Киім – кешекке қатысты ырым - тыйымдар
Киім – кешек. Қазақ халқы адамның денесіне, бас - аяғына киетін киім - кешекті қастерлеп, құрметтейді. Оған байланысты салт - дәстүр, сенім - наным, ырым көп. Қазақ киім - кешекті мұқият таза сақтап, киіп қажетке жаратады.
Теріс киме
Теріс киме бөркіңді, бұзып кетер көркіңді.
Ырым, сенім талайды, тәубесіне келтірді.
- Теріс кисе не етеді? Оған дәлел жетеді.
Алға басқан аяғың, кейін қарай кетеді.
• Киімді оң қолдан бастап киіп, сол қолдан бастап шешеді. Оң қолдан бастап киім кию жақсы ырым саналады.
• Киімді желбегей жамылмайды, өйткені екі қолы жоқ адам ғана киімді желбегей жамылып жүреді.
• Тозбаған киімді тастауға болмайды. Қазақ халқында тозбаған киімді тастау – жаман ырым. Егер оны адам кигісі келмесе, біреуге сыйлау керек.
• Көпшіліктің алдында жалаңаш - жалпы жүруге болмайды. Бұл әдепсіздік болып саналады.
• Өте ұзын немесе қысқа киім киюге болмайды. Бұлай киіну адам жұмыс істеген кезде қолайсыздық тудырады.
• Киімді сілкіп киген жөн, өйткені киімге жабысқан ұлы жәндіктер болса ұшып түседі.
• Қыздарға ер баланың киімін киюге болмайды. Ер баланың киімін кию жаман ырым саналады.
• Шалбар мен етікті тұрып киюге болмайды. Оларды соғыс кезінде ғана тұрып киетін болған.
• Киімнің жағасын басуға болмайды. Киім жағасын басу жаман ырым саналады.
• Жастық орнына шалбарды жастамайды. Шалбарды жастану настықтың белгісі болып саналады.
• Бас киімді тебуге, лақтыруға, теріс киюге болмайды. Жақсылықтың бәрі адамның маңдайына жазылады, сондықтан да бас киімнің орны ерекше. Бас киімді әрқашан таза, ұқыпты ұстап, босағаға емес, төрге ілу керек.
• Аяқ киімді төңкеріп қоюға, теріс киюге болмайды. Өйтсе, адамның жолы болмайды, жаманшылыққа ұшырайды.
• Бөтен адамға бас киім бермейді және айырбастамайды. Адам басы кемиді деп санайды.
• Садақаға киім берсе, оның түймесін қиып алады.
• Қос тымақ кигізбейді. Бұлай етсе екі қатын алады деп ырымдалады.
• Аяқ киімді тұрып киюге болмайды. Тек басына іс түскен кісі ғана аяқ киімді тұрып кимек.
• Ит көйлекті балаға жаны иттей берік болсын деп кигізеді.
• Көп жасаған немесе жақсы адам қайтыс болса, оның киімдері мен тұтынған заттарын ырым етіп бөліп алады.
Павлодар қаласының
Дарынды балаларға арналған №8 лицей - мектебі ММ
Абаильденова Нұргүл Қуандыққызы