Асты сызылған сөздерді математикалық талдаумен өрнекте

Скачать

8 - сыныптың Қазақ тілі оқулығына арналған жұмыс дәптері

Кіріспе
Тілдің арқасында біреуді – біреу танып, бір халық екінші бір халықты таниды ,- деп Р. Ғамзатов айтпақшы, тілсіз адамзат өмір сүре алмаған болар еді. Тіл - адамға ғана біткен байлық. Тіліміздің бай қорын кең пайдалану - бүгінгі ұрпақтың еншісінде.
Қазақ тілі сабақтарында талдау, түсіндіру, оқыту, әңгімелеу т. б жұмыстары жүріп жатады. Мұғалім тек оқулықта берілген жаттығулармен ғана шектелмей, әдістемелік құралдарды пайдаланады. Сөйтіп оқушының тілін дамытуға, ой - өрісін арттыруға, теориялық ұғымдарды практикалық тұрғыда меңгертуге тырысады.
Мұғалімге аса қажет тағы бір құралдың түрі - түрлендірілген тапсырма үлгілері бар, тәрбиелеуге, дағды қалыптастыруға көмек бола алатын жұмыс дәптерлері. 8 - сыныптың Қазақ тіліне арналған жұмыс дәптерінде тапсырмалар сатылай кешенді талдауға, мақал - мәтелдерге зер салуға, тарих тереңіне үңілтуге, шешендік сөз айтуға т. б арналған. Теориялық мәліметтерді өткен соң, сабақтың ыңғайлы бекіту кезеңінде ұсынуға болады.
Бұл жұмыс тапсырма орындау барысында оқушының зейінін арттырады, теориялық тақырыпты жете меңгерте алады деген сеніммен жасақталған. Мұғалімдер мен оқушыларға арналған көмекші құрал ретінде ұсынылып отыр.

8 - сыныптың қазақ тіліне арналған жұмыс дәптері.
І. Фонетика тарауы бойынша
1 – тапсырма Мақал – мәтел – сөз мәйегі
Мақал - мәтелдерді оқып, мазмұнын айт, қалаған сөзіңді математикалық талдаумен өрнекте.
Қонақ келсе, құт келер.
Асыққан жолаушы атына теріс мінеді.
Түйенің үлкені көпірден таяқ жейді.
Атты қамшымен айдама, жеммен айда.

2 - тапсырма Ата мұраң - асыл қазынаң
Бесік жырын оқып, тағы қандай түрін білетініңді айт. Белгіленген сөзді математикалық талдаумен өрнекте.
Әлди - әлди ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Байқұтанның құйрығын
Жіпке тағып берейін.

3 – тапсырма Зерделі сөзге зер сал
Жеті қазынаға не жатады? Осы жеті сөзге фонетикалық талдау жаса.

4 - тапсырма. Ата салтыңды сақта!
Төменде берілген тыйым сөздерді жаттап алыңдар. Асты сызылған сөздерді математикалық талдаумен өрнекте.
Тұзды, күлді баспа.
Отты, күлді шашпа.
Бөркіңді теріс киме.
Бос бесікті тербетпе.
Шапанды желбегей жылама.
Үйде ысқырма.

5 - тапсырма. Зерделі сөзге зер сал
Оқып, мазмұнын аш. Өзіңе ұнаған сөздерді дәптеріңе жазып ал да, жатта. Қалаған сөзіңді математикалық талдаумен өрнекте.
Сен жаудан қашсаң, өмір сенен қашар. (Б. Момышұлы)
Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. (Абай)
Сөз көңілге сипат жағының көркемділігімен, мағына жағының күштілігімен жағады. (А.Байтұрсынұлы)

6 - тапсырма. Мақал - сөздің мәйегі
Мақал – мәтелдерді жаттап ал, мағынасын түсіндір. Дәптерлеріңе көшіріп жазыңдар. Буын үндестігіне бағынбайтын қосымшаны көрсет.
Екі тентек елге сыймас. Атпен ойнаған тайдың жілігі сынады.
Арыстанның ойынынан түлкінің мойны үзіледі.
Аттан тай озады, атадан бала озады.
Ас - адамның арқауы.

7 - тапсырма. Шешенің судай төгілген
Шешендік сөздерді оқып, мазмұнын айт. Асты сызылған сөздерге фонологиялық талдау жаса.
Алда келе жатқан Исатайға Жәңгір хан бірде:
- Қара тазыдай сумаңдап алға шыға бермей, қатарда жүрсең не етеді?- депті. Сонда ханның жанындағы жарамсақ билердің сыртынан ханға шағыстырып келе жатқанын сезген Исатай батыр:
- Алдыңда қыран бүркіттей қылаңдап мен келе жатқанда, артыңда қарғылы төбеттей сүмеңдеп төрт биің келе жатқанда көктен құдай, жерден құмай алар деп қорқып келесің бе?- деген екен.

8 – тапсырма Өтірік өлең айтып ел қараттым...
Өтірік өлеңдерді оқып, жатқа айтып беруге дағдылан, көп нүктенің орнына қандай сөз қойылатындығын тап та, сол сөзге математикалық талдау жаса.
Малдың бәрі семірді....
Ерледім,- деп қуанды шопан - дағы -
Сиыр болып ешкілер мөңіреді,
Түйе болды қой өсіп қотандағы.

9 – тапсырма Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы .
Өлеңді мәнерлеп оқып, жаттап ал.
Асты сызылған сөздерді буын түрлеріне талда.
Бір ғылымнан басқаның
Кеселі көп асқанға
Одан үміт, кім қылар,
Жол табар деп сасқанда?
Үйтіп асқан жолығар,
Кешікпей – ақ тосқанға. (Абай)

10 – тапсырма Табиғат – тылсым дүние
Жылдың қай мезгілі суреттеліп тұрғанын айт, өзіңе ұнайтын жыл мезгілі туралы әңгімеле, қалаған сөзіңе математикалық талдау жаса.
Сонан соң дүниені мәңгі жастыққа бөлеген маужыр мезгіл басталады. Маужыр мезгіл Алтай өңірінде бөлекше ғой. Білесіз бе, мұндайда бұл мезгіл әлдеқайда ерте түседі де, созалаңдап жатып қалады. Шіркін, сары алтындай шағылысқан табиғаты қандай керемет! (О. Бөкеев)

11 – тапсырма Тарих соқпақтарынан
Берілген даталарды есте сақта, қосымша қандай мәлімет қоса алар едің? Асты сызылған сөздерге математикалық талдау жаса.
1690 жыл шамасы - Әз - Тәуке хан Қасым ханның Қасқа жолын , Есім ханның Ескі жолы заң үлгілерін жаңғыртып, Жеті жарғы аталатын заң жүйесін енгізді.
1698 жылы - Дүрбің – Ойрат қалмақтар, Шу, Талас өзендері бойына басып кіріп, Қазақ Ордасын шайқалтып кетті.
1710 - 1711 жылдары - қалмақтардың жаңа жорығы басталды.

12 – тапсырма Ойлан, тап!
Берілген жұмбақтарды жаттап, шешуін табыңдар, шешуі болған сөзге фонологиялық талдау жаса.
1. Ана ауылдың бурасы,
Мына ауылдың бурасы
Желкілдейді шудасы.
2. Тізіле өскен тісі бар,
Көп істеген ісі бар.
3. Ойдың аяқталуын күтпейді,
Оны қойсаң, сөйлем бітпейді.

13 – тапсырма Ұлылардан ұлағат
Ұлағатты сөздерді оқып, дәптеріңе көшіріп жазып, естеріңе сақтап жүріңдер.
Авторына математикалық талдаудың белгісіздік түрімен өрнекте.
Мен жастарға: Алдарыңда таудай талап тұр. Өмір заңғарлары үнемі биікке шақырады. Оған жету үшін талмай ізденіңдер ,- дер едім. Жастарға тоғышарлық, бойкүйездік дертінен аулақ, сергек, сезімтал болған жарасады. (Ғ. Мүсірепов)


Скачать


zharar.kz