбырдан
Аман - есен келермісің сен күліп!?
Тоғызыншы әуен
Дос аз ғой менде, қайырымды досым аз мүлдем,
Алыстап кеттім балалық күннен, мәз күннен.
Шашымдай ісім сұйылып бара жатқандай,
Тұншығам кейде тереңге денем батқандай.
Алдадым кейде дос көріп жүрген адамды,
Алданып өту қасірет жанға, о, мәңгі!
Сенгендер сертте тұра алмай қалды, құлады,
Сондықтан жұртқа сенімім кейде жоғалды.
Сенемін күнге, мезгіліменен шығады,
Анама сенем, жанымды менің ұғады.
Одан басқа ешкімге мүлде сенбеймін,
Сендіріп жүріп, орға әкеп мені жығады.
Дау айтар мүмкін мұныма туған ел менің,
Таласар едім, көкте емес, әттең, жердемін.
О, қалай сенем, о, қалай сенем саған мен,
Өмірде маған әлі бір сеніп көрмедің.