Құлпынай компотын дайындау (қысты күнге сақтау үшін)
3 литрлік банкаға арналған өлшем.
Клубника - 600 гр
Шекер – 200 гр
Қайнаған су – 2, 5 литр
Құлпынай компотын дайындау өте оңай. Мұнда жеміс қайнатылмайды, қайнаған суды екі қайтара құйып жабылады. Мұнда тосап дайындағандай шекер көп пайдаланылмайды. 3 литрлік банкаға 200 - 220 гр шекер ғана салынады. Суды екі рет қайнатып құямыз. Біріншісінде қайнаған суды құйып 10 - 15 минутқа қалдырамыз. Екінші рет дәл сол суға шекер салып ерігенше араластырып қайнаған кезде құямыз да жаба береміз.
Дәл осы тәсілмен өріктен, шиеден компот әзірлеуге болады. Өте тамаша, тексерілген рецепт деуге болады! Егер қаласаңыз жоғарыда аталған жемістерден аралас түрін жасауға да болады.
Дайындау тәсілі:
● Банканы содамен ысқылап жуып алыңыз, қақпағында да ыстық сумен жуып сүртіңіз.
● Құлпынайды салқын сумен тазалап жуып алыңыз. Сонан соң түбіндегі жапырақшаларынан тазартып банкаға салыңыз. (езілгендерін салмаған дұрыс).
● Жемістің мөлшеріне қарай кастрөлге су қайнатыңыз.
● Банкадағы жемістің үстіне ыстық суды құйыңыз. Суды құйғанда абайлаңыз, банка сынып қалмас үшін жемістің үстінен жайлап құйыңыз. (Суды құяр кезде жемістер бірге түсіп кетпес үшін арнайы желім қақпақ сатып алып қойсаңыз болады).
● Қақпағын жауып 10 - 15 минутқа қалдырыңыз.
● Банкадағы суды яғни сиропты кастрөлге қайтадан құйып ысытыңыз, қайнап бастағанда шекерді салыңыз ерігенше араластырыңыз. Дайын болған тәтті сиропты банкаға қайта құйып жабыңыз.
Дайындаған: Жадыра.