Мақсаты: Оқушыларға Наурыз - жыл басы, яғни дін мейрамы емес, ұлт мейрамы екендігін тарихи маңызын түсіндіру. Ата - бабамыздан ұрпақтан - ұрпаққа беріліп келе жатқан ұлттық тәрбие туралы түсінік беру.;
Өлең, мақал - мәтелдер арқылы тілдік қорларын дамыту. Өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттыру;
Ата - ана, оқушы, ұстаз, жұртшылық өкілдерін ынтымақтастандыру. Қазақ халқының салт - дәстүрін, тілін, дінін, әдет - ғұрпын сақтауға, қастерлеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Безендірілген зал, қазақы үй, ұлттық бұйымдар.
Өту барысы: ( Сахнада тігілген үй, безендірілген, жаюлы дастархан тұрады)
Түрі: Мерекелік сазды әдеби – музыкалық кеш.
Көркем сөз: Сәлем көктем
Топ жетекші
Шығыстың күнтізбесі бойынша күн мен түннің теңескен көктемгі мерекесі, жыл сайын асыға күтетін жарқын үміт, жастық пен жаңару мерекесі, бүкіл әлемге береке - бақыт пен бейбітшілік дарытатын Ұлыстың Ұлы күні әз - Наурыз құтты болсын!
Күншығыстың Наурызы келгенде Самарқанның көк тасы еріп, жылғалардан су ағып, бәйшешек гүл атып, күннің көзі бүкіл ғаламға нұрын шашып, үйсізді үйлімен теңестіріп, бай мен жарлыға бірдей сәуле төгетін, Табиғат - Ана бусанатын көктем айы, табиғат мейрамы.
Осындай даналықтың ұлы мейрамы Наурыз, мінеки бізге де келіп жетті. Ендеше, төрлет, елімізге құт - береке дарытатын әз - Наурыз!
Оқитын: Асанқанова Алмагүл және Нұрмағанбетова Айнұр (қолдарында гүлдері бар)
Сәлем, көктем!
Сәлем, көктем,
Мен қайтадан туылдым,
Көк аспанның күмісімен жуындым.
Көк мұз жапқан шатқалында көкейдің,
Ақ арманның бүрлейтінін ұғындым.
Сәлем, көктем,
Таңғы самал ескенде,
Бұлт гүл болып өскенде,
Дәл мен сынды, көңілмен де, еспен де,
Көк шөппенен жыр жазбаған еш пенде.
Сәлем, көктем,
Өрнек қандай су салған,
Жасыл қырат – жасыл сағым бусанған.
Жас шағымда жиі ағатын жұлдыздың,
Жұпар исін жұта берем жусаннан.
Сәлем, көктем,
Өліп кетпеу үшін мен,
Күннің нұрын жүрегіме түсіргем.
Аспан асты – керемет той, аста - төк,
Ағыл - тегіл жұлдыз нұры ішілген…
1- Жүргізуші:
Жаса Наурыз, жаса көктем,
Жаса достық, күн, тіршілік.
Болсын ұмыт, мұңдар өткен,
Мейірімділік күлсін шығып.
Наурызда жаңа жыл басталады, Естіледі көктемнің асқақ әні.
Ақ көңілмен, ақ сүтпен қарсы алайық,
Мына келген тәй-тәйлап жас баланы.
Наурызда жаңа жыл басталады.
Жаңа жыл жақсылыққа бастар әні.
Жер ана да бусанып қозғалуда,
Ақ көрпесін сыпырып тастағалы.
ІІ Жүргізуші:
Көктемді жыл басы, табиғат жаңашылы деп білеміз. Өйткені, көктемде ұйықтап жатқан аң оянады, жер көктейді. Сай - сала суға толады, алғашқы гүлдер шығады, құстар мекеніне қайтады.
Наурыз мейрамы – Шығыс халықтарының көпшілігінде мұсылман діні қабылданғанға дейін пайда болған, көктем мен еңбектің ежелгі мерекесі.
Наурыз – бұл тек көктемнің ғана емес, бұл ең әуелі ізгілік пен жақсылықтың мейрамы. Ұлыстың осы бір ұлы күні жер бетіндегі қанды соғыстар, дау - жанжалдар тоқтатылып, адамдар бір - біріне деген өкпе - реніштерін ұмытып, кешірімге келіп, татуласып, табыса білген. Халқымыз мол дастарқанын жайып, ақ жарқын көңілмен жүздесіп, дәм татысып, өткен - кеткеннен сыр тартып, барша адам баласына жақсылық, аманшылық тілеп, жастарға ақ баталарын берген.
І Жүргізуші:
Ақ бұлақтарды ақтартып, шың - құздарды аттатып, тізбектеп тырналарды, сүйгізіп сырғаларды, шоршытып балықтарды, шапшытып арықтарды, тербелтіп наз қайыңдарды, төгілтіп жаз жайында әнді, қаздарды қаңқылдатып, найзағай жарқылдатып, айтып ертегіңді, жайып желкеніңді, жеттің бе, әз - Наурыз!!!
ІІ Жүргізуші:
Армысыздар, үлкен - кіші ағайын!
Бүгін – Самарқанның көк тасы еріген күн.
Бүгін – Жаңғыру мейрамы!
Бүгін – Жыл басы, Жаңа жыл!
Ендеше, сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтай отырып, ЭЕТ - А - 11к топ оқушыларының ұйымдастыруымен өткелі отырған Жадырап күн сәулесін, нұрын төккен,
Әз - Наурыз келіп жетті көптен күткен. атты тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер.
1- жүргізуші: Асанқанова Алмагүл
Ерітіп қарын даланың,
Жинатып гүлін саланың.
Жетелеп жұмсақ самалын,
Келді Наурыз – жыл басы.
Күлімдеп қарап күміс күн,
Аспаның бүркіп пүліш түн.
Ұлы күні Ұлыстың,
Келді Наурыз – жыл басы!
Ән Наурыз – думан орындайтын: Мәуленов Самат
2- жүргізуші: Нұрмағанбетова Айнұр
Ұлыс оң болсын!
Ақпан кетті араз боп Наурызбенен.
Наурыз жүр жоғалған бағын іздей,
Көктем жетті көрісіп жанын іздей
(көтеріңкі көңілмен дабырласып көріседі, көрінісі көрсетіледі) Осы жерден алдарынан келін иіліп сәлем қылып, ал бойжеткендер ізет көрсетіп қарсы алады да Наурыз көже ұсынады. ( Бұл көжеде бәрі бар өлеңінен үзінді оқу ) ауылдың бозбаласы:
Берік Исаұлы оқиды.
Ашық болсын қас – қабақ,
Таспен атқанды аспен ат.
Бейтаныс та, таныс та,
Бүгін төрде бас қонақ.
Арпа, бидай, тары бар.
Ішілетін, житіннің,
Бұл көжеде бәрі бар.
Ошақта көп шоқ әлі,
Астың ауыр обалы.
Астан үлкен ешкім жоқ,
Қазан ауызы жоғары.
Ақсақал жыл дастарханына бата береді.
Бата: Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын!
Қайда барса жол болсын,
Ұлыс береке берсін.
Пәле - жала жерге енсін!
1 - жүргізуші: Асанқанова Алмагүл
Наурыздау, ауыл аралап көрісу қазақ даласында үш күнге созылған (22 - 24 Наурызда). Осы күндері әрбір отбасының дастарханынан көжесі, дәмі үзілмеген, есігі ашық, қабағы жайдарлы болған.
22 – Наурыз күні міндетті түрде отбасынан дәм татып, ақсақалдар мен әжелердің батасын алу парыз саналған.
Ән: Қош келдің - Наурыз орындайтын: Елғон Қанат
1 - жүргізуші: Асанқанова алмагүл
Қазақтың спорттық ойын түрі Қазақша күрестен
көріністік сайысымызды тамашалайық.
2- жүргізуші: Нұрмағанбетова Айнұр
Ер жігіттер арасынан Наурыз көже ішуден сайысымызды басталық. Қане аулымыздың жігіттері қайда. Ортаға 4 – оқушы шығарылады.
1- жүргізуші: Асанқанова алмагүл
Кезекті әнге берелік Сәукелелі ару қыз орындайтын: Көрпебаев Алмат
2 - жүргізуші: Нұрмағанбетова Айнұр
Осымен ЭЕТ - A - 11к топ ұжымының ұйымдастыруымен өткен Жадырап күн сәулесін, нұрын төккен, Әз - Наурыз келіп жетті көптен күткен. атты мерекелік кешіміз аяқталды.