Ханталапай
Мақсаты: Қазақтың ұлттық ойындары арқылы балалардың жас ерекшелігіне байланысты логикалық ой жүйесін дамыту, жылдам шешім қабылдауға баулу, ұлттық құндылықтар мен мәдениетті бойына дарыту, салт - дәстүрлерді насихаттау.
Міндеттері:
- Балалардың дағдыларын, танымдық белсенділігін арттыру;
- Топпен жұмыс істеу дағдыларын дамыту;
- Балаларды белгілі ережеге бағынуға, мақсатына жетуге, табандылыққа тәрбиелеу;
- Ұлттық мәдениет пен дәстүрлердің ерекшелігін айқындау;
- Отанына, еліне, туған өлкесіне деген сүйіспеншіліктерін қалыптастыру
- салауатты өмір салтына баулу.
Әдіс - тәсілдері: Түсіндіру, көрсету, сұрақ - жауап
Алдын - ала жүргізілетін жұмыс: Ұлттық ойындармен таныстыру
Ойынға қажетті заттар: - Ұлттық нақышта безендірілген ойын бөлмесі;
- оюлы текемет, сырмақ, алаша,
- қой малының асықтары,
- ұлттық оюмен өрнектелген қоржын,
- алдын - ала дайындалған тапсырмалар.
Ойын ұйымдастыруға бөлінетін уақыт - 3 минут:
- ойын ережесімен таныстыру;
- балаларды шеңбер тәрізді отырғызу;
- балалардың көңіл - күйін ойынға бейімдеу;
- ойын басталғанын жариялау.
Ойынды жүргізуге бөлінетін уақыт - 25 минут.
Әділ - қазылар алқасын тағайындау
Ойынға қатысушы балалар:
(8 бала қатысады)
"Ханталапай" ойыны.
Тәрбиеші:- Балалар қазір жылдың қандай мезгілі?
Балалар: - Көктем
Тәрбиеші: - Жарайсыңдар балалар! Көктем мезгілінде жер ана оянып, табиғат әсем бір күй кешеді, жылы жаққа құстар ұшып келеді, сонымен қатар көктем мезгілі той-томалаққа толы мезгіл
Балалар алдыда қандай мейрам келе жатыр?
Балалар: - Ұлыстың ұлы күні - Әз Наурыз
Тәрбиеші: - Балалар сендер қазақтың ұлттық ойындарын білесіңдер ме?
Балалар: - Ия
Тәрбиеші: - Қандай ұлттық ойындарын білесіңдер?
Балалар: - Арқан тарту, білектесу, асық ату, көкпар тарту, теңге алу
Тәрбиеші: - Дұрыс айтасыңдар балалар, қараңдаршы, мен сендерге мына қоржын толы асықты жинап әкелдім. Біз қазір Ханталапай деп аталатын қазақтың ұлттық ойынын ойнаймыз. Ол үшін бізге көп асық және бір қызыл түске боялған асық керек. Бұл қызыл асықты хан асығы деп атаймыз. Балалар, сендер асық атауларын білесіңдер ме?
Асық атауларын - бүк, шік, тәйке, алшы – деп атайды.
Ұл балалар асық ойындарын ойнаса, қыз балалар бестас ойындарын ойнаған.
Олай болса ойынымызды бастамас бұрын ұлдарымызға қыздарымыз сәттілік тілеп қазақтың ұлттық биін тарту етпекші. Қабыл алыңыздар!
Ойын шарты: Талапай - ау, талапай, табылды ойын алақай - деп, қоржындағы асықтарды отырған балалардың алдына шашады. Балалар жарыса Ханталапай деп дауыстап, асықтарды таласып, бөліп алады. Жинаған асықтардың ішінен әр бала ойынға бес асықтан тігеді. Хан асығы қолына түскен бала алғашқы болып ойынды бастайды. Сонымен бірге балалар бүк асықпен бүк асықты, шік асық пен шік асықты ату арқылы мергендік танытып, асық жинайды. Асықтарды бір - біріне тигізе алмаған жағдайда ойын жүргізушінің сұрақтарына жауап береді. Екінші рет тигізе алмаған жағдайда ойын кезегі келесі балаға беріледі. Ойын осылайша жалғаса береді. Ойын соңында хан асығын ұтып алған бала жеңімпаз атанады.
Тәрбиеші балаларға ойын шартын түсіндіріп, ойын алаңына шақырады
Балалар шеңбер сызып, асықтарын тізіп ойын ойнайды.
Ойыннан көріністер:
"Қазақты танимын десең дәстүріне қара "- демекші, бүгінгі "Ханталапай" ойынымызда өз мәресіне жетіп қалды.
Балалар ойынға қызығушылықпен қатысты. Ойын жеңімпаздарын анықтау үшін әділ - қазыларға сөз береміз.
Ойын жеңімпазы анықталған соң әділ - қазылар алқасы ептілігімен, шапшаңдығымен, білімімен, қырағылығымен көзге түскен балаларды - Мерген бала , Зерек бала , Алғыр бала деген номинациялары бойынша марапаттайды.
Марапатталған балалар:
Мерген бала: - Шаттықұлы Ербұлан
Зерек бала: - Асылғазы Шуақ
Алғыр бала: - Адилбек Мадияр.
Күтілетін нәтиже
Нені біледі: Ұлттық ойын түрлерін біледі.
Үйренеді: Ойлау қабілеті, қол моторикасы дамиды.
Меңгереді: Шапшаңдықты, ептілікті, қырағылықты меңгереді.
Райымбек аудандық "Балауса"бөбекжай
балалар бақшасы" мемлекеттік коммуналдық
қазыналық кәсіпорны "Құлпынай" ересектер тобының бас тәрбиешісі:
Азимова Бақытгүл Абылайқызы