Шығарма
Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!
Тіл қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге сіңіп, қалыптасады. Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам өзінің ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына да болса да қарсы тұруы тиіс.
Ана тілі ең басты байлығымыз. Менің ана тілім – қазақ тілі. Қазақ тілі – ең ұлы, ең тамаша тіл. Мен қазақпын - деген әр адам қазақ тілін білуі керек, әрбір құрметті азамат тілімізді қадыр тұтуы тиіс деп ойлаймын. Ал, ұлттың болашағы – оның ана тілінде, Тіл халықпен бірге өмір сүріп, дамиды. Әр ұлттың өз тілі – бақыты мен тірегі.
Тіліміздің жаңа көркемдік деңгейге жетуіне үлес қосқан ұлы Абай атамыз.
Ұлт ақыны Қадыр Мырза Әли: Ана тілің арың бұл,
Ұятың боп, тұр бетте,
Өзге тілдің бәрін біл
Өз тіліңді құрметте! – деп жырлағандай ұрпақ сауатты болу үшін алдымен ана тілін жетік меңгеріп, кейін өзге ұлттың тілінде еркін сөйлей білуі тиіс. Ана тілін толық білмейінше, өзге тілді үйрену – опасыздық. Өз анасын сатқанмен тең деп білемін. Себебі, біз ата - анамыздың тәрбиесін ана тілінде алып, салт - дәстүрімізді бойымызға қазақ тілінде сіңіру керекпіз.
Мұхтар Шаханов:
Қай тілде ойлап, қай тілде сөйлеп,
Қай тілмен ақса -
Перзенттік түйсік, өрісің,
Сол тілдің гүлі, сол тілдің қайраткерісің – деп жырлаған. Әрине көп тіл білу, көп құлыптың кілтін тапқанмен бірдей. Өзге тілді де үйренсек, көкжиегіміз кеңейеді.
Алдымен жақсылықты басыңа қыл, қала берді досыңа қыл – деген халық даналығы бар. Ана тілімізде сауатты сөйлеп, өзге тілде де сайрап тұрсақ, болашақта үлкен істер атқаруға, туған халыққа қызмет етуге мүмкіндік зор.
Туған тіліміздің мол нәрін, сөздік қорын сауатты пайдаланып, өзге тілді өз қажетімізге жарата аламыз деп сенемін. Тәуелсіз Қазақ елінің, жалынды жастарының өресі де, өрісі де кең болсын!
Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы,
Ырғыз гимназиясының 5 сынып оқушысы
Орынбасар Әлима
(10 жаста)