Сынып: 1
Тақырыбы: Қош бол, құтты Әліппем!
Мақсаты: Әліппені аяқтауды салтанатты түрде атап өту. Оқушылардың Әліппеден игерген білімдерін ата - аналарға, көрермендерге көрсету. Оқушылардың Әліппеден алған білімдерін тиянақтау. Әр оқушының іс - әрекеттері арқылы икемділігін, қабілеттерін көрсету, шығармашылық мүмкіндіктерін ашу. Әліппеге байланысты өлең тақпақтарын мәнерлеп оқуға үйрету.
Көрнекіліктер: әріптер, шарлар, мақал - мәтелдер, слайдтар.
Нұрбек:
Армысыздар құрметті қонақтар. Бүгін біз шексіз қуаныштымыз. Себебі алғаш сауатымызды ашқан, жақын досымыз Әліппемен қоштасамыз.
Мұғалім:
Бар білімнің бастауы,
Бар ғылымның бастауы,
Жас балаға нұр шашқан
Қандай кітап тіл ашқан?
Оқушылар: Әліппе!
Әсет:
Жақсы білім көрімдік,
Болсын сізге халайық,
Не үйреніп, не білдік
Кәне, ортаға салайық.
Бақытжан:
Өтті оқу сан сабақ
Бүгін үлкен салтанат
Басқа оқулық достаспақ
Әліппемен қоштаспақ
Нұрбол:
Қош бол құтты Әліппе
Тіл тұсауын кестің сен
Аялы анам болып сен
Айыбымды кештің сен
Әсем:
Әліппем менің Әліппем
Сені қолға алып мен
Есігін аштым мектептің
Ертеңгі сәуле жарығын
Алихан:
Әліппе деген алтын жол,
Апарар сені алысқа
Жеңіл емес, ауыр жол
Тырмысып бақ намысқа
Алим:
Бар кітапқа бас болған
Әліппе – ғылым ағасы.
Әліппеден басталған,
Даналықтың данасы.
Меруерт:
Қош бол, құтты Әліппем,
Көп нәрсені үйреттің
Таныстырып әріппен
Тақылдатып, сөйлеттің