Мұқағали Мақатаев
Керегі жоқ,
Керегі жоқ,
Керегі жоқ бәрінің!
Иненің де керегі жоқ,
Керегі жоқ дәрінің!
Кетсем егер, пленканың үзілген бір әнімен,
Қалсам егер, қара жердің жалғыз түйір дәнімін.
Дәрігерім, рақмет!
Meн әзірге өлмеймін!
Кешіре гөр!
Жүрегімді пышағыңа бермеймін.
Әуре болмай босат мені!
Енді алдыңа келмеймін.
Керегі жоқ, керегі жоқ,
Пышақтауға көнбеймін!
Қорықпаймын пышақтан да,
Қорықпаймын инеден.
Ине түгіл бұл жүректі найза - дағы түйреген...
Құпиямды көресің ғой, мен сондықтан именем,
Кешір мені,
Кешір мені!
Кетем ертең үйге мен.
Бауыр ісіп, бас айналып, бойда қаным тасыған,
Бәріне өзім кінәлімін, оның иесін жасырам.
Көп нәрсеге қуанам да, көп нәрсеге ашынам,
Ғылымға да, өзіңе де рақмет, бас ұрам!
Уақытым барады етіп, мен бір жаққа асығам...
Мұқағали Мақатевтың өлеңдері 1
Мұқағали Мақатевтың өлеңдері 2