Ұлы Дала еліХАЛЫҚ ӨЛШЕМДЕРІӘлбетте, халық өлшемдері ұлт мәдениеті һәм этнографиясының қызықты салаларының бірі болып саналады

Скачать

Ұлы Дала елі
ХАЛЫҚ ӨЛШЕМДЕРІ
Әлбетте, халық өлшемдері ұлт мәдениеті һәм этнографиясының қызықты салаларының бірі болып саналады. Халық айтса қалып айтпайды дегендей халық өлшемі анық өлшем десек қателеспейміз. Өйткені оны ата-бабаларымыз бірнеше ғасырлар бойы қолданып һәм сол арқылы өлшем негіздерін жасаған. Ендеше, халық өлшемдерінің негізгі түрлеріне жеке - жеке тоқталып көрейік. Мұны халықтың өзі белгілегеніндей салмақ өлшемі, көлем өлшемі, уақыт және мезгіл өлшемдері деп бөлуге болады.

Салмақ өлшемдерін халық былайша жіктеген. Айталық, мысқал (1 г), қадақ (750 г), келі (1 кг), пұт (16 кг), батпан (100 кг). Бұл өлшемдермен бірге халық салмағынан жер ойылғандай, түйеге жүк болғандай деген сияқты бейнелеу, теңеу сияқты айшықты сөз өрнектерін қолданып ауыр, жеңіл деген сөздерді де пайдаланады.

Көлем өлшемдері бір заттың немесе малдың саны, көлемі һәм мөлшерін, аумағын шамамен белгілейді. Айталық, бір шымшым, бір шөкім, бір уыс, қос уыс, бір тілім (нан), бір түйір, бір қолтық, бір шүйке, бір құшақ, бір қап, бір шелек, бір қасық, бір тамшы, бір арқа, бір шана, бір арба, бір табақ, бір шоқ (үкі, тал), бір топ (адам), бір қарын, бір сандық, бір қалта тағы сол сияқты. Мал саны мен көлемін де осылай шамамен ажыратады. Яғни бір отар, бір қора, бір табын, бір үйір, он шақты, жиырма шақты... Заттың көлеміне, аумағына кейде бармақтай, шынашақтай, жұдырықтай, құмалақтай, етектей, алақандай деген теңеу сөздер де қолданыла береді. Сұйық заттарға мөлшер сөзі қолданылып, оны мөлшерлеп есептейді. Халық қалыңдық өлшемін де ұмытпаған. Мұны олар көбіне жылқы қазысының жұқа, қалыңына қарай айтқан. Айталық, бұлт, пышақ сырты, қылыш сырты (бұлар 3 - 5 мм шамасы), шынашақ, елі, бармақ (бұлар 1 - 2, 5 см), екі елі..., сере, табан (7 - 10 см) т. с. с. Басқа заттардың қалыңдығы да көбінесе елімен, яғни саусақ қырымен өлшенеді. Оны елі дейді.

Ұзындық һәм қашықтық өлшемі мүлде екі ұғымды, екі түрлі өлшемді білдіреді. Ұзындық өлшемдерді бір заттың (таяқтың, арқанның) ұзындығын анықтайды және ол екі елі, үш елі..., тұтам, сынық сүйем (14 - 15 см), сүйем (17 - 18 см), қарыс, кере қарыс (20 - 22 см), кез (50 см), аршын (75 см), құлаш (1, 80 - 2 м), т. б. Балтасап, кебіс басындай деген балық өлшемдері де бар. Сол сияқты ұзын, қысқа деп шамамен есептей береді.

Қашықтық өлшемдері жердің қашықтығын (ауылдың ара қашықтығына) қолданылатын өлшем екені белгілі. Бұл өлшем түрлері былайша аталады: адым (қадам, 1 м), таяқ тастам (10 - 15 м), әй дейтін жер (100 м), дауыс жететін жер (250 - 300 м), шақырым (1 км), иек астында, бір төбе астында (4 - 5 км), қозы көш жер (5 - 6 км), көз ұшында (6 - 7 км), тай шаптырым (4 - 5 км), құнан шаптырым (8 - 10 км), ат шаптырым (25 - 30 км), бір күндік жер, айшылық жол... т. б. Бұл межелер ауыл ішінде бұл күндері де жиі айтылады.

Ел ішінде тереңдік, биіктік өлшемдері де бар. Бұған терең, тайыз, биік, аласа деген сөздер қолданылады. Бір айта кетерлік жайт, жоғарыдағы аталған өлшемдер бірі - бірінің орнына жүрмейді.

Ауа райын бақылау, ыстық, суықты һәм оның өзіне тән өлшемін белгілеуде де халықтың өзіндік тәжірибелері мен қағидалары аз емес. Қанжылым, жылы, ыстық, суық, салқын, мұздай тағы да осылайша анықтап бір заттың, судың, астың немесе ауа райын белгілейді. Ауа райын жылы, ыстық, қапырық, қайнап тұр, күйіп тұр, аспан айналып жерге түскендей, ми қайнататын ыстық... деп жаз айындағы күн райын айтса, қыста: шуақ, май тоңғысыз, шыбынсыз жаз, суық, салқын, аяз, үскірік, бет қаратпас аяз, тіфу десе түкірік жерге түспейтін аяз деген теңеулер арқылы күннің қаншалықты суық екенін анықтап, соған сәйкес әрекет ете бастайды.

ХХ ғасырдың басына дейін ел ішінде XVIII ғасырдағы Әз - Тәуке хан басшылығымен жасалған әйгілі Жеті жарғы заң негізі құқықтық негізде шығын мен құн мөлшерін де белгіледі. Дау - жанжал немесе ұрыс кезінде адам өлімі һәм дене жарақатына сай айып, құн өлшемін бекітті. Айталық, ер адам құны 100 жылқы. Біреудің белін сындырған толық адам құнын төлейді. Бір көзін шығарса, адамның жарты құнын төлейді. Ұрыс - төбелесте бас бармақ сынса – 100, шынашақ сынса – 20 қой төлейді. Дене зақымынан бала өлі туса: 5 айлық бала үшін – 5 ат; 5 айдан 9 айға дейінгі бала үшін әр айға бір түйе. Аталған заң негізінде 100 түйе 300 атқа немесе 1000 қойға теңестірілген. Бұл мөлшерлердің әлеуметтік, мемлекеттік маңызы да өте зор болды.

Саудада әр заттың, малдың құнын белгілеуде де орайлы әдістер һәм жолдар таба білген. Ақшалай саудада тиын мен теңгені, алтын, күміс жамбы (қойтұяқ, тайтұяқ) сияқты құнды металдарды қолданған. Ал айырбас, саудада да әркімнің келісіміне сәйкес шамамен түйені – құлынды биеге; биені – бұзаулы сиырға; сиырды – тай, құнанға; тайды – 3 - 4 қойға айырбастаған. Сөйтіп, мал, бұйым саудасында да әр затқа лайық кесімді өлшемдері болған.
Асылында, халық өлшемдерінің қырлары өте көп.

Әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі


Скачать


zharar.kz