Адал дос және Амал дос

Скачать

Мақсаты: Оқушыларға дос туралы, достық қарым - қатынас жөнінде түсінік беру. Адал дос пен амал достың айырмашылығын түсіндіру. Адалдыққа, сыйластыққа тәрбиелеу.
Көрнекілігі: дос туралы нақыл сөздер, өлеңдер, мақал - мәтелдер, суреттер, үлестірме материалдар т. б.
Сабақтың түрі: тәрбие сағаты
Сабақтың әдісі: әңгімелесу, баяндау.
Сабақтың барысы:
Ребус шешу (сабақтың тақырыбын табу)

Оқушыларға сұрақтар беру:
- Дос сөзін қалай түсінесіңдер?
- Шын дос қандай болу керек?
- Достық дегеніміз не?

Мұғалімнің кіріспе сөзі:
- Міне, балалар, сендер дос туралы өз ойларыңды және өз достарың туралы айтып жатырсыңдар.
Досы көптің жаны семіреді,
Асы көптің тәні семіреді.- демекші сендер дос, достық деген ұғымның мағынасын терең ажырата біліп, өмірде өздеріңе сыйлас дос, сырлас дос таба білсін деп, бүгінгі сабағымызды осы тақырып төңірегінде өрбітпекпіз. Дос, достық туралы ұлы адамдардың сөздерін, мақал - мәтел, өлеңдер білеміз бе? (Оқушылар өздерінің жаттаған өлеңдері мен мақал - мәтелдерін айтады).

1. Нұрғали: Екі ердің достығы, асулардан асырар,
Екі елдің достығы, ғасырлардан асырар.
2. Мөлдір: Шын дос үшін қалайда
Тік қатерге басыңды.
Айыра біл алайда
Досың менен қасыңды. Мұса Жәлел
3. Асан: Өрге жүзген өнегелі ісімен,
Таңда адал дос өз теңіңнің ішінен. Әбу Насыр әл - Фараби
4. Гүлнұр: Ағайын жат та болса көзге тәуір,
Өкпем жоқ, кеудемдегі бәрі - бауыр.
Жауымның дәлдеп салған найзасынан,
Досымның саусағымен шерткені ауыр.
5. Нұрбибі: Ақылсыз достан, ақымақ дұшпан артық. Шалкиіз Тіленшіұлы
6. Айдын: Нағыз дос бір - біріне тарылмайды,
Жуырда түрткеніңе жарылмайды.
Жақсы - жаман айтар деп елемейді,
Бақ - дәулет сол адамнан арылмайды.
7. Нұргүл: Білімдімен дос болсаң, сасқанда ақылын айтар,
Білімсізбен дос болсаң, топ ішінде бетің қайтар.
8. Гүлнұр: Жақсымен дос болсаң, алдыңнан шығар елпектеп,
Жаманмен дос болсаң, сыртыңнан жүрер өсектеп. (М. Өтемісұлы)
9. Саламат: Дос таппаған ер азар, басшы бақпаған ел азар. (М. Әуезов)
10. Гүлзира: Екі жақсы дос болмас – сірне үстінде хаты бар,
Ежелгі дұшпан ел болмас – көңілінде кір, даты бар. (Бұқар жырау)
11. Мерей: Жақсы дос – білген сырын сыртқа жаймас. (А. Құнанбаев)
12. Олжас: Күніңде өзім болдым деп – кең пейілге таласпа,
Артық үшін айтысып – достарыңмен санаспа. (Асан қайғы)
13. Ақбілек: Жақсымен дос болсаң – күнде базар,
Жаманмен дос болсаң – көңілің азар.
14. Әйгерім: Жаман дос – көлеңке, басыңды күн шалса – қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт алса – іздеп таба алмайсың. (А. Құнанбаев)
Мұғалім: Достыққа қарама - қайшы сезім – ол дұшпандық, сатқындық. Дос екіге бөлінеді: Адал дос және Амал дос. Адал дос дегеніміз – досына адал, қиыншылықта қасыңнан табылатын жанашыр, шын дос. Амал дос дегеніміз – ол уақытша дос. Ол қызғаншақ, өтірікші, өзінің қара басын ғана ойлайды. Енді Адал дос пен Амал досты венн диаграммасы арқылы сипаттайық.

Тренинг "Мен қандаймын?"
Мақсаты: өзі туралы, өзінің қоғамда алатын орны туралы ойын дамыту, жеке позициясын түсіну.

Мұғалім: Берілген парақтағы кестені толтыруларың керек. Кестенің бірінші бағанына "Мен қандаймын?" деген сұраққа өз жауабыңды, екіншіге ата - анаңның, үшінші бағанға сол пікір туралы осы жерде отырған достарың сенің ойыңша қалай жауап берер еді, соны жазасыңдар.

Мен қандаймын?
Осы сұраққа өзіңнің ойың Осы сұраққа өз ойыңша ата - анаңның ойы Осы сұраққа өз ойыңша достарыңның ойы

Жағдаят талдау: Сыныптың сатқыны
Ауылды жер болғандықтан сыныбымызда небәрі алты оқушы. Төрт ұл, екі қыз. Аз болғандықтан ба, біз өте ұйымшылмыз. Не істесек те бірге істейміз. Кейде сабақтан қашып кететін кездер де болады. Үйге қайтайықшы деп қашуды еске салатын сыныбымыздағы өте жақсы оқитын екі оқушының бірі Асхат. Ол мақтаншақ, пысық оқушы. Біздің бір түсінбейтініміз сабақтың қашқанның ертеңінде мұғалім бесеуімізді тұрғызып, ұрсады. Бірақ, Асхатқа ештеңе демейді. Ондай кезде ол партасында үлгілі, керемет оқушыдай кітабын ашып, оқып отырады. Жүзінде рахаттанғандай сыңай байқалып тұрады. Біз қашуды бастайтын Асхат екенін өмірі мұғалімдерге айтқан емеспіз. Біз, мұғалімдер ол жақсы оқитын болғандықтан ұрыспайтын болар деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, ол олай емес екен.
Бізде алты сағат сабақ болатын. Соңғы сабақ тарих. Мұғалім бір сөйлесе көп сөйлейді. Өзі сондай болғандықтан, бізден де көп сөйлеуді талап етеді. Үйге көп тапсырма берген, бесеуіміз де дайын емеспіз. Біз мұғалімді күтіп отырғанбыз.
- Бәрібір сабаққа дайын емеспіз. Неғып отырмыз? Ұрыс естігенше қашып кетейік,- деді Асхат.
Осыны күтіп отырғандай біз тағы құптай жөнелдік. Тез жиналып, ешкімнің көзіне түспеу үшін аяқтың ұшымен басып мектептен қашып шаққанымызға мәз болып, бір ерлік жасағандай үйді - үйімізге қайттық.
Екі қыз бірге қайтатынбыз. Әңгімелесіп келе жатып, спорт киімі салынған пакетімізді сыныпта ұмытып кеткеніміз еске түсіп, мектепке қайта оралдық. Үшінші қабатқа көтеріліп келе жатқанбыз, тарих мұғалімінің дауысын естіп, кілт тоқтадық.
- Қай сыныпта отырсыңдар?
- Мұғалім, бәрі қашып кеткен. Мен ғана қалдым,- деген Асхаттың дауысы естілді. Біз мұнда неғып жүр деп таң қалдық.
- Неге қашады?- мұғалім ашулы.
-... Білмеймін.
- Мұғалім, бір мен ғана. Қайта берейін бе?
- Бір сенімен қалай сабақ өткіземін? Қайта ғой.
- Мұғалім, ертең мен болды деп айтпаңызшы. Патриот сияқты болып, жекеленіп қаламын.
- Жарайды. Сау бол,- деп оқытушы мұғалімдер бөлмесіне кіріп кетті. Қоштасып, сатыдан мәз болып түсіп келе жатқан Асхат бізді көріп, ыңғайсызданып тұрып қалды. Біз одан мұндай сатқындықты күтпеген едік, ренішімізді жасыра алмай:
- Сыныптың сатқыны. Ертең бұл тірлігіңді басқаларға айтамыз,- дедік. Қып - қызыл болып кеткен ол бізден кешірім сұрап, екінші рет мұндай жасамайтынын айтып, басқаларға айтпауымызды өтінді. Біз кешірдік. Ертеңінде оны аяп ешкімге айтпадық.
Тарих пәнінің мұғалімі қашқандарды тұрғызып ұрысты. Айдана екеуіміз көзіміздің астымен Асхатқа қарадық. Ол партасында басын салбыратып, қып - қызыл болып отыр екен.
Сұрақтар:
1. Қыздар неге Асхаттың іс - әрекетін сыныптастарына айтпады?
2. Асхаттың екінші рет осылай жасамайтындығына сенесіңдер ме?
3. Сендер мұндай жағдайда не істейсіңдер?

Қорытынды
Досым саған сенемін, сеніп өтем,
Жолы бөтен демеймін, жөні бөтен.
Достық деген адамның көрігі екен,
Достық деген ақылдың серігі екен, - деп М. Мақатаев ақын жырлағандай достық деген адам өміріндегі қымбат сезімдердің бірі. Ендеше әрқашан достықты бағалай білейік. Мен бүгінгі көңіл - күйімізді күнге теңегім келіп отыр. Мына жап - жарық күніміздің шуақтарына шын дос қандай болу керек соны жазып ілеміз. Барлығымыздың бойымыздан осы аталған жақсы қасиеттер табылып, осы күндей жарқырап - жайнап жүре берейік! Достарымыз әрқашанда көп болсын!


Скачать


zharar.kz