Сенде өткізген артық екен бір күнім, Басқа жерде той тойламаған мың күннен

Скачать

Тұманбай Молдағалиев өлеңі

Күнім сенсің, тас төбемде тұрса түн,
Анам сенсің, жолдан тайсам, ұрсатын.
Саған қарай ұлып келем, туған жер,
Көктем жаққа құстар солай ұшатын.

Сенде көктем, сенде алма ағаш гүлі бар,
Аспанында аяулы елдің жыры бар.
Ақсұңқарың қанша биік ұшса да,
Саған келер, саған келіп жығылар.

О, туған жер, қадіріңді кім білген,
Мен қырыңнан теруші едім бүлдірген.
Сенде өткізген артық екен бір күнім,
Басқа жерде той тойламаған мың күннен.

Қайда жүрсем, ойлап сені жүремін,
Сүйікті елім, момын елім, ұлы елім.
Саған ғана арқамды мен сүйедім,
Саған ғана аяғымды тіредім.

Кетсем сенен арысырақ жыраққа,
Мен өзіңді көрмесем - ақ бір апта,
Жүдеп қалам, ұқсап қалам сонда мен
Құяр жерін таба алмаған бұлаққа.

Ақ қайыңдар, көк теректер, тыңдаңдар,
Жеңешелер, қарындастар, туғандар,
Көрініңдер, қарсы алдымнан шығыңдар,
Менде сендер оқымаған жырлар бар.

Әкел маған тұлпар атты ең мықты,
Көрсін дүние жүйріктікті, ерлікті,
Кең далада қалсын бойым жазылып,
Кең далада қалсын бойым жазылып,
Кең далада үйреніп ем кеңдікті.

Дәмем де зор үлбіреген гүліңнен,
Осы сенен қаламадым бүгін мен.
Қажетіңді аша алмасам егерде,
Қиып таста көктетпей - ақ түбімнен.

Тұманбай Молдағалиев басқа өлеңдері


Скачать


zharar.kz