БАЙСЕЙІТОВА Күләш (Гүлбаһрам) Жасынқызы (2.5.1912, қазіргі Алматы қ., —6. 6. 1957, Москва; Алматы қ-нда жерленді)- қазақтың ұлы әншісі (лирика-колоратуралық сопрано), қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері, КСРО халық артисі (1936). Б-нын табиғи муз. таланты ерте танылды. 1925-28 ж. Алматының пед. техникумында оқыды. Көркемөнерпаздар байқауында әншілік - өнерімен көзге түсіп, 1930 ж. Қазақ мемл. драма театрына қабылданды. Мұнда Н.В.Гогольдің "Үйленуінде" Агафья Тихоновнаның, М.Тригердің "Сүңгуір қайығында" Клавдияның, Б.Ж.Майлиннің "Майданында" Пүліштің, Қ.Байсейітов пен А.Шаниннің "Зәуресінде" Зәуренің, М.О.Әуезовтің "Еңлік -Кебегінде" Еңліктің рольдерін ойнады. 1933 ж. ашылған муз. студияда Б-ның муз. таланты бар қырынан көрінді. 1934 ж. Қазақтың муз. театры (қазіргі Қазақтың мемл. академиялық опера және балет театры) қойған Әуезов пен И.В.Коцыктың "Айман - Шолпан" муз. комедиясында Б. Айман образын муз. әрі сахналық жағынан асқан шеберлікпен мүсіндеді. Бұдан кейін Майлин мен Коцыктың "Шұғасындары" Шұға бейнесі Б-ның шеберлігі кемелдене түсекенін танытса, Е.Г.Брусиловскийдің "Қыз Жібек" операсындағы Жібек оның әншілік, артистік өнерінің кұдірет күшін оятып, табиғи талантын шырқау биікке жеткізді.
Брусиловскийдің "Жалбыр", "ЕрТарғын", "Алтын астық" және "Гвардия, алға!", А.А.Зильбердің "Бекет", И.Н.Надировтың "Терең көл" операларында ол Қадиша, Ақжүніс, Айша, Сайра, Зере, Раушандардың партияларын айтты. Әсіресе Ақжүніс бойындағы жарқылдаған алмастың жүзіндей өткірлігін, сынаптай толқып, мың құбылған аярлық мінезін, өштескен адамнан кек алар кезіндегі оның айла-тәсілі мен зымияндығын Б. асқан шеберлікпен бейнеледі, ал Ажар (А.Қ.Жұбанов пен Л.А.Хамидидің "Абайында") мен Сара (М.Төлебаевтың "Біржан-Сарасында", ҚСРО Мемл. сыйл., 1949) образдары оның шығармашылығының шарықтау шыңына жатады. Б классикалық опералардан Баттерфляй (Дж. Пуччинидің "Чио-Чио-санында"), Татьяна (П.И.Чайковскйидің "Евгений Онегинінде"), Тамара (А.Г.Рубинштейннің "Демонында") партияларын орындады. З.П.Палиашвилидің "Даисиіндегі" Маро мен Н.Г.Жигановтың "Алтыншашындағы" Алтыншашты алғаш қазақ сахнасына шығарды. Б. бұрынғы Кеңес Одағы халықтарының, қазақ халық композиторларының, Қазақстан композиторларының ән шығармашылығын насихаттап, концерттік әнші ретінде де кеңінен танылды. 1948 ж. концерттік-орындаушылық шеберлігі үшін ҚСРО Мемл. сыйл. лауреаты атанды. Ленин ордені және Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Б. есімімен Алматы қ-нда муз. мектеп және көше аталады. 1966 жылдан театр және кино саласы бойынша аса үздік жетістігі үшін респ-мыздың өнер шеберлеріне Б. атынд. сыйлық беріліп тұрады.