Менің педагогикалық ұстанымым (эссе)
Менің өмірдегі бақытым - жүрек қалауымен ұстаз болуым. Ұстаз болу - жай ғана мамандық емес. Ол адам бағдарын жасаушы. Алғашқы сәбилердің сыңғырлаған күлкісі, балдай тәтті сөздері, мөлдіреген көздері бәрі - бәрі өте қызықты сәттер болды. Бала өмірдің гүлі, отбасы дәнекері, ана ғұмырының жалғасы, ең бастысы, біздің қоғамымыздың алға қарай дамытушы болашағы. Сондықтан да жас ұрпақты заман талабына сай, көздің ғана емес, көңіл қуанышы етіп тәрбиелеу – басты міндет. Педагог К. Д. Ушинскийдің егер педагогика адамды жан - жақты тәрбиелегісі келсе, оны жан - жақты білуі керек деген терең мағыналы сөзін жадыма сақтай отырып, білімімді тереңдетіп, ізденуді мақсат еттім. Кішкене сәбимен сөйлесе білу де – үлкен өнер. Олар бір нәрсені естігені мен көргендерін есте сақтағыш, тез қабылдағыш, мейлінше сенгіш, барынша таза, адал көңілді, білуге, тануға құмартқыш келеді.
Менің педагогикалық ұстанымым балаларды денсаулығы мықты адам етіп қана өсірмей, сонымен қатар кең пейілді, ақылды, жауапкершілігі бар адам етіп тәрбиелеу. Көздері қарақаттай мөлдіреген балалардың менің өткізген оқу іс - әрекеттеріме қызығушылықпен қарап отырғандарын ұқтым. Білуге, үйренуге құштар балаларды көргенде менің шабытым артып, тағы бір арман пайда болды. Кішкентай, балғын балалар!... болашақ үздік шәкірттерімді қалай қалыптастырамын, отанын сүйетін адам етіп тәрбиелеуге өзіндік үлесімді қоса алам ба?- деген сұрақтар мазалап, жаңа жоспарлар құруға жол ашты. Баланың бойында имандылық, көркем қасиеттерді сіңіру басты мақсатым болды.
Тәрбиеші баланы жан тәнімен сүюі керек. Алдымен рухани қуат беруі қажет. Мейірімділік, шыдамдылық, кешіре білу, баламен тең жағдайда сырласу, оның мүмкіндіктеріне сену, ойын әрқашан құлақ қоя тыңдау тәрізді қасиеттері арқылы ғана мен өз мәртебемді көтере аламын. Балаға үнемі қолдау көрсету - менің ізгі ұстанымым.
Балалар әдебиетінің атасы Ы. Алтынсарин балалармен қысқа, ашуланбай, байсалды сөйлесу, мағыналы сөздермен түсіндіру керек деп кеңес береді. Ал сәби жүрегіне қонымды жауап беру үшін, мен күнделікті оқу іс - әрекеттерді шынайы, жақсы, қызықты өткізуге тырысамын. Әр оқу іс - әрекетінің сәтті шығуы бірінші кезекте, әрине, тәрбиешілер қауымына – өзімізге байланысты.
Менің педагогикалық ұстанымым – кішкентай бүлдіршіндерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Болашақта тәрбиеленушілерімнен Қазақстан елінің жарқын да белсенді балалары болады деген үлкен үміт күтемін.