Тақырыбы: Балбал тастар тарихи ескерткіштері
Кіріспе
Жұмысымның мақсаты:
Қазақ халқының көнеден қалған тарихи ескерткіштері балбал тастардың орналасқан жерлерін анықтап, олардың тарихи құндылығын зерттеу арқылы сабақта аймақтық компонент ретінде қолданудың маңыздылығын дәлелдеу.
Менің жұмысымның ғылыми жаңашылдығы мен өзектілігі:
Қазіргі таңда біз өз еліміздің тарихын мектеп бағдарламасы бойынша толық қамтып оқудамыз. Сондықтан өткенімізді білу арқылы халқымыздың тарихи құндылығы боп саналатын балбал тастардың мән-мағынасын түсіну арқылы бабалар тілін түсінеміз. Қазірде тастар туралы мағлұматтар толық бір жүйеге келтірілмеген. Менің жұмысымның мақсаты және тақырыбымның өзектілігі де осында.
Мақсатқа жету жолында алға қойылған міндеттер:
- балбал тастарды зерттеген еңбектерді оқып, талдау;
- зерттеуші ғалымдарды анықтау, салыстыру жұмыстарын жүргізу;
- тарихи ескерткіштердің тұрған жерін, орнын анықтау;
- жиналған материалдарды бір жүйеге келтіру;
- маңыздылығын анықтау;
- электронды нұсқасын әзірлеу.
Зерттеу жұмысының кезеңдері:
І – теориялық. Көтерілген мәселе төңірегіндегі әдебиеттермен танысу. Сайт, интернеттен қарау.
ІІ – практикалық. Кесте толтыру, дерек сөздерін салыстыру, фотоға түсіру.
ІІІ – бекіту. Алынған мәліметтерді жүйелеп, түзетулер енгізу, нәтижеге байланысты баяндама дайындау Тұсау кесер рәсіміне әзірлеу.
Зерттеу әдістері:
1. Тарихи - салыстырмалық талдау.
2. Бақылау әдісі (анкета)
3. Тірек сызбалар мен кестелерді құру әдісі.
Зерттеу жұмысының тәжірибелік құндылығы:
Жиналған материалдар жалпы білім беретін мектептер мен өзге ұлт өкілдері оқытатын мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәндерінде аймақтық компонент ретінде оқуларына мүмкіндік береді.
1. Тарихи ескерткіштер туралы
Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін этнография, антропология, ежелгі тарих жабық тақырыптардың санатына жатқызылып келген еді. Көшпенділердің көне ескерткіштері мен археологиялық қазба жұмыстарын зерттеумен 1950 жылдарға дейін санаулы ғана Ресей ғалымдары айналысты. Ал, Қазақстан ғалымдары 1950-52 жылдардан бастап қана экспедицияға қатыса бастады. Олар: А. Х. Марғұлан (экспедицияның бастығы), К. И. Пацевич, К. А. Акишев, П. В. Агапов, А. Г. Максимовалар болды.
Археологтар мен тарихшылар Шығыс Қазақстанды мекендеген идеялық - эстетикалық көзқарасы материалдық және рухани мәдениеті ортақ қола дәуірі тайпаларының, ертедегі көшпелі сақтар, ғұндар, көне түркілер, қимақ - қыпшақтар, оғыз тайпасына жататын найман және қазақ этносының аса бай, өзіндік ерекшелігі мол тарихы мен мәдениеті хақында біздерді біршама хабардар етіп үлгерді.
Адамзат Алтай өңірінде сонау тас ғасырда - ақ пайда болған. Содан бері де олар соңында қаншама таңғажайып ескерткіштер қалды десеңізші! Сондай аса бір бағалы ескерткішті археологтар Ертіс жағасындағы Усть- Нарым деревнясынан тапқан. Қазір бұл жер Бұқтырма теңізінің астында қалды.
Бұл мекен үш қабаттан тұрады. Төменгі, неолит (тас дәуірінің ең соңғы кезеңі) қабатында 40 мыңға жуық шақпақ тас құралдары, 15 мыңнан астам дайын тас қарулар табылды. Бірақ та сізді қарудың саны емес, басқа да бір айғақ ерекше қызықтырары сөзсіз. Қару пышақ сынды пластина емес, үшкір тастардан жасалған. Қазақ жеріндегі неолит ескерткіштерінің осынау бір ерекшелігі көне адамзат Алтайды ежелден мекен еткен деген қорытындыға жетелейді.
Мұртты қорымдар Алтайдың, Шығыс Қазақстанның ғажайып та өзіндік ерекшелігі мол, мондай-ақ дәстүрлі ескерткіштері болып саналады. Бұлар қатар орналасқан, кіші қорғаннан шығысқа қарай тізбектелген екі тас қатардан тұратын үлкен және кіші қорғаннан тұрады. Ескерткіштердің әрбір элементінің өзіндік орны бар. Біздің дәуірімізге дейінгі ҮІІ ғасырда жасалған бұл ескерткіштер өздерін жасаған шеберлерден, әрине көп ғұмыр кешіп, тұтас мыңдаған жылдар бойы өз келбетін өзгертпеді десе де болады. Шығыс Қазақстанның көне мал өсірушілерінің діни нанымы күнге табынудан шыққан ба дейміз. Өйткені мұндағы тас ескерткіштердің барлығы шығысқа, таңғы жарыққа қарап орнатылған.
Шығыс Қазақстандағы сақ тайпасы дәуірінің мәдени өміріндегі жарқын бір көрініс Тарбағатайдың Шілікті алқабындағы Алтын қорымдар комплексі болып табылады. Оның бірі табылып, зерттелді, сондай-ақ С. С. Черниковтың Алтын қорым құпиясы кітабында суреттелген. Үстел секілді теп-тегіс жасыл алқаптағы сарғыш - көгілдір таулар аясындағы ірі де ақ қорымдар тізбегі көздің жауын алады. . . автор осы қорымнан табылған көркем бұйымдар комплекстің скиф -сібір стиліндегі (біздің дәуірімізге дейінгі ҮІ-ҮІІ ғасырлар аралығы ең көне ескерткіштер деп есептейді.
Сан түрлі өсімдік өскен, қайнар бұлақтың бастауы болып табылатын әсем шатқалдарда жүздеген таңбалы тастарды табуға болады. Бұндай жерлер киелі саналып, рулық, тайпалық түрлі мереке, әдет-ғұрыптар осында өткізілген. Соңғы дерекке қарағанда Шығыс Қазақстанда Алтай тайпаларының көне тарихының қайнар көзі болып табылатын 100 шақты басты-басты таңбалы тастар зерттелген. Шыңдағы таңбалардың мазмұны түрліше: тотемдік – сиқыршылық, діни ұғым бір басқа, мұнда сондай-ақ түрліше орындалған жазулар мен рәміздер қаншама. Қайсыбір зерттеушілер тастағы таңбаларды Ұлы Жібек жолымен бірге қарастырғанды жөн көрді. Шындығында, мұндағы тарихи және экономикалық факторларды ескермесе болмайды. Қалай болғанда да, Алтай мал өсірушілері Алтай асуларын ерте кезден игере бастағанына еш дау жоқ.
Шығыс Қазақстандағы жүздеген таңбалы тастардың ішінен Тамурашидегі линарлық техникамен орындалған суретті бөле жара атағымыз келеді. Бұл суреттер өзінің орындалу мәнерімен, барлық мән-мағынасымен басқалардан тіптен де бөлек, оған тіпті жай көз жүгіртіп өткеніңізде шеберлік пен шындық көзге ұрады. Оны салған шебер өз суретіне бір де бір түзету жасамаған. Мұндағы тағы бір таңданарлық жайт сол, бұл суреттердің орындалу шеберлігі мен мазмұнында Шілікті қорымынан табылған бұғы. Балық, қабал секілді жан-жануарлар бейнесімен өте ұқсастық көп.
Мәдениеттің астары қалың, ондағы әрбір қимылды қаз қалпында қабылдасаң, өнерді түсінбегенің. . . деген (О. Сүлейменов АЗиЯ ) ақын сөзі құран сөзіндей емес пе?
Шығыс Қазақстан мәдениеті сақ кезеңі ескерткіштерінің үшінші тобы – сақтардың тас мүсіндері болып табылады. . . Сақ мүсіншілері белгілі бір адамдардың бейнесін (дене ерекшелігін емес), ата-бабаларымыздың жиынтық қалыпты бейнесін суреттеуге ұмтылған. Мүсін қолдарынан түспейтін ритонның мәдени маңызы зор.
Түркілердің көне мәдениеті деген ұғымды этикалық емес, археологиялық тұрғыдан түсіну керек. Бұлай дегенде тас дуалдар, сымбат мүсіндері, балбалдар сияқты жекелеген ескерткіштер комплексі еске оралады. Бұл мәдениет ҮІ ғасырда пайда болды.
Дат археологы Вильгельм Томсонның көшпелі түріктердің жазуына байланысты 1983 жылдың 25 қарашасындағы тамаша жаңалығы тас обалардың шығу тегі мен мағынасын білуде ерекше роль атқарады. Тас мүсіндердің құпиясын зерттеуде басқадай жаңа тәсілдерді пайдалану нәтижесінде олардың мағынасын түсінудің қалыптасқан жүйесі пайда болды. Солардың ішінен, Олжас Сүлейменовтің АЗиЯ деген еңбегін бөліп атауға болады.
Енді содан қысқаша үзінді келтірелік:
Балбал тастардың ерекшелігі сол, олардың бәрінің қолына ыдыс ұстатылған. Низамидің айтып кеткеніне қарағанда, көшпелі түріктер мұсылмандықты қабылдағанға дейін қолына ыдысы бар балбал тасқа құдай секілді құлшылық еткен .
Алтайлықтар қорымдағы марқұмның бейнесі деп таныған. Оларды сөйтіп мұртты еркекке ұқсатқан. Алтайдың бұл еркектердің қолындағы ыдыс, осы аймақтағы қабір ішінен табылған ыдыстардың сыңары десе болады. Бұл ұқсастықты зерттеуші, ғалым Л. Р. Қызлақов та аңғарған. Оның айтуынша бұл мүсіндер марқұмның асқақ бейнесі болып табылады.
Қолына ыдыс ұстаған еркектер Алтай мен Сібірде ғана бар. . . . Шумер түркі параллелі, менің пайымдауымша, шумердің ыдыс ұстаған өзінің балбал тастары болған деген ойға жетелейді. Бірақ бұл обалар Вавилонның жазба деректеріне қарағанда, өзінің құдай ретіндегі қалпын сақтап қалған. Вавилонша бұл – Иштор, құдайға табыну. Тамуз күнінен бастау алған. От анасы, Аңызға қарағанда Иштор жерге түсіп, Тамузды тірілтеді. Ыдысты ішіне жапсыра құшақтаған Иоштордың мүсіні сақталған.
Шумерлерде күн нұрға толы ыдысқа айналып, қиялды асқақтатады. Қолдағы, яки бастағы нұрға толы ыдыс – тіршілік бейнесі. Ал сынған ыдыс – өткен күндер. Патшаның жасына орай қабірге сонша қыш, яғни ағаш ыдыс салынған. Сынбайтын темір ыдыс болса тіршілік идеясы болып табылады.
Ыдыс ұстаған Иштор құдайдың мүсіні қабір басына қойылады. Тамуз күнге ұқсаған Иштор оны тірілтуі керек. Қазақстардың ән қайырмаларында: Тамыз, тамыз, тамызайық , - деп мағынасыз қайталана беретін жолдар бар. Бұл, біздіңше Тамуз – күн құдайына арналған дұғадан қалған болуы керек. Монголиядан Веенгрияға дейінгі қорымдарда Иштор құдайының бейнесі болып саналатын ыдыс ұстаған балбал тастар жеткілікті. Бұл тәңірге табынатындардың рәмізі. . . ХІ ғасырдың түркі мұсылмандары ыдысты жарты ай түрінде алып, ислам рәмізі етті. . .
Мұндағы басты идеяның кейінгі діннен айырмашылығы неде? Сенім – қайта тірілтуде. Ұйықтап, егер сен жер ұлы болсаң, суыр мен шөп секілді, егер сен аспан ұлы болсаң, күн секілді қайта тіріліп кетесің. . .
Балбал – археологиядағы ғұрыптық ескерткіштердің бір түріне байланысты қолданылатын атауы. Балбал тас мүсін емес, дұрысында оның жанына тізбектеле қойылатын, сәл ғана өңделген, көбіне өңделмеген кішірек тас бағандар. Бұларды тұрғызу – өлген адамға құрмет көрсетіп, ескерткіш қоюдың бір түрі. Мысалы: атақты ойшыл әрі шешен Иоллық тегін әкесі Білге қағанға ескерткіш орнатқанда былай деп жазған: Әкем қағанға балбық (балбал) тіктім . Білге қағанға арнаған балбалдас тізбегі (Монғолияда)3 км, шамамен 750 тас. Балбалдарды Ә. Марғұлан, Л. Р. Қызласов А. Д, Грач, С. Г. Кляшторный, В. Д. Кубарев т. б. Қазақстан, Тува, Монғолия жерлерінен тауып зерттеген. Әдетте, ол түркі дәуірінің (6-9ғ) ғұрыптық тас қоршауларымен бірге орнатылады. Қоршаудың сыртындағы шығыс іргеге өлген адамның бейнесін беретін тас мүсін қойылса, одан әрі шығысқа қарай ондаған, кейде жүздеген балбалдар тізбегі орнатылады. Зерттеулерге қарағанда, балбалдар қаза болған батырдың өз бейнесін көрсетпейді. Мұндай тас бағаналар қаза болған ардақты батырмен қоштасу рәсімін, оған ас беру салтанатына елдердің таксономиялық орналасу жүйесі бойынша арнайы келіп қатысқан және бір-бірден балбал тас әкеліп қойған түрлі рулық топтар мен жекелеген адамдардың құрметін көрсететін семантикалық өрісі кең символдар болып табылады. Ә. Марғұланның деректері бойынша, ертеректе Қарқаралы, Баянауыл жерлерінде жалпы саны 300-350-ден астам бағаналардан тұратын балбалдар тізбектері кездескен. Бұндай аса үлкен тізбектер өлген адамның қадір-қасиетінің, беделінің тым зор болғанын білдіреді, көбіне балбалдар тізбегі мұнан әлдеқайда аз болады.
Балбал тастар – тастан жасалған адам бейнесі. Олар Қазақстан аумағында өмір сүрген адамдардың діни танымдық, салт-дәстүрлерін көрсетеді.
Қазақстан жерінен табылған балбал тастар тарихына көз шалсақ мынадай мәліметтерді алуға болады.
1. Ерейментау тас мүсіндері. Түрік қағандығы кезінде жасалған Ерейментау тас мүсіндері – ҮІ-ҮІІІ ғасырлар ескерткіші. Осындай тас мүсіндер тобы Қазақстандағы Ерейментау төңірегінде, Сілеті, Кедей, Торғай өзендерінің бойында жиі кездеседі. Торғай кенінен оңтүстікке қарай 8 шақырым жерде сұр граниттен жасалған үш мүсін бар. Жергілікті халық оларды Қос батыр деп атайды. Сол замандағы шеберлер қою мұртты, белдігіне қару асынған, оң қолымен әдемі тостағанды омырауына дейін көтеріп, сол қолымен қылыш ұстаған Түрік қағандығы кезіндегі әскербасы алыптардың келбетін, алпауыт денесін жұмырлап, жақсы келтірген. Мүсіндерді граниттен жасалған төрт бұрышты қоршаудың күншығыс іргесіне жерге қадап тұрғызған. Сол заманда батырларға, қоғам қайраткерлеріне қоршау мен тас мүсін тұрғызу оларды еске түсірудің бір түрі болып саналған.
2. Арғанаты тас мүсіндері. Арғанаты тас мүсіндері – түркілердің орта ғасырлардан қалған ғұрыптық ескерткіштері. Қазақстандағы Қарағанды облысы Ұлытау ауданындағы Арғанаты тауының Мық, Домбауыл, Айыршоқы қыраттарында орналасқан. Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеген. Мүсіндер жалпақ тастан қашалып, төртбұрыш, шаршы түрінде жасалған қоршаулардың шығыс жақ сыртына беті күншығысқа қаратыла тігінен орнатылған. Одан шығысқа қарай кішірек тас бағаналар немесе балбалдар тізбегі кездеседі. Мық тауының етегіндегі жергілікті тұрғындар арасына Алып тас , Мықтың алыбы атанған мүсін сұр граниттен қашалған. Мүсіннен ер адамның бет-әлпеті, шоқша сақалы мен үлкен көзі, ұзын мұртының және аяқ-қолының бедері айқын көрінеді. Оң қолына сусын ішетін тостаған, сол қолына қылыш ұстаған. Екінші мүсін бұдан 200 метр қашықтықта орналасқан. Осы екі мүсінді жергілікті қазақтар Қос алып , Қос батыр деп атайды. Бұл мүсіндер ҮІ-ҮІІІ ғасырларға жатады. Арғанатының Тұлпартас сілемінің баурайынан ҮІІІ-ХІІ ғасырларға жататын граниттен қашалып жасалған адам мүсіні табылды. Мүсінде әдемі жас әйелдің бет-әлпеті кескінделген. Мұндай тас мүсіндер, негізінен, елге сыйлы адамдарға қойылған.
3. Атсуытқан тас мүсіні. Атсуытқан тас мүсіні – Қазақстандағы Қарағанды облысы Шет ауданы Атсуытқан тауының шығыс жағындағы шаршы қоршау ішіндегі тас мүсін. 1982 жылы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеген. Әр қабырғасы 3 метр, қақпа тастарды тігінен көміп құраған. Қоршау ішін тастармен толтырған. Арнайы әкелінген ақ шақпақ тастар кездеседі. Мүсін жасаған тастың жоғары жағы жалпақтау. Тастың жоғары бөлігінде адамның бейнесі бедерленген. Қалың қабағы, үлкен көзі, мұрны, ұзын мұрты мен жалпақ, ұзын сақалы бейнеленген. Мүсіннің бейнелену тәсілі, қоршау құрылысы оның ҮІ-ҮІІ ғасырларда жасалғанын көрсетеді.
4. Ұлытау тас мүсіндері. Ұлытау ескерткіштері Ұлытау төңірегіндегі кезігетін тас мүсіндер шоғыры (ҮІ-ҮІІІғасырлар). Түркі дәуірінен қалған тас мүсіндер қылыш, қанжар сияқты әскери қарумен, сусын ішетін сауытпен өрнектелген. Батырлар мен қолбасы мүсіндерінің тізбегі қойылады. Балбалдар саны кейде 200-ге жетеді. Ерлер мүсіндерімен қатар аңызға айналған арулар мен ардақты аналарға да мүсін қойылған. Бұл тас мүсіндер кісінің жас мөлшеріне орай қызтас , келіншектас , кемпіртас деп атала береді. Ұлытау ескерткіштері қазақ жерін мекендеген тайпалардың рухани мәдениетін, тұрмысын, салт-санасын, өнер тарихын көрсететін бірден-бір дерек болып табылады. Жылысай тас мүсіндері – Қазақстанның Қарағанды облысында түрік қағандығы (ҮІ-ҮІІІғасырлар) мен қыпшақ заманында (ҮІІІ-ХІІІ ғасырлар) жасалған мүсін тастардың көрнекті тобы. Қағандық кезіндегі мүсіндер тас қоршаудың шығыс жақ іргесінде, беті шығысқа қарап тұрады. Жылысайдағы тас қоршаулардың жалпы саны сегіз, олардың әрқайсысының шығыс іргесінде бір-бір мүсін тастары болған. Оның үшеуі қираған. Бізге жеткен бес мүсіннің екеуі егде адамды, екеуі жеткіншек жастарды, соңғы мүсін орта жастағы әйелді бейнелейді. Бұл тас мүсін нәрестелердің қорғаушысы саналған Ұмайдың бейнесі болуы мүмкін.
5. Қарқаралы тас мүсіндері. Қарқаралы тас мүсіндері – түркі дәуірінен қалған тас мүсіндер тобы. Ол тас мүсіндерде, негізінен, батырлар, қолбасшы-көсемдер, билер мен абыздар, жыршылар мен бақташылар бейнеленген. Тас мүсіндер саны 200-ге жетеді. Батырлар қару-жарақпен, хан мен билер қолына асатаяқ, беліндегі кісесімен бейнеленген.
Қарқаралы тас мүсіндерінің бет-әлпеті, дене мүшелері, асынған қару-жарағы, қолындағы заттары шынайы, әрі тартымды жасалған. Қарқаралы маңында кезігетін тарихи ескерткіштер қазақтың ежелгі мүсін өнерінің озық үлгілерінің бірінен саналады.
Балбал тастар Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай, Қалба тау жоталарында жиі ұшырасады. Мұндай туындылар көшпелілер қоғамынан баға жетпес мәліметтер беретіндіктен де тарих ғылымында үлкен мәнге ие.
Тарбағатайдың күнгей сілемдері Таскескен мен Үржар өңірінде де жартас төсіне қашалып салынған көне кескіндер мол әрі өзге өңірлердегіге қарағанда елеулі ерекшеліктерге ие.
Егер осы Тарбағатай өңіріне тоқталатын болсақ, 2009 жылы ғалым-зерттеуші Алан Байтенов Мәдени мұра бағдарламасы бойынша Тарбағатай таулары мен Қытай елінің шекарасында болып қайтқан еді. Тарбағатай таулары халықтың сан жылдар бойындағы өзгерген тарихын жақсы біледі. Бұл сонау ғұндар, ежелгі түркі тайпалары, монғолдар, жоңғарлар және де орта ғасырдағы тайпалар кейін қазақ этносы болып кеткен – найман, қыпшақтар. Осылардың барлығы өзінен кейін қаншама іздер қалдырған. Кейбір қызықты материалдар осы экспедиция кезінде табылған. Солардың бірі ер адамның балбал тасы. Оның бағалы да қызықты жері мүсінде ер адамның басына кигізілген үшмүйізді бас киімде. Бір бет жағы мен көзі, мұрны, аузы және де ширатылып салынған мұрты бар.
Бұл олжаның құндылығы соншалық бұндай мүсіндер өте сирек кездеседі. Бүкіл Қазақстанда бірнеше ғана мүсіндер бар екен.
Енді Семей өңіріне келетін болсақ, жуырда ғана Семей қаласының тарихи-өңір мұражайы тағы бір балбал тасқа толтырылды. Ол тасты Аягөз ауданы Мың бұлақ ауылынан 5 шақырым жерден табылған.
Тас мүсін - балбалды осы ауылдың тұрғыны табиғатты суретке түсіріп жүріп байқаған. Оны Семей қаласына жеткізген Семей қаласының заң колледжінің ұстазы филология ғылымының кандидаты - Хаджимурат Илиуф еді. Содан кейін ол мүсінді осы мұражайға тапсырылып, зерттеуші-ғалымдар жұмысқа кірісіп кетті.
Мұражай қызметкерлері бұл олжаның баға жетпес табыс екенін және де оның қолдан қашап жасалғанын айтады. Зерттеушілердің айтуына қарағанда ол ҮІ-ХІІІғғ. жасалынған. Бұл Семей қаласы мұражайының 12 балбал тасы. Бұл мүсіннің ерекшелігі кейбір детальдық өзгешеліктерінде. Мысалы айта кететін болсақ, оның маңдайындағы әжімі, бұндай әжім басқа мүсіндерде кездеспеген екен. Барлық балбал тастардағыдай бұл да қолына ыдыс ұстаған, сол қолында қаруы бар. Жаңа олжаның биіктігі – 1 метр 18 см.
Қазіргі жылдары белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин кәдімгі балбал тастарды зерттеуге қызығады екен. Өзінің айтуына қарағанда ол кісінің Қазақ жерінде барып, көрмеген балбал тастары кемде-кем сияқты. Мүсіндердің суретін Маңғыстау жағынан, екіншісін Алтай жақтан, үшіншісін Алатау бөктерінен, тіпті кейбіреулерінің суретін Монғолия жерінде түсіріпті. Оның айтуына қарағанда балбал тастар Қытайда, Ресейде, Өзбекстан мен Қырғызстанда, Қап тауларында да, тіпті Германияда да бар екен.
Саясаттанушы балбал тастар біздің бабаларымыз құрған өркениеттің қандай өңірлерге дейін тарағандығын көрсететін белгілер. Біздің бабалар сол заманның өзге қауымдары сияқты өз құдіреттерін алып пирамида, үлкен қорған, қамалдар тұрғызумен дәлелдеуге ұмтылмаған. Олар пенденің күш-қуаты Жаратушының құдіретінің қасында тозаңға да татымайтынын түсініп, тек ұрпағына ұлан-ғайыр мекеннің кімдігі екендігін еске салатын осы балбал тастарды ғана қалдырған дейді.
Г. Ф. Миллер 1734 жылы Ертіс маңын зерттей жүріп, қимақ-қыпшақ өнері ескерткіштерін тапты. Үш кестемен бейнеленетін бұл ескерткіштер бұрынғы КСРО (СССР) Ғылым Академиясының архивінде сақтаулы тұр.
В. В. Радлов осы қорымдарды бұдан 170 жыл бұрын ақтарса, С. А. Руденко бертінде: Алтайдағы мәдени ескерткіштердің тамаша өнер туындыларының иелері кім болды? - деп таңданып, оған өздері жауап берді: Қазірде мұның бәрі азият тектес тайпалардікі болғандығына еш күмән жоқ. Өнер ортақтығы, олардың шыққан тегінің ортақтығы мал өсірушілердің тұрмыс деңгейімен, оларға тән көшпелі өмір салтымен өлшенеді. . . деген.
Қорытынды
Қорыта айтқанда, кезінде түрліше жағдайларға байланысты Шығыс Қазақстанда өмір сүрген ата-бабаларымыздан қалған көптеген құнды ескерткіштер бізге келіп жетпеді. Оған соғыс, өрт, табиғат апаты, пенделік көзқарас, кейде тіпті әдейі жасалған қастандық себеп болды. . .
Тарбағатайдың сай-сала, шатқалдарында ежелгі дәуірлерден жеткен мұралар сақталған. Көне жәдігерлердің ішіндегі ең құндысы – кәдімгі балбал тастар. Биіктігі кісі бойындай, бір қолына тостаған, бір қолында семсер ұстаған қияқ мұртты тас мүсіндер Тарбағатайдың теріскей беткейінде жиі ұшырасады. Алайда өкініштісі, Үржар өңірін мындаған жылдар бұрын мекендеген ежелгі тайпалардың бұл туындылары мемлекет тарапынан ешқандай қорғауға алынбай отыр.
Соңғы жылдары жергілікті тұрғындар осындай тас мүсіндер мен таңбалы тастардың жел өтінде тұрып тозғанын, құлап, топыраққа көмілгенін, түрлі себептермен жоғалғанын айтуда.
Жанашырлықты алыстан тоспай-ақ, өзіміз кіріспесек болмайтын секілді. Мектеп оқушыларынан арнайы топ ұйымдастырып, осындай құндылықтарды іздестіріп, тұрған жерін анықтап, лажы болса, қайта қалпына келтіріп, суретке түсіріп, зерттеуді қолға ласа, құба-құп болар еді. Бұл әсіресе Шолпан, Таскескен, Егінсу, Үржар, Ақшоқы ауылдары үшін маңызды.
Таскескен-Үржар тас мұралары одан арғы заманнан жеткен, әлі де көптеген зерттеуді күтіп жатқан тарихи маңызы зор ескерткіштер. Осыған орай біз мектеп оқушыларынан балбал тастар туралы не білесіңдер деген сұрақпен (анкета) сауалнама жүргізген едік.