Отырар (Фараб) ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүрі, топ жарғаны-Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» («Әл-Мұғаллим ас-Сани»), «Шығыстың Аристотелі» атанған ұлы ғұлама Әбу Нәсір әл-Фараби. Оның толық аты –жөні Әбу Нәсір Мұхаммад бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби.Яғни әл-Фарабидің өз аты Әбу Нәсір Мұхаммад, әпкесінің ныспысы да Мұхаммад, бабасының есімі Тархан, арғы атасы–Узлағ. Түрік оқымыстылары Әбу Нәсір ныспысының соңына кейде «әт-түрки» деген сөзді қосып, оның түркі текті екенін шегелей түседі.
Араб, парсы шежірелерінің деректеріне қарағанда әл-Фараби 870 жылы Арыс өзенінің Сырға құяр тұсындағы Фараб (Отырар) қаласында, қайсыбір деректерде–оның тікелей ықпалында болған іргелесі Уасиджде (Оқсыз) отырарлық әскербасының отбасында дүниеге келген. Ол туған жерінің атауымен «Әл-Фараби», яғни «Фарабтық» деген атқа ие болған.
Әл-Фараби алғашқы білімін Отырар медреселерінің бірінде алғанға ұқсайды. Өйткені, «көне дәуірден қалған бір деректерге қарағанда, Мәуреннаһрда балаларды түрлі қолөнер мен ғылымға үйрету, баулу, оқыту олардың бес жасар кезінен басталатын болған».
Ол кезде мұсылман дүниесінің рухани орталығы Месопотамия болғандықтан, жас Әбу Нәсірді ата–анасы Таяу және Орта шығыс елдеріне сапарға дайындайды. Бірақ Әбу Нәсір Бағдадқа бармас бұрын жолай Шаш ен Самарқан, Бұхара шаһарларына соғып, білімін молықтырған секілді. Әйтсе де Әбудің мұнда қанша болғаны жайлы араб шежірелері ештеңе айтпады. Кейін ол жолай Иран еліндегі Мешһед, Нишапур, Рей, Исфаһан қалаларына келеді. Иран халқының мәдениетімен танысады. Содан соң әрі қарай Бағдадқа аттанады.
Әбу Нәсірдің Бағдадқа баруының өзіндік себептері бар болатын.
Атағы әлемге әйгілі шығыстанушы ғалым В.В.Бартольд (1869-1930): «ІХ-Х ғасырларда ғылыми жұмыстар негізінен Басра мен Харранға шоғырланды. Антиохиядан грек ғылымы да осында қоныс аударды. Бағдад-бүкіл мұсылман әлемінен, әсіресе, Иран мен Орта Азиядан шыққан әдебиетшілер мен ғалымдарды өзіне тартты»-деп жазған. Ал, «әл-Фараби өмір сүрген кезде ұзаққа созылған соғыстан кейін Орта Азия арабтардың қол астына бағынып, халифат құрамына енген болатын. Араб халифатының үлкен мәдени орталығы Бағдад болған. Басып алынған жерлердің қазынасы да осында әкелінген. Тигр мен Евфрат алқабындағы Бағдад, әсіресе Басра мен Харран жаңадан пайда болған араб тілді мәдениеттің, жаратылыстану және қоғамдық–фәлсафалық ғылымның орталығы болып алғандықтан, ғылыммен әуестенгендер халифаттың түпкір-түкпірінен осында ағылып жатқан. Білімін молықтыру үшін әл-Фараби де Бағдадқа аттанған.
Әбу Нәсірдің Бағдадқа келген кезде мұнда зерделі зерттеулерімен атағы шыққан Йуханна бин Хайлан, Әбу Башрматта, Әбу Бәкір бин Сираж сияқты белгілі ғалымдар ғұмыр шегіп жатқан-ды. Әл-Фараби медицина ғылымы мен логиканы осы Йуханна бин Хайланнан, жаратылыстану ғылымдары мен грек тілін Әбу Башр маттадан үйренеді. Ал, Әбу Бәкір бин Сиражға өзі логиканы үйретіп, одан астрономияны үйренген. Оны Ибн Хәлликанда растайды. Әйгілі тарихшының деректеріне сүйенсек, Әл-Фараби «Бағдадқа келген кезде мұнда мәшһүр фәлсафашы Әбу Бишр бин Йунис тұратын. Ол қарт еді, жамағатқа логикадан дәріс оқитын, өзі де осы пән бойынша көптеген еңбектердің авторы болатын. Ол Аристотель ілімінің (оны түсіндіру жөнінен), әсіресе логика саласының маманы еді». Ибн Халликан Әл-Фарабидің Бағдатқа көп бөгелмегендігін ескертеді. Расында да Әбу Нәсір көп ұзамай Ирактың оңтүстігіндегі Харран шаһарына аттанып, сонда бірер жыл дәріс алады да, білімін молықтырып, Бағдадқа қайтып оралады. Бар ынта –жігерін фәлсафаны зерттеуге арнайды.
Әл-Фараби логика, әуез (музыка), астрономия және басқа ғылымдар бойынша көптеген еңбектер жазған. Ибн Халликан өз еңбегінің тағы бір жерінде жерлесіміз жайлы: «Ол-аса ірі мұсылман фәлсафашыларының бірі. Олардың ешқайсысы да оның шығармаларын жазу үстінде оның еңбектерін пайдаланғанын, сол арқылы мәшһүрлікке қолы жеткенін еске алады»-деген.
Әл-Фараби жиһанкездікті ұнатқан. Арада біраз жылдар саналып, Бағдадтан Шамға келеді, бірақ мұнда ұзақ аялдамастан, Мысырға сапар шегеді.
Әбу Нәсірдің Мысырға келуі онда 935-946 жылдар арасында патшалық құран Мұхаммад ибн Тұғұж әл-Ихшидтің кезімен тұспа-тұс болады. Мұхаммад ибн Тұғұж әл-Ихшид әл-Фараби сияқты түркілердің әскери отбасынан шыққан екен. 935 жылы ол Мысыр басқағы (әміршісі) боп тағайындалған. Халиф ар-Радидан (934-940ж патшалық құрған) ихшид атағын алады. Араб шежірелерінде бұл атақтың мәні айқындалмаған, бірақ Мұхаммад ибн Тұғұждың ата-бабасы мекендеген Орта Азияда ол құрметті лауазым болған. Мысарда патшалық құрған кезде ол әл-Фарабиді жерлесі ретінде қонаққа шақырса керек, бір-ақ бабамыздың Мысырда қанша уақыт болғаны жайлы араб деректерді ештеңе айтпады.
Әл-Фараби өздігінен оқып жетілген ғалым. Ол ең алдымен грек ғылымын, оның фәлсафасын, әсіресе ұлы ұстазы Аристотельдің еңбектерін қызығын оқыған. Ибн Халликанның айтуына қарағанда Әбу Нәсір Аристотельдің «Метафизикасын» қырық, «Жан туралы» еңбегін жүз, ал «Риторикасын» екі жүз рет оқып шыққан сияқты. Осындай ыждаһаттылығының арқасында ғана ол Аристотельдің ғылыми мұрасын еркін игерген.
Орта ғасырлық тарихшылар оның қарапайым, аса қанағатшыл, жұпыны ғана киініп, той-думан, ырду-дырдудан бойын барынша аулақ ұстаған адам болғанын тәпіштей жазған. Күндіз ол көбінесе қаладағы бақта күзетшілік қызмет атқарып, тапқан ақшасына сатып алған шырақ жарығымен түні бойы кітап оқумен шұғылданаған.
Біз әл-Фарабидің алғашында фәлсафашы ретінде танылғанын айттық. Оның фәлсафалық еңбектерінің басым көпшілігі арналған. Әбу Нәсір Аристотельдің «Категория», «Бірінші және екінші Аналитика» сияқты фәлсафалық және логикалық шығармаларына түсіндірмелер жазған.
Сондай-ақ өзі де «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқаарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғылымдардың шығуы», «Бақытқа жету» сияқты т.б. көптеген трактаттар туындатқан. Бұл еңбектерінде ол дүние, қоғам, мемлекет және адамдардың өзара қарым-қатынасы туралы өз заманы үшін соны ой-пікірлер айтады. Орта ғасырлардың өзінде-ақ Әбу Нәсір қанаусыз, зорлықсыз бақытты қоғам орнату жөнінде батыл болжам жасалған. Мұндай қоғамның тууын ол мемлекет басшысының ақылымен, білімімен, адамгершілігімен байланыстырған.
Әбу Нәсір әл-Фараби ғылымының фәлсафа, логика сияқты салаларының іргетасын қайта қалаған, әр ғылым саласын игеру жағын көтере отырып, олардың мәнін айқындап, мазмұнын ажыратуға тырысқан. Әуез жайлы да күрделі зерттеулер жүргізген математика саласында үлен жаңалықтар ашқан, астрономия жайлы кесек-кесек еңбектер қалдырған, физика ғылымында да тың ойлармен байытқан. Жаратылыстану ғылымының медицина, химия, минералогия секілді аса маңызды салалары бойынша күні бүгінге дейін мәнін жоғалтпаған еңбектер жазған. Көне грек оқымыстыларының пікірлеріндегі озық қағидалары талданған.
Көрнекті шығыстанушы ғалым, академик Б.Ғафуров (1908-1977) әл-Фарабидің ғылымға деген құштарлығы таңқаларлықтай алуан салалы болғанына тоқталады. «Біз,-дейді ол,-ұлы ғұлама жазған еңбектер ішінен математикаға, медицинаға, әуез теориясына, алхимия мен магияға арналған дүниелерді көреміз. Ұлы ғұлама фәлсафаның, логиканың, таным-наным теориясының психологияның, этиканың (әдеп), саясат пен социологияның сан қырлары жөнінде пікірлер айтып, келелі еңбектері жазған. Әл-Фараби атыцн бүкіл әлемге танытып, оны дүние жүзі мәдениетін жасаушылардың алдыңғы легіне қосқан да оның осы салалардаағы еңбектері».
Әл-Фараби педагогика, психология, эстетика мен акустика, астрономия мәселелерін де терең зерттеп, мәдениет пен ғылымға жемісті үлес қосқан. Сондай-ақ, ол парасаттылық пен ағартушылықты жақтаған үлкен гуманист. Әбу Нәсір-халықтарды бейбіт өмір сүруге, достыққа шақыра отырып, адам баласының білім мен парасатты ойын терең бағалаған кемеңгер. Иә, сөйтіп Әбу Нәсір метафизика, тіл білімі, логика, жағрафия, этика т.б. ғылым салаларын қамтитын жүз елуге тарта трактаттар жазған.
Әл-Фараби өмірінің соңғы жылдарын Шамның Халаб қаласында өткізді. Осы жердің әміршісі Сайф ад-Дауланың (?-967) сарайында тұрған, кейбір деректерге қарағанда оның дәрігері болғанға ұқсайды. Бірақ онда да ұзақ тұрақтамаған.
Ибн Халликан шежіресінде Әбу Нәсірдің Халабқа алғаш келген кездегі Сайф ад-Дауламен танысуы жайлы қызықты деректер келтірілген. Мысырдан қайтып оралған бетінде әл-Фараби Сайф ад-Даула өзінің нөкерлерімен мәжіліс құрып отырған үстіне кіріп келгенде, Сайф ад-Даула оған «Отыр!» деп әмір етеді. Әл-Фараби: «Қай жерге отырайын, сіз отырған жерге ме, жоқ әлде өзім тұрған жерге ме?»-дейді. Сонда Сайф ад-Даула: «Өзіңе қай жер лайық деп тапсаң, сол жерге отыр»,-дейді.
Әл-Фараби Сайф ад-Дауланың қасына келіп, оны орнынан ығыстырыңқырап қасына жайғасады. Әміршінің өзі және бірнеше нөкері ғана білетін құпия сарай тілімен оларға: «Мен мына кісіге қазір бірер сұрақ қоямын, егер ол лайықты жауап бере алмаса, жазалаңдар»,-дейді. Сонда әл-Фараби іле-шала Сайф ад-Дауланың өзі жаңа ғана сөйлеген құпия тілімен «0, әміршім, сәл сабыр ет. Әр істің артын баққан жөн болар!»-деген кезде, ол қайран қалып: «Апырай, сіз бұл тілді қайдан білесіз?»-дейді. Сонда әл-Фараби: «Ия, мен жетіске жуық тіл білемін»-деген екен.
Бұдан кейін әл-Фараби Сайф ад-Даула мен оның сарайындағы әнші, ақын, ғалымдармен өнер жөнінде сұхбаттасады.
«Сайф ад-Даула сарайға әуезшілер келсін деп бұйырады. Олар аспаптарында ойнаған кезде әл-Фараби әуезшілерді тоқтатып, ескерту, түзетулер жасап отырады. Сонда Сайф ад-Даула: «Сіз бұл өнерді де жақсы білетін бе едіңіз?»-деп сұрайды. Ол: «Иә»-деп жауап береді. Сөйтеді де, беліндегі сахтиан кісесін шығарып, ішін ашады, одан жіңішке аспапты алып, құлақ күйін келтіріп, ойнауға кіріседі. Жанға рақат саз шығып, күйін басқаша келтіріп, тағы да ойнауға кіріседі. Аса мұңды саз құйылып, отырғандар егіліп жылай бастайды. Ақыранда ол аспаптың құлақ күйін тағы да басқаша келтіреді де, ойнауға кіріседі, сонда баршасы, тіпті әмірдің нөкерлеріне дейін мүлгіп ұйықтап кетіпті. Оларды сол ұйықтаған қалпында қалдырып, ол сарайдан шығып, кетеді».
Иә, Сайф ад-Даула өз сарайына сол замандағы аса дарын дылар ды жинай білген еді. Мұнда Әбу Нәсір сияқты арабтың ақиық ақыны әл-Мутанабби
(9-15-965) де айрықша ыстық ілтипатқа бөленіп, өзінің біраз жылдарын өткізген болатын.
Араб әдебиетінің классигі, жауынгер ақын-әл-Мутанаббидің шығыс және әлем әдебиетіндегі орны ерекше. Көрнекті араб әдебиетшісі-профессор Әбд әл-Уаһһаб Аззам зерттеулерінде әл-Мутанабби жайлы: «Ахмад әл-Мутанабби ұрыс тақырыбындағы касидаларымен өзге ақындар немесе қарасөз зергерлері шыға алмаған шыңға көтерілді. Бұл араб ақыны өлеңдерінің қуаттылығы сонша, оған теңесетіндер жоқ. Тіпті «Илиада», «Шаһнаме», римның «Энейдасы» немесе үндінің «Махабхаратасы» мен «Рамаянасы» әл-Мутанаббимен үзеңгі қағыса алмайды»-дейді.
Сол әл-Мутанабби Әбу Нәсір әл-Фарабимен атақты Сайф ад-Дауланың сарайында өмірінің бірер жылын бірге күнге өткізген. Біздің әл-Фарабиді зерттеуші ғалымдарымыз әлі күнге дейін оның өмірбаянын жазғанда Әбу Нәсірдің Сайф ад-Даула сарайында тұрғанынан басқа ештеңе айта алмайды. Сондықтан да біз араб тарихшыларының жазбаларына сүйене отырып, осы екі дүлдүлдің бізге бимағлұм өткізген жылдарына үңіліп, белгісіз жәйттердің аз да болса бетін ашуды жөн көрдік.
Әл-Мутанабби тек шайыр ғана емес, жауынгер ретінде де танылған. Ақын талай рет түрлі жорықтарға қатысып, ерліктер көрсеткен. 946 жылдары майданда бірге болған досы Бадр бин Амшардың шақыруымен Шамдағы Антакия қаласына келеді.
948 жылы осы кішкене қалаға Византия жорығынан қйтып келе жатқан Сайф ад-Даула тоқтайды. Оған ер мсінезді әл-Мутанабби ұнап қалады. Әмірші оны өз сарайына шақырады. Ол кезде Сайф ад-Даула сарайында әл-Фараби де тұрып жатқанды. Әбу Нәсірдің 73-ке, ал әл-Мутанаббидің 33 жасқа шыққан кезі. Сарайдағы ақындар мен фәлсафашылардың ұстазы, әрі атақтысы да әл-Фараби болғандықтан, Әл-Мутанабби оны өзіне ұстаз тұтады.
Арада көп уақыт өтпей-ақ олардың атағы алысқа кетеді. Сонымен қатар бақталастары да көбейе түседі. Әл-Мутанабби қызықты бір кеште өлеңін оқиды:
Бізді (Әл-Фараби мен өзін айтып отыр) осындағылардың бәрі біледі. Өйткені, біз әмірші сарайындағы екі жүзді, жорғалап жүретіндерден емеспіз. Менің достарым-қас тұлпар, қою түн, кең дала, алмас қылыш, өткір найза, қалам, қағаз»-деп, ол сарайдың күншіл ақынсымақтарын жерге соғады. Бақталастар одан сайын көбейе түседі. Оның үстіне өсекшілерге иланған Сайф ад-Даула бірте-бірте қырын қабақ таныта бастайды.
Бірде әміршіл алдында парсы текті әдебиетші Ибн Халуайх (980ж.қ.б.) әл-Мутанаббиге сын ескертпе жасағанда ақынның арқасы қозып: «Иә, сен араб емессің, парсысың, саған араб тілін білу қайда?!»-де қалады. Жарыла жаздаған Ибн Халауайх ауыр кілтпен әл-Мутанаббидің басынан ұрады, ал жан-жалдың басы-қасында болған Сайф ад-Даула ләм деп ауызын ашпайды». Әл-Фараби бұған қатты қапаланады, әл-Мутанаббиге жасалған қиянат оны торықтырады. Ақыры әмірші сарайын тастап, Халабтан әл-Мутанабби секілді ол да кетіп қалады.
Әбу Нәсір әл-Фараби 950 жылы қайтыс болған. «Фараби қазасы туралы оны Шамда қайтыс болған десе, екіншісінде Әбу Нәсір қасына бірнеше адам ертіп, Асқалан қаласына бара жатқанда жол торыған қарақшылардың қолынан қаза тапқан. Сайф ад-Даула қарақшыларды тауып, дарға асқан». Бір таңқаларлығы, арада он бес жыл өткеннен кейін Әл-Мутанабби де дәл осындай қайғылы қағазға ұшырған. Әл-Мутанабби қасына баласын ерітіп, Уасыттан Бағдадқа келе жатады. Күн ыстық болса керек. Рахте қаласынан өте бере Фатих бин Джаһл әл-Асади бастаған қарақшылар әл-Мутанаббиге тосқауыл қояды. Айдалада тоқтатады. Әл-Мутанабби кейінгі жылдары жазған өлеңдерінің жаазбаларын қарап келе жатса керек. Айталмыш қарақшы әл-Мутанаббиді қылышен шауып түсіреді. Шайырдың қолындағы өлең дері құмда шашылып қалады».
1944 жылы Каирде әдебиетші ғалым Аббас Махмуд әл-Аккадтың (1889-1964) Әл-Фарабиани» атты зерттеуі жарық көрді. Автор онда жерлесіміздің фәлсафалық толғаулары туралы айта келіп, ұлағатты ұстаздың поэзиямен де айналысқанында басқа назар аударады. «Сайф ад-Дауланың сарайыны жиналған даңқойлар мен ақындар аптаның әр күні әдемі, әуезді, бұлбұлды баққа барып, мүшайраға түсетін. Әбу Нәсір әл-Фараби де оған жиі қатысатын. Ол өзгелердей емес Сайф ад-Дауланың өзімен келіп, әкімнің жанына отыратын. Білімпаз әмірші... Әл-Фарабидің фәлсафалық тұжырымдарын да, өлеңдерін де қатты ұнататын, сүйсіне тыңдайтын. Мұндай санаткерлік сынға араб-парсы ақындарының сайыпқырандары ғана қатысатын» -дей келе. Отырардан шыққан ойшылдың бірер өлең жолдарын келтіреді.
Қайтейін мен көкжиек көңілімді,
Келер күнге үмітпен жол ашамын,
Қос шөлмекпен өткіздім өмірімді,
Сенім артып тұр соған болашағым.
Бір шөлмекте көк сия толып тұрса ,
Екіншіде шарап бар жәйі мәлім.
Даналықты сиямен молықтырсам,
Шараппенен шерімнен айығамын. (Ауд.Аян Нысаналин)
Бұдан тіршіліктің телегей тебірене кешіп, болшаққа үлкен үміт артқан жерлесіміздің тағдыры көз алдымызға келеді.
Бара-бара оны салтанатты сарайдың сәулеті де, дәулеті де қызықтыра алмайды. Кетуге бел байлайды. Бір жағынан, жоғарыда айтылғандай, әмірші айналасындағылардың бақталастығы, сыздаған жанына сызат түсіргені бұл байламына қамшы болады.
Ақыры әмірші сарайынан кетіп қалған Әбу Нәсір қай жерде болсын аса қанағатшыл болыпты. Оның артынан Сайф ад-Даула жтіберіп тұрған төрт дирһемді ең зәру қажетіне жаратып, қалғанын жарлы-жақыбайларға үлестіріп отырған. Сонымен қатар Аббас Махмуд оның өлеңді араб тілінен басқа парсыша да жазғанын қадалып айтады.
Иә, сөйтіп ол тек ғұлама ғалымдығымен ғана емес, жыр пырағын ерттеп мінген ақындығымен де дараланған. Оның әдеибет пен тілдің өзекті мәселелеріне байланысты айтқан тұжырымдары топ жарған талай-талайлары тамсандырған.
Әбу Нәсірдің «Өлең туралы трактат» жазғаны белгілі. Көрнекті неміс шығыстанушысы Морис Штейншейдер де (1816-1907) бұл жайлы өз еңбегінде атап көрсеткен. Ағылшын арабисі Д.С.Марголиус те (1858-1990), «Екінші ұстаздың» аталмыш трактатты жаазғанын айта келіп, оның жоғалып кеткеніне қатты қынжылған. 1972 жылы Мәскеудегі Ленин атындағы кітапхананың Азия және африка бөлімінде Италияның «Ориэнто модерно» (Қазіргі шығыс») атты журналын қарап отырып, одан арабист Артур Дж.Арберридің 1936 жылы Индияға барған сапарында осы елдің ұлттық кітапханасынан («индия оффис лейбрари») әл-Фарабидің «Өлең туралы трактатының» табылғанын қуана хабарлағанын оқыған едім. Ол кісі трактат көшірмесінің ХVII ғасырға жататынын, сөйтіп, оның әлі күнге дейін Үнді ұлттық кітапханасында сақтаулы екендігін айтқан.
Әл-Фараби шығармаларының басым көшілігі әлі де араб тілінен аударылмай, зерттелмей жатыр. Астрономия, логика әуез жайлы еңбектері де күні бүгінге дейін терең зерттеле қойған жоқ. Ал кездейсоқ қолға алған зерттеушілер болса, оларды тек шет пұшпақтап қана қарап жүр. Әбу Нәсірдің көптеген туындылары дүние жүзі кітапханаларында сақталуы, бізге бей-мағлұм күйде. Демек, оларды іздестіру, жарыққа шығару, сөйтіп халықтың игілігіне айналдыру-болашақтың зор міндеттерінің бірі.
Дүние жүзінің көптеген ғалымдары Әбу Нәсірдің өмірі мен шығармаларын орта ғасырларда-ақ зерттей бастаған. Міне, ол бүгінге дейін жалғастырылып келеді. Осы ретте араб және парсы тілдерінде жазған Ан-Надим (Хғ), әл-Байһақи (Хғ), Ибн Санд әл-Қифти (ХІІІғ), Хаджи Халифа (1657ж.қ.б.), (латын қ.б.) тағы басқаларыдың ең тұсынан бастап әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы көптеген Европа ғалымдарының назарының назарын ерекше аудара бастады. Әл-Фараби ілімімен жақсы таныс болған, одан көп үйренген Маймонид (1135-1204), Родэр Бэкон (1214-1294), Леонардо да Винчи (1452-1519), Спиноза (1632-1677) тағы басқа да көптеген Батыс Европа ғалымдары Отырар перзентінің өмірі мен еңбектерін арнайы зерттеген.
Мәселен, өткен ғасырда неміс ғалымдары И.Г.Л.Козегартен (1792-1860) мен Г.Зутер (1848-1922) әл-Фараби жөнінде арнайы еңбектер жазған. Немістің екінші бір көрнекті ғалымы Фридрих Диетереци (1821-1903) 1888-1904 жылдардың өзінде-ақ «әл-Фарабидің философиялық трактаттары» деп аталатын жинақты жарыққа шығарған. Оған Әл-Фарабидің бірсыпыра философиялық шығармаларының арабша текстері мен олардың неміс тіліне аударылған нұсқаулары енген. Үшінші бір неміс ғалымы Карл Брокельман (1863-1956) 1886-1937 жылдар арасында «Араб әдебиетінің тарихы» деп ата латын көп томды биобиблиографиялық еңбегінде Әбу Нәсір шығармашылығына едәуір орын берген. Сондай-ақ американ ғалымы Дж.Сартон (1884-1950), түрік ғалымдары А.Сайылы мен Х.Үлкен (1950ж) фарабитану ғылымымен арнайы шұғылданған. 1950жылы Түркия жұртшылығы Әбу Нәсір әл-Фарабидің қайтыс болғанына 1000 жыл толуын үлкен салтанатпен атап өткен. Түрік ғалымдары Әл-Фараби мұрасының едәуір бөлігінің арабша текстерін түрікше, ағылшынша аудармасымен қоса жарияланған.
Америкадағы Питтсбург университетінің проифессоры Николас Решер көптен бері Әл-Фараби және оның шәкірттерінің ғылыми мұрасын зерттеумен айналысып келеді. Н.Решер ұзақ ізденіс нәтижесінде 1962 жылы ағылшын тілінде «Фараби. Аннотацияланған библиография» деп аталатын аса құнды еңбегін жарияланған. Мұнда мың жыл бойында әл-Фараби жөнінде кім не жазды, Әл-Фараби шығармалары қай тілдерге аударылды деген мәселеллерге баса назар аударылған.