Ақырын жылжып қана көктем келед, Сықылды жас жігіттің сәулетайы

Скачать

Қасым Аманжоловтың өлеңі
КӨКТЕМ
Төбеден төнген аспан, күн мен айы,
Тамаша жанға жайлы күн райы.
Ақырын жылжып қана көктем келед,
Сықылды жас жігіттің сәулетайы.
Күлімдеп кел тезірек, кел, көктемім,
Өмірдің рақатына тең көктемім.
Тігілген он бір қанат ұлы ордама,
Сұлудай тәжім етіп ен, көктемім.
Мен биыл он бір қанат орда тіктім,
Төрінен орын қойып сені күттім.
Жырыммен бетіңді ашып енгізейін,
Тезірек кел, көктемім, кел, сүйіктім!
Масайра, гүл - гүл жайнап, кел тезірек,
Сағынған жер анаң да тұр елжіреп,
Сүті ағып, алпыс екі тамыры иіп ,
Жадырап, жаны жібіп, күлімсіреп.
Жер күліп, аспан төніп құшақтасып, –
Бейне бір қосылғандай екі ғашық.
Асқандай аясынан айдын шалқып,
Кербез бел күнге қарап қойнын ашып.
Аспанда қаз бен үйрек қиқуласып,
Жерде еңбек ерлері жүр ән шырқасып.
Жайраңдап, қыза қайнап, күшін сайлап,
Маржандай, егінжайға, тұқым шашып.
Құлпырып ұлан - байтақ сәнді дала,
Тамаша думан - тойлы сансыз қала.
Бәрі де: көктем келед! дейді күліп,
Көктемге көңілдене, құмарлана.
Көңлі шат, жүзінде нұр бәрінің де,
Қайғыдан хабары жоқ кәрінің де.
Бақыттың дариясы шалқығандай,
Қарайды қуанышпен алтын Күнге.
Кел, көктем, күлім қағып қарсы алайық,
Арудай аймалайық құшақ жайып.
Қосылған сүйгеніне жас сұлудай –
Көктемім, көңілді елге, сен, лайық!
Көктемім – көңіл қошым, кел тезірек,
Көріктім көзің күн де, жүзің жібек.
Өмірді нұрға бөлеп, гүлге орайық,
Жаннаттай, жиһазыңды бер тезірек.
1937. Алматы
Қасым Аманжоловтың өлеңдерін қарау


Скачать


zharar.kz