Неліктен мен және менің мектебім өзгеруі керек?
Бір сәт жан - жағыңа көз жүгіртіп қарасаң жаңа заман, жаңа талап, жаңа әлемді көресің. Қарқынды дамып жатқан әлем өзгерістерге толы. ХХІ ғасыр тың идеялар мен жаңа инновациялық технологиялардың ғасырына айналған.
Әлемнің көз ілестірмей дамуына орай аяғына тік тұрып, көш бастап келе жатқан біздің еліміздің де дамыған елдер қатарынан көрінуі үшін жаңа ұстанымдар білім беру жүйесі мен экономикалық, әлеуметтік мәдениетімізге мейлінше өзгерістер енгізу талабы туындайды. Өйткені әлем қазіргі күні "білім қоғамын" және "білім экономикасын" құру бағытында. Сондықтан да бұл идея бүкіл білім беру жүйесіне реформа жүргізіп, оны модернизациялауды қажеттейді. (А. Әлімов, 2013)
Әлемдік тәжірибеден алып қарасақ білім саласына инвестиция салып, ұрпақтың зияткерлік сапасын көтеру арқылы мемлекеттің жалпы қуатын алдыға сүйреген елдер қатарынан көрініп жүрген Германияны, Финляндия, Жапонияны, Қытай мен Малайзия елдерінің қайсысының болмасын жер байлығы Қазақ елінің шалымына да келмейді. Ғылым мен мәдениеттің жілігін шағып, майын ішкен Шығыс елдері ең алдымен сана тәрбиесін алған ар - ұжданды жастардың, тәрбие мен білімді қатар жинаған талант иелерінің ұлттың бағын ашатынын жете түсінген. Осы тұрғыда дамыған мемлекеттер арасында ескі дәстүр мен жаңа идеяларды ұштастыра білетін яғни кимоно киіп, храмға барып сонымен бірге жоғары технологиялар саласында соны жаңалықтар жасайтын жапондықтардан алар үлгіміз көп. Жапонияның жас ұрпақты тәрбиелеуге зор көңіл бөлген халық екенін олардың тарихынан білеміз. 1879 жылы елін тексеру мақсатымен аралаған император Мэйдзи оқушылардың адамгершілік тәрбиесінің жағдайынан қатты шошынып, көп кешікпей "Білім брудің ұлы ұстанымдары" атты жарлық шығарды. Осыдан кейін Конфуцийлік моральдық этикалық тәрбиелеу және білім беру ұстанымдарына оралу басталды. "Адамдар алдымен өзінде руханилықты тәрбиелеп, адамгершілік қағидаларын ұстануы керек, содан кейін өздерінің қабілетіне сәйкес әртүрлі пәндерді игеруіне болады", - деп атап өтілген екен құжатта. Бүгінгі күнге дейін осы құжатты басшылыққа ала отырып білім беріп келе жатқан алып империяның жетістіктері таңдай қақтырарлық.