“Жарайсыңдар” (сыныптан тыс интеллектуалды тапқырлар кеші)
Сайыстың мақсаты: Мұғалімдер мен оқушы арасындағы байланысты нығайту шапшаңдыққа баулу. Оқушылардың химия, биология пәніне қызығушылығын, ынтасын арттыру, ой - өрісін және танымдық қабілеттерін, шығармашылыққа баулу, өз ойын еркін жеткізе білу және өткенді шапшаң еске түсіру дағдыларын қалыптастыру, әділдікке, намысқойлыққа жетелеу.
Жүргізуші: Құрметті ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі Жарайсыңдар атты білгірлер мен тапқырлар кешіне қош келдіңіздер! Сайысымызды бастауға рұқсат етіңіздер.
Сценадағы көрініс: хан тағында отырады, екі жағында екі нөкері желпеуішпен желпіп тұрады. Сұлтан алдында екі қыз бала шығыс би билейді.
Хан:- Жалықтым (дейді қолын бір сермеп, жан – жағына қарап жүреді).
Хан: - мүмкін сенің басыңды шабармын, уақытым қызық өтетін шығар – дейді
(сцена артында сиренаның дауысымен, шу басталып кетеді)
Хан нөкерлеріне қарап: - не жағдай, барып біліңдер!!!! – дейді хан.
(Екі ұл жүгіріп кетеді де, бір топ оқушылармен ұстаздарды алып келеді)
Хан: - мыналар не қылған балалар.
Оқушы (Ерсін): – біз Ушинский атындағы орта мектебінің оқушыларымыз.
Хан: - өздерің қызық киім киіп алған екенсіңдер. Біздің ғасырымызға қайдан келіп қалдыңдар?
Оқушы(Алмагүл): біз химия сабағында тәжірибе жасап отырғанбыз, көрші физика кабинетінде оқушылар машина уақытын жасап, ұстаздарға көрсетіп жатқан еді, бір кезде шу, дүрсіл естіліп біз осында келіп қалдық.
Хан: жарайды түсінікті. Енді маған құлақ салыңыздар, егерде мені қызықтырып, таң қалдырсаңдар өз замандарыңызға қайтарам.
Оқушылар: олай болмаса ше...........
Хан: олай болмаса бастарыңмен қош айтысасыздар.
Ұстаздар: ендеше сайысымызды бастайық
Хан: сайыстарыңызды бастамас бұрын менің сусыным бітіп қалды, маған сары... жоқ қызыл түсті сусын даярлап беріңіздер. (оқушылар реакция орындап, қызыл түсті сусын дайындап береді де ханға ұсынады)
Сонда Таңшолпан: тоқтаңыз сұлтан түсі бар сусын ішкен адам ағзасына зиян, ақ су ішкен пайдалы (дейді де сусынды ағартады.) мінекей ішіңіз.
(осы кезде оқушылар бір дөңгелек үстелге қарама - қарсы дөңгелек үстелге ұстаздар отырады)
Жүргізуші: Уа, Халайық, халайық,
Бәріне жар салайық,
Бүгінгі кеш төрінде
есеп шешіп, аңдысып,
Шабыт тасып шалқысып
Көңілді кеш жасайық! - деп алған білім, өлең - жыр, жұмбақ, өнерімізді барымызды ортаға салайық.
Қазылар орнықтырар әділдікті
Кімдердің жауаптары кәміл шықты
Білім мен тапқырлықтың сайысында
Жеңіске жетер дейміз нағыз мықты дей отырып, әділқазы алқаларын таныстырып өтейік:
Жүргізуші: Сәлем бер, елге сәлем бер,
Таныстыр көпке атыңды
Сәлем бер, көпке сәлем бер
Шығаршы қане атыңды - дей келе
Алдарыңызда Мұғалімдерден құрылған Ойшылдар тобы.
Оқушылардан құрылған Күн әлемі тобы.
Топтарымен, ұрандарымен таныстырады.
Тапқыр, білгір, дарынды
Жарыс бар бүгін арынды
Жаратылыстану пәндерін сүйсең сен
Ортаға сал барыңды -
деп, сайысқа қатысушы топтарға сәттілік тілей отырып, сайысымыздың алғашқы турын бастасақ.