Жыл мезгілдері: жаз, күз. Белгілері
Ұйымдастырылған ашық оқу қызметі
Білім беру саласы: Әлеуметтік орта
Бөлімі: Экология негіздері
Мақсаты:
Білімділік: Жаз және күз мезгілдерінің белгілері бойынша түсініктерін қортындылау, жүйелеу; осы мезгілдерге тән табиғаттағы өзгерістер, өсімдіктер мен жануарлардың тіршілігіндегі өзгерістерді, күн мен түннің ұзақтығы туралы түсінік беру.
Дамытушылық: Сөздік қорларын, өзін қоршаған орта туралы ойын жеткізе білу қабілеттерін дамыту, монтессори технологиясын пайдалана отырып саусақ моторикасын дамыту.
Тәрбиелік: Балаларды табиғатты қорғауға, оның сұлулығын сезіне білуге тәрбиелеу.
Әдіс – тәсілдер: Әңгімелесу, түсіндіру, жұмбақ жасыру, салыстыру, пән аралық байланыс.
Сөздік жұмыс: тіршілік, егістік, шабындық
Билигвальді компонент: жыл мезгілдері – времена года, жаз – лето, күз – осень.
Көрнекі құралдар: жаз күз мезгілдерінің иллюстрациялық суреттері, жұмбақтар, жыл мезгілдеріне байланысты слайдтар.
Пәнаралық байланыс: қоршаған орта, сөйлеуді дамыту, шығармашылық.
Сабақ түрі: аралас, дәстүрлі емес.
Қолданылатын технология: монтессори.
Сабақ барысы:
Психологиялық сәт:
- Балалар қараңдаршы бізге қонақтар келіпті, амандасып алайық.
- Сәлеметсіздер ме? (балалар амандасады)
Шаттық шеңбер:
- Қуанамын менде!
Қуанасын сенде!
Қуанайық достарым!
Арайлап атқан әр таңға!
- Балалар, табиғат дегеніміз не?
- Ол бізді қоршаған орта.
- Балалар табиғат нешеге бөлінеді, атап айтып беріңдерші?
- Екіге бөлінеді: тірі және өлі табиғат.
- Ендеше балалар, біз сендермен Тірі және өлі табиғат ойынын ойнайық.
- Бұл ойында мен тірі табиғатты айтқанда қол шапалақтайсыңдар, ал өлі табиғатты айтқанда аяқтарыңмен топылдатасыңдар. Дөңгеленіп тұрайық.
- Қарлығаш.(Қол шапалақтау)
- Тау.(Аяқпен топылдату)
- Ағаш. (Қол шапалақтау)
- Күн. (Аяқпен топылдату)
- Қоян. (Қол шапалақтау)
- Су. (Аяқпен топылдату)
- Балалар, біз сендермен жыл мезгілдері туралы әңгімелесеміз.
- Бәріміз орнымызға отырайық.
- Балалар мен сендерге жыл мезгілдері туралы жұмбақ өлең оқимын, ал
сендер өлеңде қай жыл мезгілі суреттелгенін тауып көріңдер.
- Қойының толы жеміске,
Көк майсалы егісте,
Көбелек қуып ойнайтын,
Қай мезгіл деп ойлайсың?
- Жаз мезгілі.
Балаларға жаз мезгілі туралы сұрақтар қою.
- Балалар, жаз мезгілінің айларын қазақша және орысша кім атап айтып береді?
- Жансая: Маусым – июнь, шілде – июль, тамыз – август.
- Балалар, жазда қандай өзгерістер болады?
- Жазда күн ыстық болады, айнала жасыл желекке айналады, гүлдер өсіп, құстар сайрайды.
- Өте дұрыс балалар.
- Жаз мезгілі сендерге ұнай ма?
- Ұнайды.
- Жаз мезгілінде қандай мерекелер бар?
- Балаларды қорғау күні, астана күні, конституция күні.
- Жаз мезгілі туралы кім тақпақ біледі?
- Сұлтан:
Жаз келіпті дегенше,
Алма пісті дегейсің.
Бағымызда ендеше,
Алма теру көбейсін.
- Өте жақсы Сұлтан.
(Слайдтан жаз мезгілінің суреті шығады, сурет арқылы әңгімелету)
- Жазда күн ұзарып, түн қысқарады.
- Жаз мезгілінде диқандар егістікке шығады. Егістік дегеніміз – егін егетін жер.
Сөздік жұмыс: егістік - балалар қайталайды.
- Ал енді келесі жұмбақты жасырайын:
Жиып - теріп болатын,
Қамбаға астық толатын,
Қызыл қырман ойнайтын,
Қай мезгіл деп ойлайсың?
- Күз. (Слайдтан күз мезгілінің суреті шығады, сурет арқылы әңгімелету)
- Ал күз айларын кім біледі?
- Нұрасыл: қыркүйек – сентябрь, қазан – октябрь, қараша – ноябрь.
- Күзде табиғатта қандай ерекшеліктер болады?
- Күзде көкөністер мен жемістер піседі, айнала алтын түске боялып, жапырақтар сарғаяды, егіншілер шабындықтан егін орып алады, адамдар да жан – жануарлар да қыстық азық – қоректерін жинайды.
- Сөздік жұмыс: шабындық - балалар қайталайды.
- Күз туралы тақпақ білесіңдер ме?
- Балалар тақпақ айтады.
- Балалар енді мен сендерге А. Құнанбаев атамыздың Күз өлеңін оқып берейін:
- Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.
- Балалар сендер шаршап қалған шығарсыңдар, орнымыздан тұрып сергіту жаттығуын жасайық.
Сергіту сәті:
Жел соғады бетіме,
Ағаштарды желпуде.
Жел тына қалғанда,
Ағаштар биік болып өседі!
- Ал енді балалар біз екі топқа бөлініп, түрлі түсті жіптерді пайдалана отырып, жыл мезгілдерін бейнелейміз. Ол үшін біз екі топқа бөлінеміз:
- 1 – ші топ Жаз тобы.
Мақсаты: Жаз мезгілінің бейнесін берілген көрнекілік құралдар арқылы бейнелеу, құрастыру.
- 2 – ші топ Күз тобы.
Мақсаты: Күз мезгілінің бейнесін берілген көрнекілік құралдар арқылы бейнелеу, құрастыру.
Музыка ақырындап ойнап тұрады.(Балалардың іс - әрекеті)
(Балалардың жұмыстарын талдап, бағалаймыз)
Дидактикалық ойын: Не қайда өседі?
Ойын шарты: өсімдіктер мен жемістерді қайда өсетінін айтып, дұрыс орналастыра білу.
- Балалар ойын ойнайды.
Қорытынды: жаз және күз көріністерін қатар қойып, салыстыру жұмыстарын жүргізу.
- Жаз мезгіліне тән белгілерді атап шығыңдар. Күз мезгіліне тән белгілерді атаңдар.
Үйге тапсырма:
- Ата – аналарыңның көмегімен Күз өлеңін жаттап келу.
Балаларды мақтап мадақтау:
- Бүгін сендер сұрақтарға өте жақсы жауап бердіңдер. Тапсырманы өте жақсы орындадыңдар.
- Балаларға жұлдызшаларды тарату .
Күтілетін нәтиже:
Орындайды: топтағы балалармен пікір алмасуды, табиғатты бақылауды;
Түсінеді: жаз және күз мезгіліне тән белгілерді;
Қолданады: жаз және күз мезгіліндегі жануарлар мен өсімдіктердің тіршілігіндегі өзгерістер туралы білімді.
ШҚО, Аягөз қаласы
Джетписова Айтжамал Қуанышбекқызы