Қызылорда облысы,
Қазалы ауданы, Қазалы ауылы,
№100 орта мектебінің
I cанатты бастауыш сынып мұғалімі
Саулебаева Ләззат Шәкиқызы
Тақырыбы: Кіндігімнің жас қаны,
Тамған жерім ауылым!
Мақсаты: а) оқушыларға туған ауылдың өткен тарихымен таныстырып, туған жерге деген ыстық сезімін бөлісуге, әр баланың елін, Отанын қадірлеуге бағыттау.
ә) еңбек түрлерін ұғынып, оны бағалауға, өткенді қастерлеп сақтауға, еңбек ардагерлерін сыйлауға, құрметтеуге тәрбиелеу.
б) оқушыларды халқымызға болашағынан үміт күтетін білімді ұрпақ керек екенін ұғындыру.
Әдісі: баяндау, кездесу, монтаж.
Көрнекілігі: интерактивті тақта, суреттер, кесте.
Өткізу жоспары:
1. Кіріспе
2. Бұл ауыл қалай құрылған?
3. Бүгінгі ауыл келбеті
4. Өз қолымен қалаған іргетасын, Атам, әжем еңбектің ардагері
5. Шежіре қарттар сыр шертеді
6. Ауыл айшықтары
7. Ауылымның келешегі, менің – болашағы!
8. Ән шашу
9. Ақ бата
10. Қорытынды
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі
Біздің тәрбие сағатымызға байқап отырғандай қонақтар келіп отыр. Ауыл ақсақалдары, ардагер ұстаздар Молдабек ағай, Қойтанбай ағай, Өмірбек ағай
ІІ. Кіріспе
- Ауыл қазақтың алтын бесігі, күре тамыры. Ауыл адамзаттың кең дүниенің есігін ашып өмірге, бізге дейінгі сан толқын ұрпақтың кіндік қаны мен кең маңдай тері тамған, киелі мекені. Ана әлдиі алтын бесік, алғашқы қадам әр адамның аяулы қымбаттысы. Сондықтан ет пен сүйектен жаратылған жаратылыстың барлық иелері өз ауылын сүйетіні сөзсіз. Дүниедегі ең құдіретті ана болса, ауыл да барлық халықтың анасы, тіршіліктің нәрі.
Ауыл - халқымыздың бойына нәр құятын алтын бесігі, негізгі мекен-жайы, ұлттық рухтың қуат алар қайнар көзі.
Туған жер - алтын бесік ал, өзін аялап тербеткен бесігін сыйламаған, құрметтемеген, оны қозғамаған жаннан ем жақсылық күтуге болмайды. Туған жердің тарихын білмеу де ұят. Бүгін біз туған ауылымыз Қазалы ауылы жайлы ой тебірентпекпіз.
Ауылым әні (ойналады)
ІІІ. Бұл ауыл қалай құрылған? Қазалы ауылының тарихы
Қазалы совхозына 1942 жылы Ақтөбеден 6011 бас қой, 30 бас сиыр, 5 ат пен 35 жанұя келген. 1943 жылы Комсомол және Бірлік колхозы бірігіп, Қазалы асыл тұқымды қой совхозы болған. 1943-1947 жылдары Қазалы совхозын Сәбила Батырова басқарған.
1948 жылы Қазалы совхозына Дүйсенбай Махановтың басшылығымен 13 жыл ішінде бұрын артта қалып келген осы Қазалы совхозын көркейту мәселесіне зор көңіл бөлінді. Стандартты тұрғын үйлер, клуб, тұрақты киноқондырғы, кітапхана, орта мектеп, селолық аурухана, монша, электр станциясы, қуатты радиоторабы салынды. Үлгілі жоба бойынша мол қорап және басқа өндірістік объектілері салынды. Осындай шаруашылық нәтижесінде совхоз өрге басып, әлдене бастады.
Мемлекеттік жоспарлар барлық көрсеткіштер бойынша асыра орындалды, қойдан қырқылған жүн орта есеппен 4, 8 кг жетті. Директордың еңбегі жоғары бағаланды. 1958 Қазалы совхозының Арал маңындағы биязы жүнді қой өсіру жөніндегі көп жылдық ғылыми жұмыстардың қорытындысы бойынша асыл тұқымды мал совхозына жатқызады. Совхоздың былай өркендеуі директордың ұйытқысымен бір топ ғалымдар шақырылып жергілікті жерге төзімді жаңа түр шығарумен аяқталған.
IV. Бүгінгі ауыл келбеті.
Ауылымыздың қазіргі жағдайы – қазір ауылымыздың жер көлемі 467, 881 шаршы км созылып жатқан 660 халқы 15 елді мекені бар. Қазалы ауылы қазіргі таңда 704 орындық 3 қабатты мектеп бойы көтерген. Онда 278 бала дәріс алады. Ауыл орталығында жанұялық емхана, мектеп-интернат, мәдениет үйі, кітапхана, балалар бақшасы қызмет жасайды.
V. Өз қолымен қалаған іргетасын, Атам, әжем еңбектің ардагері.
(С. Батырова, Д. Маханов, К. Шораева, Ө. Садықов, Ж. Сүттібаев, Е. Есіркеев, Е. Теңізбаев суреттері)
VI. Шежіре қарттар ыр шертеді.
Молдабек ағайға сөз берейік. Ауылымыздың көрген, білгенін оқушыларға әңгімелеп берсе.
VII. Ауыл айшықтары
Қолдары бүгін ұзарып,
Еншісіне тиді жер.
Жер кіндігі – мол байлық,
Тұрмыстарын түзетер.
Ауыл шаруашылығы еңбегі жаңаша құрылды. Фермерлер немесе шаруа қожалықтары деп аталды. Бұрын бар мәселені басшы шешетін еді. Қазір әркім өзі шешуге құқы алды. Отбасы мердігерлері жаңа табысқа жетуде. Кәсіпкерлер, бизнесмендер пайда болды.
Енді болашақ журналистеріміздің сұрағы:
- Ауылымыздың кәсіпкерлері туралы білеміз бе?
- Ауылымыздың қазіргі жағдайы мен бұрынғы жағдайы қандай?
- Ауылды құру үшін қандай қиыншылықтар кездесті?
- Болашақ ауыл қандай болса екен деп ойлайсыз?
VIII. Ауылымның келешегі менің болашағым!
Сен ауылың үшін не істер едің?
1. Егер сен әкім болсаң...
2. Сен дәрігер болсаң. ...
3. Сен кәсіпкер болсаң. ...
4. Сен бай болсаң. ...
5. Сен фермер болсаң. ...өз ой-пікірлерін тыңдау. Жазып келген шығарма, әңгіме, өлеңдерін оқыту.
Сәнім Ауыл әңгіме.
Оңталап Өлең
Ғарифолла Өлең
IX. Ән - шашу. Әдеби сазды бағдарлама
Ән мен күйді төгілтіп,
Інжу – маржан шашайық.
Қонақтарды таң қалдырып,
Өнерден күмбез жасайық.
Тақпақтар: Перизат, Альбина, Сәнім, Айдос, Назерке, Дамир, Оңталап, Ислам, Нұржан.
1. Ауылым әні Ғарифолланың орындауында
2. Күй Нұржанның орындауында
3. Солдат болам мен ертең Амантай, Нұрсұлтан, Ислам
4. Қошақаным әні Аян, Дамир
5. Қара жорға би. Бір топ оқушылар
X. Ақ бата.
Сенімді жолмен әманда,
Халқымның алып батасын.
Аттаған жаңа заманға,
Ауылым менің жасасын – деп Молдабек атамыздың батасын алайық.
XI. Қорытынды сөз
Тектіліктің тамырын тереңге тартқанын ойлайтын халықпыз ғой. Өткенімізден өнеге алар, үлгі болар сәттерін еске түсіріп, естелігін тыңдап, тағылымын ұғынып өсуге арналған бұл тәрбие сағатымыздың мәні зор.
Елдің еңсесін көтеру жастардың мойындағы міндеті, бабалар заманнан қалған арман – тілекті алға апарушы жастар екенін әрбір жас білуі тиіс. Құрметті қонақтар, оқушылар Аманаттың ақ ордасы – ауыл. Ауыл мәдениетін көрейік. Аманаттың ақ жолына қанат қағайық ағайын.
Тәрбие сағатымызды қорытындылау үшін сөз кезегін мектебіміздің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Б. Карчалова апайға сөз береміз.
Осымен бүгін Кіндігімнің жас қаны,
Тамған жерім – Ауылым атты ашық тәрбие сағатымыз аяқталды. Келіп тамашалағандарыңызға рахмет.