Байғұс бала...
Авторы: Мұхтар Жақсылық
Көлеңкелеп отыр едім көк талды,
Бір кішкентай маған қарай оқталды.
Рұқсат сұрап жайғасты да жаныма,
Аға, сенде МАМА бар ма?., деп қалды.
Не дерімді білмей қалдым (тіл жұтып),
Кірпігімді алдым жасқа сүңгітіп.
Бір сұрақпен жылатып ап балақай,
Енді менің жауабымды тұр күтіп.
Үндемедім, жауап қатып не етемін,
Хәлі таныс бұл кішкентай көкенің.
Анам бар деп, айта алмадым амал не?!,
(Білем оның анасы жоқ екенін).
Анасы оның мәңгілікке аттанған,
Əкесі жоқ, темір торда, (сотталған).
Екеуінен бір - ақ демде көз жазып,
Жетімсіреп қалған солай тəтті арман.
- Бүгін кешке мамам үйге келеді,
Деп, балақай тəтті үмітке сенеді.
(Мамаң сенің жұмысына кеткен деп,
Атасы оны алдап қойған себебі).
Кішкентай ғой, оған қалай нанбасын,
Көніп жүр - ау тағдыр басқа салғасын.
Өзі жемей, МАМА келсе берем деп,
Бір қолына ұстап апты алмасын.
Аңсап жүр - ау көргісі кеп шамасы,
Кішкентайдың сағынышын қарашы.
Атын айтып айғалайды еркелеп,
Бірақ оны естиді ме анасы?
Өтсін көктем, өтсін қыс, жаз, күз, мейлі,
Байғұс бала, үмітін еш үзбейді,
Сәби жүрек сезіп жүр ме бірдеме?,
Әкені емес, тек ананы іздейді.
Үміті зор, келер - ау деп, ойлайды,
Касыма кеп тағы алаңсыз ойнайды.
Әр әйелге жалт бұрылып елеңдеп,
"Анау менің мамам ба?" деп, қоймайды.
Аяп кеттім, жүрек босап елжіреп,
Екі көзім жасқа толды мөлдіреп.
Мұңы қалың бұл сүйкімді балаға,
Айту қиын мамаң сенің сөнді деп.
(Арман отын алаулатып жандырған,
Өмір бойы өксімеуді заң қылған,
Басымды идім құдіретті анаға,
Баласына сөнбес үміт қалдырған).
Бір қалтаға кампиттің сап он бесін,
Бір қалтаға тығып тағы теңгесін,
Байғұс бала күтіп отыр анасын,
Қайдан білсін бүгін тағы келмесін.
Ештеме де айта алмадым балаға,
Жетімсіреп қалып кеткен далада.
Тек тағдырға капа болдым ішімнен,
Кішкентайды зар ғып қойған мамаға.