Күз суреті. Мақсұт Неталиев
Сарыала жапырақтар
Қонады қалқып ұшып.
Мүлгиді атырап бар
Жамылып алтын ішік.
Бу шығып бүйірінен
Ағады жылға - бұлақ.
Ақбөкен үйірімен
Барады Сырға құлап.
Дәнді алқап жалтылдайды,
Жайғандай дүзге кілем.
Жер - Ана ән тыңдайды,
Аққулар тізбегінен.
Қайың тұр амал қылып,
Шық моншақ тағынып ап.
Сүйеді самал – жігіт
Қалғандай сағынып - ақ!
Бұлбұлдар сайрамады,
Бұтаққа жайғасып жай.
Дөңгелеп Ай барады,
Әлемнің айнасындай!
Тәкәппар тау - шыңдар да
Өрлейді сүйіп өрін.
Қызығы таусылған ба,
Думанды дүниенің?!