Алтын қақпа сұрақ жауап мекені

Скачать

Тлеуова Роза Жолбайқызы
№30 Ұрпақ МДҰ әдіскері
Ақтөбе қаласы

Алтын қақпа викториналық сұрақ жауап ойыны

Мақсаты: Бастауыш сынып мұғалімдері мен мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілерінің арасында пікір талас және тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастыру. Бастауыш сынып мұғалімдері мен мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілерінің шығармашылық шеберліктерін шыңдау.
Көрнекіліктер: Алтын қақпа, күміс қақпа, тас қақпа, алтын сандық, арнайы дайындалған сұрақтар.

Алтын қақпа викториналық сұрақ жауап ойынының жүргізілу барысы:

Құрметті: - Сөз атасы - сәлем - деген емес пе, алдымен амандасайық:
- Армысыңдар апайлар!
- Бастауыш сынып мұғалімдері мен мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілер бүгінгі Алтын қақпа викториналық сұрақ жауап ойынына қош келіпсіздер!
Жүргізуші: Армысыңдар, мұғалімдер, әз жандар,
Білім іздеп инемен құдық қазғандар.
Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді,
Би де билеп, ән де бүгін шырқалар.
Армысыңдар, қонақтар, ұстаздар
Құрметпенен қол соғар.
Алдарыңда жауқазындай құлпырған,
Бәстеседі ұстаздарың құлшынған.
Түрліше ойын жүйелі,
Ой - өрісті дамытуда бір елі.
Алтын қақпа сұрақ жауап мекені.
Барлығыңызды Алтын қақпа атты викториналық сұрақ жауап танымдық ойын сайысына ат салысуға шақырамыз.
Ойын шарты: Ойынға қатысушыларды үш топқа бөлеміз:
Алғырлар тобы
Тапқырлар тобы
Білгіштер тобы
Ойын үш кезеңнен тұрады, әр кезеңнің 3 тапсырмасы бар.
Бұнда кездесетін тапсырмалар жан-жақты қамтылған әр түрлі тақырыптарда келеді. Мысалы: Айналадағы әлеммен танысу , Балалар көркем әдебиетімен танысу , Логикалық есептер , Салт – дәстүр , Мақал – мәтелдер , Жұмбақтар .
1-ші кезеңдегі 3 сұраққа дұрыс жауап берілсе, Тас қақпа ашылады.
2-ші кезеңдегі 3 сұраққа дұрыс жауап берілсе, Күміс қақпа ашылады.
3-ші кезеңдегі 3 сұраққа дұрыс жауап берілсе, Алтын қақпа ашылады.
Алтын қақпа ашылғаннан кейін көмбеде Алтын сандық бар. Алтын сандықтың да өз тапсырмасы бар.
Ал енді, Алтын қақпа викториналық сұрақ жауап ойынымызды бастаймыз.
Тас қақпада мынадай сұрақтар жасырынған:
1. Логикалық есептер.
- Қандай сағат күніне екі рет айналады?
(Тоқтап тұрған сағат).
2. Абай атамыз атап көрсеткен 5 дұшпанды ата?
( Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек , бекер мал шашпақ)
Өсімдік неден көбейеді?
(тұқымнан)
( Тас қақпа ашылады)
Күміс қақпада мынадай сұрақтар жасырынған:
1. Логикалық есептер.
- Жаңбыр екі күн қатар жауа ала ма?
(Жоқ, арасында түн бар).
2. Жеті қазынаны ата?
Жеті қазына - Ер жігіт, сұлу әйел, ақыл-ой, жүйрік ат,
қыран бүркіт, берен мылтық .
Тіркесін табу:
Тіл тас жарады...
(Тас жармаса, бас бас жарады).

Ерді намыс өлтіреді...
(Қоянды қамыс өлтіреді).
Басқа елде сұлтан болғанша...
(Өз еліңде ұлтан бол).
( Күміс қақпа ашылады)
Алтын қақпада мынадай сұрақтар жасырынған:
1. Логикалық есептер.
- Жасы жүзге келген қария өзінің туған күнін қалдырмай атап отырған. Сонда ол 25 рет қана атап өткен. Ол қай күні туған?
(29 ақпанда туған)
2 .Отан туралы 4 мақал айту.
1. Отан үшін отқа түс, күймейсің
2. Отансыз адам-ормансыз бұлбұл
3. Отан оттан да ыстық
4. Отан-қуат, отбасы-шуақ
3. Жұмбақ шешу. (3 жұмбақ шешу)
1. Сақыр-сақыр сақасы,
Ішіндегі бақасы.
Екі торсық азығы,
Діңкілдейді қазығы
(Бесіктегі бала).
2. Табаққа түспес,
Қазанға піспес,
Оны ішпей адам өспес.
(Емшектегі сүт).
3. Аппас жұмбақ, адам басын таппас жұмбақ,
Қыз тілесе, бермес жұмбақ,
Қызыл алтынға батпас жұмбақ.
(Адамның тәрбиесі).
( Алтын қақпа ашылды).
Ал енді көмбедегі Алтын сандықты ашуға дайынбыз ба?
1. Жеті жоқты ата?
Жеті жоқты – Жылқыда өт жоқ,
Құста сүт жоқ,
Таста тамыр жоқ,
Тасбақада талақ жоқ,
Аспанда тіреу жоқ,

Жерде өлшеу жоқ,
Аллада бауыр жоқ.
2. Қазыбек би:
Не қымбат?
Алтын ұяң - Отан қымбат,
Құт берекең - атаң қымбат.
Аймалайтын анаң қымбат,
Мейірімді апаң қымбат.
Кіндік кескен жерің қымбат,
Ұят пенен ар қымбат.
3. Ақыл туралы 4 мақал айту.
1. Ашу дұшпан, ақыл дос, ақылыңа ақыл қос
2. Ақылсыз сұрақ беріп, ақылды жауап күтпе
3. Ашу асыққанда, ақыл басу айтады
4. Ас тасыса, қатығы төгілер, ашу тасыса, ақылы төгілер
( Алтын сандық ашылды).
Көмбеге де жетіп, Алтын сандықтың да тапсырмаларын орындадық. Бұдан біз ұстаздармен тәрбиешілеріміздің сегіз қырлы бір сырлы екендеріне көзіміз жетті деп, олардың тәрбиелеп өсірген жеткіншектерінен жақсы нәтежилер күтуге болады деп сенім білдіре отырып, Алтын қақпа викториналық сұрақ жауап ойынын аяқтаймыз. Алтын қақпа викториналық сұрақ жауап ойынына өте жақсы шабытпен қатысып, сұрақтарға жақсы жауап бергендеріңізге көп-көп рахмет.
Сау - саламат болыңыздар!


Скачать


zharar.kz