Сабақтың тақырыбы: Ахмет - сөз көсемі
Сабақтың мақсаты:
1. Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылығы, кітаптары, ғылыми еңбектері туралы мағлұмат беру.
2. Ақын өмірін оқушыларға үлгі ете отырып, өз елін сүюге, оның көркеюіне үлес қосуға тәрбиелеу
3. Оқушылардың танымдық деңгейін дамыту.
Сабақтың көрнекілігі: Ақын портреті, кітаптары, ақын туралы жазылған сөздер.
Сабақтың барысы:
1. Мұғалімнің кіріспе сөзі: Құрметті, ұстаздар, оқушылар. Тіл - ғасыр аманаты атты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің онкүндігі аясында өткелі отырған Ахмет - сөз көсемі атты танымдық сабағымызға қош келдіңіздер!
Бүгінгі сабағымыз 4 бөлімнен тұрады.
І бөлім. Ахмет Байтұрсынов - ағартушы.
ІІ бөлім. Ахмет Байтұрсынов – ғалым.
ІІІ бөлім. Ахмет Байтұрсынов - ақын, аудармашы.
ІҮ бөлім. Ахмет Байтұрсынов - көсемсөзші.
Сабағымыздың I бөлімі.
ІІ жүргізуші: Ахмет Байтұрсынов - қазақ халқының әлеуметтік өмірі мен мәдениетінде Қазан төңкерісіне дейін де, одан кейін де аянбай адал қызмет еткен ірі қайраткер, үлкен талант иесі, тарихта орны ерекше зор тұлға. Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда, қазақ халқының рухани көсемі болған Ахмет Байтұрсыновтың ұланғайыр еңбегі сан саладан көрінеді.
I жүргізуші: Ол - ең алдымен, қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашып, әрі қарай қазақ тілінде оқуын жалғастыруға көп күш жұмсаған ағартушы қайраткер. Осы мақсаты орындау үстінде ол қазақ тілін, оның дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын баяндап, талдап - танытқан зерттеуші әрі сол зерттеулерінің негізінде Әліппе мен түңғыш ана тілі оқулықтарын жазған автор
Келесі кезекте оқушылар Ахмет Байтұрсыновтың ағартушылығына тоқталады. (5 оқушы)
Сабағымыздың II бөлімі.
I жүргізуші: Ахмет Байтұрсынов - қыры мен сыры мейлінше мол адам. Қазақ оқушыларының бірнеше буыны сауатын Байтұрсыновтың Әліп - биімен ашып, ана тілін Тіл құралы арқылы оқып үйренді. Ахмет Байтұрсыновтың жас қазақ ғылымына еткен қызметі тіл білімі саласында емес, әдебиеттану саласында да айтарлықтай болды.
II жүргізуші: Ахмет Байтұрсыновтың Әдебиет танытқыш атты көлемді еңбегі - әдебиеттану ғылымы мен қазақ әдебиеті тарихына арналған түңғыш зерттеу жұмысы.
(7 оқушы ғылыми еңбектеріне шолу жасайды)..
Сабағымыздың III бөлімін бастаймыз
I жүргізуші: 1927 жылы Смағүл Садуақасов Ахмет Байтұрсыновты профессионал ақын деуден гөрі ірі қоғам қайраткері және ғалым деп тану дұрысырақ деп жазған болатын. Әйтсе де, Ахмет Байтұрсыновтың таланты да, беріп кеткен поэтикалық мұрасы да оның өте күшті, дарынды, ойлы ақын екенін танытады
II жүргізуші: Ахмет Байтұрсынов - ақын және мықты ақын. Оның өлеңдері Қырық мысал , Маса , Үзік деген аттармен 1912 жылдан 1922 жылға дейін бірнеше рет жарияланған.
(3 оқушы ақындығына шолу жасайды және өлеңдерін жатқа айтады)
I жүргізуші; Қалай да халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген ақын ұлы Абай тапқан соқпақ, орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойынсұнады. И. А. Крылов туындыларын аударып, Қырық мысал деген атпен 1909 жылы Петербургте бастырып шығарады.
II жүргізуші: Мысалдарда әр түрлі аңдар, әр түрлі адамдар кейпінен хабар беріп, ишара тұжырым жасалады. Кісілердің мінезі, өмір ағысы, тағдыр сабағы, заман қабағына қатысты көптеген жайттарды, әсіресе, патша отаршыларының зорлық - зомбылығы, жуандардың, байлардың тепкісі, елдің азып - тозуына байланысты сарындарды Ахмет Байтұрсынов жұмбақтап, тұспалдап жеткізеді.
(3 оқушы мысалдары туралы айтады, З оқушы мысал айтады)
Сабағымыздың ІҮ бөлімі.
I жүргізуші: Өз кезеңі үшін орны зор, мәні үлкен ұлттық баспасөз органдары - Қазақ газетінің редакторы болған, Айқап журналының беттерінде жиі - жиі ой - пікірлерін білдіріп отырған, қоғам тағдырына үңіле білген Ахмет Байтұрсыновтың публицистикаға бармауы мүмкін емес еді.
II жүргізуші: Өйткені публицистика дегеніміз әлеуметтік көкейтесті мәселелерді сөз етіп, қоғамдық ой - пікірге ықпал жасайтын әдебиет жанры болса және ол көбіне - көп баспасөзде көрінетін болса, бұл екі шарттың екеуі де А. Байтұрсыновтың публицистикадағы орнын тауып береді. (3 оқушы шолу жасайды)
I жүргізуші: Сөйтіп, Ахмет Байтұрсынов, біріншіден, қазақ тілінің әліппесі мен оқулықтарының авторы, соңынан із салған жаңашыл ағартушы. Екіншіден, араб графикасына негізделген қазақ жазуының реформаторы. Үшіншіден, қазақ тілі мен әдебиетін, мәдениетін зерттеуші тұңғыш филолог, тарихшы ғалым. Төртіншіден, ол қазақ халқына адал қызмет еткен ірі қоғам қайраткері.
ІІ жүргізуші: Міне, Қазақ халқының абзал ұлдарының бірі, ХХ ғасырдың бас кезіндегі үркердей шағын топ - демократтық бағыттағы қазақ интеллигенциясының ең ірі, ең беделді өкілі, бір емес екі рет заңсыз жазғырылып, сталиндік саясаттың құрбаны болған Ахмет Байтұрсыновты осылай танимыз.