Мұғалім: Омарова Сагдат Бакеновна
Құндылық: Ақиқат
Қасиеттер: қарапайымдылық
5 сынып
Ресурстар: Мультимедиялық тақта, оқулық, дәптер, мақал - мәтел, дәйексөз, маркер, ақ қағаз, гүл, жүрек, көбелек суреттері
Сабақ тақырыбы: Адам мінезімен танылады
Сабақтың мақсаты:
Адамның мінезі, мінезді жетілдірудегі адамның мүмкіндіктері туралы түсінік беру.
Оқыту мен тәрбиелеудің міндеттері:
• Жақсы, жаман мінез - құлықты ажырата білуге үйрету;
• Оқушылардың бойында жақсы мінез - құлық дамытуға ықпал ету;
• Өзін құрметтеу, өзіне деген сенімділікке тәрбиелеу.
Сабақтың барысы: 1. Ұйымдастыру кезеңі
а) оқушылармен сәлемдесу, түгелдеу
ә) оқушылар назарын сабаққа аудару
б) Тыныштық сәті №1.
Нұрға бөлену.
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ - қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.
Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек - қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты. Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түседі. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. олар нұр мен махаббат құралына айналды. Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басының түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.
Нұр бірте - бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып жан - жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей ренжіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, Олардың да жүрегі нұрға толсын.
Осы нұр бүкіл әлемге: Барлық адамдарға, жан - жануарларға өсімдіктерге барлық тірі жанға таралсын.... Ғаламның барлық түпкір - түпкіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: “Мен нұрлымен... Нұр менің ішімде... Мен Нұрмын”.
Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз...
Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.
Жаймен көзіңізді ашуға болады.
2. Үй тапсырмасын тексеру
1. Біз Өзін - өзі тану пәнінен не үйрендік?
2. Өзін - өзі танудың адам өміріндегі маңызы қандай?
3. Өзін - өзі тануды сарқылмас қазына деуге бола ма? Неліктен?
Әңгімелесу:
1. Мінез дегеніміз не?
2. Адамның мінезі қайда және қалай танылады?
3. Мінез - құлық адамдардың қарым - қатынасына әсер етеді ме? Қалайша?
4. Адам өз мінезін өзгерте ала ма? Қалай?
Мәтінмен жұмыс:
Әлім мен Жанар
Төсектен тұрған Әлімнің көзі алдымен терезедегі әдемі әшекейге түсті. Бұтақтарын жайған шырша ағаштары ма, әлде үстін кар басқан тоғайдағы биік талдардың суреті сияқты ма, әйтеуір, әйнекке эдемі өрнек түсіпті.
- Әже, терезеге қырау тұрыпты ғой. Дала суық па? - деп сұрады Әлім киініп жатып.
- Қар жауыпты, сырт аяз,- деді әжесі. Әлім қуанғанынан күлімдеп:
- Қар! Қар! Далада қар!.. - деді асыға киініп...
Әлім далаға шықты. Аула іші аппақ. Есіктің алдындағы темір шарбақ та, шарбақ ішіндегі қатар түзеп тұрған ағаштар да қар жамылып, әдемі түрге еніпті. Бұтағы қозғалса, үстіндегі қар сусып жерге түседі. Күннің сәулесіне шағылысып жалт - жұлт етіп көз қытықтағандай болады.
Сарайдағы ағаш күректі алып, есік алдының қарын күреп, қораның қақпасына дейін жол салғысы келді. Ертеңгі аяздан оның күрек ұстаған жалаңаш қолы тоңып, екі бетінің ұшы қызара бастады.
- Жолдың қарын күреп жатырсың ба? Бәрекелді, таза ауа жұтып, бұлай жұмыс істеу денсаулыққа өте пайдалы, - деді құдықтан су алып келе жатқан көршісі Қадиша апай.
- Жанар шыға ма, апай? - деді Әлім күрегін үйілген қарға қадап, қолғап кигелі үйге қарай кетіп бара жатып.
- Қазір шығады, - деді Қадиша апай.
Әлім қолғабын киіп сыртқа қайта шыққанда, әлгі күреген қарды шашып жатқан кішкентай қызды көрді. Қоңыр түбіт бөркінің төбесіндегі жас баланың жұдырығындай түймесі қозғалса, бұлғақтап Әлімді мазақтағандай болады. Әлім оның қасына жүгіріп келді.
- Олай күремейді. Былай тұр, өзім күреймін.
- Мен ше? Мен де күреймін! - деді Жанар күрегін ыңғайлап.
- Бұл қыз бала істейтін жұмыс емес, қолыңнан келмейді.
- Жоқ, күреймін! Неге қолымнан келмейді?
Жанар ашуланып, Әлімге қабағын түйе қарады. Осы кезде оның қиылған жіңішке қастарының арасынан ұзынша сызық пайда бола қалды. Танауы қусырылып, үстіңгі ерні қайқайып кетті. Әлімді кейін қарай итерді де, өзі оның нақ алдына барып тұрды. Жанардың бұл мінезін жаратпаған Әлім аузын бұртитып:
- Ерегісе берсең, тіпті де күретпеймін! - деді.
- Мақтаншақ! - деді Жанар оған ашуланып, - Жолдың қарын өзім күредім деп, мақтанғалы жүрсін ғой. Мақтаншақ! Мақтаншақ!
Жанардың үйге қайтып келгенін көрген шешесі:
- Неге ойнамадың? - деп сұрап еді, қызы:
- Апа, Әлім жаман бала. Мен онымен ойнамаймын, - деді сөзін бөліп сөйлеп. Көзі жасаурап кетті.
- Неге жаман? - деді Әлімнің бұрын - соңды орынсыз істерін көрмеген Қадиша апай қызына таңдана қарап.
Жанар апасының қасына келді.
- Апа, ол маған қар күретпейді! Ол - мақтаншақ. Өзі ғана күрегісі келеді.
Жанар терезеден Әлімге қарап:
- Мақтаншақ! - деп айқайлады.
- Қой, жаман балаларша мазақтағанды қайдан шығардың? - деді Қадиша апай. - Әлім - жақсы бала. Ол өздігінен келіп ешкімге тиіспейді.
- Иә, тиіспейді. Маған қар күретпеймін деді ғой. Мен оны жек көремін.
- Кеше саған кітабын әкеліп бергенде, жақсы еді, бүгін жек көріп қалдың ба?
- Енді оны еш уақытта да жақсы көрмеймін!
Жанар ренжіп кетті ме дегендей, Әлім оның терезесіне қайта - қайта қарап тұр еді. Әйнектен сығалап тұрған Жанарды көріп:
- Жанар, Жанар! Кел, екеуіміз күрейік, кел! - деді қолын бұлғап.
- Әне, шақырып жатыр, - деді апасы қызына. - Жаман бала болса, шақырмас еді, көрмейсің бе, бар, ойнай ғой. Жанар терезенің әйнегіне жақындай түсіп:
- Бармаймын. Мақтаншақ! Мақтаншақ! - деп, тілін шығарып, тағы да мазақтады.
Әлім мектептен қайтқан соң, шанасын сүйретіп есік алдындағы сырғанақ теуіп жүрген балаларға келді. Әрқайсысы бір - бір шанаға отырып алып, биіктен ойға қарай сырғанай жөнелді.
- Әлім, кел, кел! - деді жолдастары қуанып. - Кел, Әлім, кімнің шанасы алысқа сырғанар екен, жарысай
Дәйексөз:
Жақсы мінез – бүкіл өміріңнің сарқылмас байлығы
Оқушылардың мінез - құлық туралы ойларын түйіндеу мақсатында оқулықтағы мінез туралы нақыл сөзді түсіндіру.
Шығармашылық жұмыс:
Адамның мінезі оның басқа адамдарға, қоршаған ортаға деген қарым - қатынасынан, іс - әрекеттерінен байқалады. Адам өзін - өзі тәрбиелеу үшін өзінің мінез - құлқын танып, өзіне сыни көзбен қарай алатындай қабілетке ие болуы керек. Әр адам өз бойында адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеп, өз мінезін жетілдіре алады .
Дәптерде берілген криптограмманы шешіп, Өзін - өзі тану туралы Сократтың нақыл сөзіне пайымдау жасау.
Топпен ән айту: Ерден Атайдың әні
Сөзі: Ә. Асылбековтікі
Әні: Е. Хасанғалиевтікі
Кел, балалар, тұрмаңдар
Бізде қызық думан бар.
Атамыздың алуан
Ертегісін тыңдаңдар
Қайырмасы:
Ерте, ерте, ерте, екен,
Ешкі - ай жүні бөрте екен.
Ертегі сөз қашанда
Тамашаның көркі екен
Түрлі - түрлі ертегі,
Тұла бойды ертеді.
Ерте өткен ерлердің,
Ерлік ісін шертеді.
Дәптермен жұмыс: дәптерде тапсырмаларды өз беттерінше орындайды.
Үй тапсырмасы: Мәтінді оқып түсінік айту
Соңғы тыныштық сәті:
- Балалар, тыныштық сақтап, үнсіз, қолымызды жүрегімізге қойып, жүрегімізді тыңдап көрейікші. Жүрек әр түрлі сезімдерге толы. Олардың арасында жанашырлық, қамқорлық, аяушылық сезімдері басым екенін сезініңдер. Сездіңдер ме, сезген болсаңдар, сендердің жүректерің жылы да мейірімді. Олай болса, сендер де көп қайырымды істер жасап, қамқорлық көрсете аласыңдар.