ОЙЛАР

Скачать

ОЙЛАР... ОЙЛАР... ОЙЛАР...
Мен ойлар үшін, ойлану үшін қаншама уақытым кеткен болса да, ол үшін өмір бойы өкінбей өтем ғой деп ойлаймын. (Төлеген Айбергенов)
АДАМ ҮНЕМІ ОЙ ҮСТІНДЕ. Сансыз, мыңдаған ойлар мазасыздыққа жетелейді. Тіпті табиғаттың өзі ой жетегінде жүргендей. Маған мынау бар әлем ойлы қалыпты бастан өткеріп тұрғандай.
Жалпы, ойсыз дүние жоқ сияқты. Ұнжырғасы түсіп тұрған таста да, сыңғыр қағып аққан бұлақта да, өз жаратылысына мойынсұнып, жарығы жанбай тұрған бағанада да, гуілдей соққан желде де, оның ығына жығылған шөпте де... тамыры тереңге кеткен байыпты, байсалды бәйтеректе де, бар ауыртпалықты көтерген жерде де салмақты ой жатыр.
Кеңістігін ұсынған Дала да, биіктігін көрсеткен Аспан да, тереңдігін танытқан Теңіз де ойдан бір сәт ажырамайтын шығар - ау.
Күлімдеп қараған көктегі Күн де, тұнжырап, қара жамылған Түн де тылсым дүниенің беймәлім сырларын ұғындырғысы келгендей.
Күмәнді нәрсе – тұманды. Толық толғанып бір шешімге келгенде ғана қателеспейсің. Біз кейде ойланбаймыз. Артынан опық жейтініміз де содан. Ізгілікті ойлаған сайын дұрыс қадам жасауға талпынып, ішкі дүниең де түрлене бастайды. Толқынды боз тұманның ар жағында қиялдың ғажайып сұлу дүниесі барлығын біле бермейміз - ау.
Сырт - сырт етіп соққан сағаттарды кім ойсыз деп айта алады. Кейбір ұйқыашар сағаттың артындағы бұрауы сынып қалса, серіппесі ағытылып, зуылдап ала жөнелмей ме? Қашан серіппесі істен шыққанша тілдері тоқтамай зырылдай береді. Сол сияқты қолға қалам ұстаған жан да күндіз - түні жұмыс қалпында сезінеді өзін. Түсінде де ой, өңінде де ой. Ой бітпейді. Оның шеті де, шегі де жоқ.
Әкім Ысқақ


Скачать


zharar.kz