Бір күні Қожанасыр үйіне өзімен бірге досын ертіп әкеліпті. Мұны құп көрмеген әйелі үйде жейтін ештеңе жоқ , деп айқайға басыпты. Онымен келіспеген Қожа әйелінің ашуын қайтармақ болып ұмтылғанда, әйелі шекесінен ожауменен қойып кеп жіберіпті. Қожаның шекесі ісіп кетіпті.
Оны көрген досы жұбатпақ болып: - Сенің мұның ештеңе емес қой, егерде мен әйеліме ұнамайтын бірдеңе жасасам, ол менің сақалымнан сүйреп апарып басымды ошаққа сұғып жібере жаздайды, - депті. Сонда Қожа масаттанып тұрып: - Мен деген ондай осал емеспін қатыныма ешқашан сақалымнан ұстатпаймын,- деген екен.
Бұл Қожанасырдың жас кезінде болған оқиға екен. Бірде ол Африкалық саудагелер керуенінің жақын маңда тоқтағанын және олар бір жақтағы тамаша өмір туралы айтып жатқанын естіпті. Сол сәт Қожа әлгі тоқтаған керуен сарайға басқалармен бірге жағаласа жүгіріп барып, ол да тыңдапты. Саудагердің біреуі: - Хабашистан деген ел бар, ол өте алыста, Бағдаттың ар жағында десе болады. Онда күн өте ыстық, ыстық болғаны соншалықты ел жалаңаш жүреді, - депті. Сонда Қожа тұрып: - Олардың қайсысы әйел, қайсысы еркек екенін ажырату қиын болмай ма екен? - деген екен.
Қожанасырдың жуас әрі сүтті сиыры болған екен. Бір күні сол сиыры ауырып өліп қалыпты. Қожа бұған өте қатты қайғырыпты. Мұны естіген көршілер: - Бір ай бұрын әйелі өлгенде мұнша қайғырмап еді, мұны несі? , - деп таңданыпты.
Сонда Қожа: - Әрине, менің әйелім өліп қайғырғанда сендер мені жұбаттыңдар:
- Қожа сен қайғырма, біз саған басқа әйел тауып береміз, одан да жақсысын табамыз , деген едіңдер. Ал енді сиырым ауырып өлгенде: - Қожа, сен қайғырма, саған бұдан да жақсы сиыр тауып береміз, - деп неге айтпайсыңдар? - деген екен.
Бір күні Қожанасырдың әйелі күйеуінің ашуын туғызбақ болып: - Қожа, сен сондай ұсқынсызсың, егер баламыз саған тартып туса, басымызға сор болғаны ғой,- депті. Сонда Қожанасыр: - Ол ештеңе емес, егер бала маған ұқсамай туса сенің сорың,- деген екен.