Тақырыбы: Ар - намысым, қасіретім, мақтанышым – желтоқсан!
Тәрбиелік мақсаты: Оқушыларға Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке жету жолындағы айшықты ісіне шолу жасап түсінік беру, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасында жазықсыз қыршын кеткен құрбандарды қашанда құрметпен еске алу керек екендігін баяндау, оқушыларды қазақ еліне деген сүйіспеншілігін арттыру, туған жерін, отанын сүюге шақыру, қалыптасып қалған әкімшілік - әміршілдік тоталитарлық режимге қарсы бас көтерген қазақ жастарының ерлігін құрмет ету.
Дамытушылық: Оқушылардың дербес жұмыс істеуін, сөйлеу қабілетін дамыту, өз ойын еркін жеткізуге, тарихи фактілерді саралап олардың себеп - салдарын анықтауға, тарихи оқиғаларды есіне сақтауға дағдыландыру.
Әдісі: Өлең, сахналық көрініс көрсету
Көрнекілігі: суреттер, презентация, ұлағатты сөздер.
Тәрбие сағатының барысы:
1 - жүргізуші
Қазақстан – көк байрақты нұр едің,
Сен дегенде лүпілдейді жүрегім.
Өзің менің қуанышым, бақытым,
Өзің менің мақтанышым, тірегім.
Қыран құсым көк аспанда самғасын,
Желбіресін көк байрағың сан ғасыр
Жас ұландар, берік ұста туыңды
Жарқыратып туған елдің таңбасын!
Әнұран орындалады.
2 - жүргізуші
Құрметті ұстаздар мен оқушылар, ата – аналар, бүгінгі кешке қатысушы қонақтар! 16 желтоқсан Қазақстанның тәуелсіздік алған күніне арналған Ар - намысым, қасіретім, мақтанышым - желтоқсан! атты кешімізге қош келдіңіздер!
1 - жүргізуші
Тәуелсіздік – бұл егеменді еліміздің ең биік тұғыры. Бұл тәуелсіздік жолында қаншама ғасырды бастан кешірдік. азаматтық туы көкте желбіреп, бостандық қыраны көгімізде еркін самғап қалықтауы үшін өткелі қиын, бұралаң жолдардан өттік. Батырлығымыз бен жігерлігіміздің және рухымыздың жоғарлығының арқасында аңсаған тәуелсіздікке де қол жеткіздік.
2 - жүргізуші
Міне биыл тәуелсіздігіміздің арайлап атқан таңына 23 жыл! Осы жылдар ішінде саяси жүйесі тұрақты, экономикасы дамыған, бәсекеге қабілетті, халықаралық беделі зор қуатты мемлекетке айналдық.
11а сынып оқушысы Жұмағали Ләйләнің орындауында Қазақстан әні
1 - жүргізуші
Біз тәуелсіздікке қол жеткізу арқылы мәдениетіміз бен салт – дәстүрімізді, дінімізді, тілімізді қайта өркендеттік. Тәуелсіздігіміздің рәмізі саналатын әнұранымызды, туымызды, елтаңбамызды және төл теңгемізді сайладық. Бірлігіміз бен бейбітшілігіміздің негізі Конституциялық заңды бекітіп, айбарлы айбарымызды құрдық.
2 - жүргізуші
Көптеген елдермен экономикалық қарым – қатынас орнату арқылы бүкіл әлемге қайтпас қайсар қазақ деген халықтың бар екендігін жария еттік. Ендігі мақсатымыз – бәсекеге барынша қабілетті дамыған 30 елдің қатарына ену.
1 - жүргізуші
Тәуелсіздік - ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздікке қантөгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қоса алдық. 23 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелектерінен аман өткізіп келеміз. Осы кезеңде Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізген тұңғыш Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген саясаткердің ерен еңбегін дәл бүгін және әрқашанда айтып өтеміз.
Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата - бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті.
2 - жүргізуші:
Тарихымызда ерекше орны бар, халқымыздың қасіреті мен ар – намысына, сонымен бірге мақтанышына айналған - 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы қазақ халқын дүр сілкіндірді.
Көтерілді жастарымыз алаңда,
Көтерілді студент қыз, балаң да.
Қан төгілді намысы үшін қазақтың,
Ерліктері жайылды кең ғаламға.
Қаһарманын ұмытпайды халықтар,
Өткен күнді тарихымыз анықтар.
Ерлігіне тағзым етем қашанда,
Тәуелсіздік алып берген алыптар!
1 - жүргізуші
Осыдан 28 жыл бұрын, яғни 1986 жылы Алматының бас алаңына жастар жаман оймен барған жоқ. Олар бейбіт жолмен тәуелсіздікке қол жеткізу үшін қатысқан.
Енді міне, осы желтоқсан көтерілісіне қатысқан ағаларымыз бен апаларымыздың арқасында ата - бабаларымыз үш ғасырға жуық уақыт бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік.
2 - жүргізуші
Бас алаңда ел жосқан,
Жастар қаны жуған түн.
16 желтоқсан -
Тәуелсіздік туған күн!
1 - жүргізуші
Желтоқсан – заман толғағы байтақ даланың,
Шарпыған сәті үміт пен күдік қаланың
Желтоқсан – Қайрат, Ләззат, Сабира
Құрбаны болған жаланың
Ал қоғамның адамнан бар ма асылы,
Кеткенде жоқ құлақтан зар басылып,
Бұғаудағы боздақтары кете барды
Бірі атылып, ал бірі жала жабылып.
9а сынып оқушысы Сейсенбек Жансая Егемендік - елдігім
2 - жүргізуші
Қанша жыл, қанша ғасыр өтсе де ұмытылмайтын оқиғалар болады. Ұмытылмайтын себебі ол оқиғалардың халық тағдырымен байланыстылығында. Қоғам құрсағында жетілген қайшылықтардың салдары ретінде көрінген мұндай құбылыстардың талайы тарихтан белгілі. Соның бірі, дүниені дүр сілкіндіріп тәуелсіздік туын ең алғаш көтерген әйгілі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы.
Халқымыздың тәуелсіздігі, егемендігі жолында өз өмірлерін қиған құрбандардың рухына құрмет көрсету исі қазақ азаматтарының игі борышы.
1 - жүргізуші
Желтоқсан десе – ақ, әрбір қазақтың көкірегінде небір көріністер қоздап қоя беретін болған. Ең алдымен Желтоқсан желі немесе Қарабауыр қасқалдақ деген мұңды да асқақ әуеннің сарыны алыстан талып естілер еді.
1986 жылы желтоқсанның 17 жұлдызында бүкіл елді дүр сілкіндірген ғаламат оқиға болды. Бұл кеңес өкіметі тұсында бұрын – соңды кездеспеген құбылыс. Алматыда демонстрация , Брежнев алаңында қаптаған жұрт , Көшеде сап түзеп бара жатқан жастар деген лебіздер ескен желдей гулеп тарап жатты. Елеңдеген ел түсіне алмай дал болды.
Фильм Желтоқсан оқиғасы. 1986 жыл
2 - жүргізуші
Әр дәуірдің еркіне сай нарқы өзгерген алтынның,
Айналайын алтын әнім, жас өркені халқымның.
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,
Айналайын, жас қайраты, жас өркені халқымның!
1 минут үнсіздік Желтоқсан құрбандарын еске алайық
1 - жүргізуші
Қайраттай қайсар ұлдардың
Жанымен келген еркіндік
Жазира мен Ләззаттың
Арымен келген еркіндік
Қасірет пен қайғының
Бәрімен келген еркіндік
2 - Жүргізуші:
Он алтыншы желтоқсан
Ел мерейі тасыған
Қазақ деген қалың жұрт
Бәрін кешті басынан
1 - Жүргізуші:
Он алтыншы желтоқсан
Тәуелсіздік алған күн
Ерекше боп мәңгілік
Ел жадында қалған күн
1 - Жүргізуші:
Көк аспанда тулардың
Желбіреген күні - бұл,
Елім деген ұлдардың
Елжіреген күні - бұл.
2 - Жүргізуші:
Тәуелсіздік мәңгілік сақталсын,
Алдымызда барлық үміт ақталсын
Тату – тәтті бірлік болып қашанда
Бейбіт өмір бар халықпен жақталсын.
10 б сынып оқушысы Пірімжан Мадинаның орындауында Мен қазақтың қызымын
1 - жүргізуші
1986 жылы желтоқсан көтерілісі Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігі жолындағы үдерістің дамуына жол салып берді. 1991 жылы 16 желтоқсанында Қазақстан шын мәніндегі тәуелсіз және демократиялық мемлекет болды. Алда саяси және экономикалық өзгерістер стратегиясын белгілеу міндеттері тұрды.
Қорытынды
2 - Жүргізуші:
Зорға жеткен ардақтап осы ісіңді,
Түзе, халқым, салтың мен бесігіңді.
Құлақ кесті құл емес, қазақ тіпті,
Сезінетін шақ туды азаттықты.
Отаншылдық бір айтып көтерілсін
Толқынындай теңіздің ғажап, күшті.
1 - жүргізуші
Ту тігілді халқымның бүгін бағына
Жас өрендер желбіретіп нық ұста
Ғасырларға жалғастырып елдікті
Дақ түсірме ата баба рухына
Үлгі бізге аталардың ерлігі
Ұлағаты өнегесі еңбегі
Тәуелсіздік туын ұстап жоғары
Желтоқсан оқиғасы ешқашан көмескіленбейді. Себебі, тарихтан алар
орны ерекше оқиға.
2 - Жүргізуші: Құрметті, Ұстаздар, мектеп оқушылары және қонақтар! Бүгінгі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған Ар - намысым, қасіретім, мақтанышым - желтоқсан! атты кешімізді жабық деп жариялаймыз.
5 а сынып оқушысы Сражаддин Әлидің орындауында Жаса Қазақстан