Павлодар облысы, Ақсу қаласы,
Ақсу қаласының дарынды балаларға арналған
мамандандырылған гимназиясы
Өзін - өзі тану пәнінің мұғалімі
Шаймарданова Назигуль Тусуповна
3 - сынып
Сабақтың тақырыбы: "Бабалар сөзі - даналық көзі"
Кіріспе.
Тақырып бойынша түсіндірме.
"Білім шынында да үлкен күш, бірақ оның жақсы немесе зиянды болуы адамның жүрегіне және адамгершілігіне байланысты",- дейді Амоношвили.
Адам интеллектуалды күшті, бірақ рухани кедей бола бастады. Ол көпшіліктің қамы, рухани сұраныстар үшін емес, көбінесе өзінің жеке басының қамы үшін ғана еңбектеніп, сол үшін ғана өмір сүруге дағдыланып бара жатыр. Бұл дәуір технократия дәуірі білім берудің жоғары мақсаттарын эгоистік және өрескел материалистік сұраныстарға: жас ұрпақты ғылым негіздерінен мықты білім беріп, оларға өмірде, технократиялық цивилизацияда нәтижеге жетуге дайындайды. Қазіргі жаңа заманның ұрпақтарын неғұрлым ұлтжанды, өз халқының діліне сай келетін етіп тәрбиелей отырып қоғамды жоғары мәдениетке көтеру мәселесі өзекті деп айтуға болады.
Жер шарындағы алуан түрлі ұлттың балалары әр түрлі бесік жырын, әр түрлі ертегіні, сан түрлі әуенді тыңдап өседі. Бірақ олар қандай ұлттың өкілі болмасын, жер бетінің қай нүктесінде өмір сүрмесін барша халық өз баласының ең алдымен өз Отанын сүйіп өсуіне, анасын құрметтеп, еңбексүйгіш азамат болып қалыптасуына көңіл бөледі, балаларының жоғары адамгершілік қасиеттерге ие, дені сау, салауатты, парасатты азамат болып ер жетуін армандайды. Қайырымдылық, адалдық, үлкенді сыйлау, әділеттілік, ержүректік, намысын қолдан бермеу тәрізді абзал қасиеттерді баласының бойына сіңіруге барлық халық ұмтылады. Бұл жалпы адамзатқа ортақ құндылықтар болып есептеледі.
Осы таңдап алынған тақырып та өте өзекті мәселелерді қозғайды деп ойлаймын. "Бабалар сөзі - даналық көзі" деген тақырыпқа: үлкенді сыйлау, құрметтеу, сөздің мәнін түсіну, сәлем беру, ата - анаға деген құрмет сияқты қасиеттер туралы сөз қозғалады. Балаларға сондай қасиеттерді бойларына дарыта білуге көмектеседі.
Сабақтың мақсаты: өз халқының адамгершілік - рухани құндылықтарын, нақыл, өсиет сөздерін оқып, үйрету арқылы ата - баба сөзі өнеге екенін ұғындыру, таныту арқылы адамгершілікке, қамқорлыққа тәрбиелеу
Сабақтың міндеттері:
• балаларға адам өміріндегі ар, ұят сияқты қасиеттердің құндылығын ұғындыру, үлкенге құрмет, әдептілікті өмірде қолдана білуге баулу;
• ойлау іскерліктерін дамыту;
• балаларда ұлттық мінезді қалыптастыра отырып, ата - баба даналығынан өнеге алуға тәрбиелеу;
Әдіс - тәсілдері: әңгімелесу, әңгімелеу, түсіндіру, сұрақ - жауап, интерактивті әдіс, ойын.
Қажетті құрал - жабдықтар: бейнетаспа, тапсырмалар салынған конверттер, сюжетті картина, қойылымға қажетті костюмдер.
Құндылық: ақиқат; Қасиеттер: мейірімділік, ізгілік, әдептілік;
Сабақтың барысы:
1. Мәтінмен жұмыс
"Өзін - өзі тану" сабағы өтетін бөлмеде күй ақырын ойнап тұрады. Бұл бүгінгі тақырыптың мазмұны мен мәнін аша түсуге, балалардың сезімдеріне әсер ете отырып, оларды ойларын жинақтауға қиялдарын, бүкіл болмысымен сабаққа қатысуға бағыттауға көмектеседі. Мұғалім жылы шыраймен сәлемдесе отырып дөңгелене орналастырылған орындықтарға балаларды отыруға шақырады.
Мұғалім: Сәлеметсіңдер ме, балалар, бүгінгі сабағымызға қош келіпсіңдер.
Балалар: Сәлеметсіз бе?
Мұғалім: Балалар, көңіл - күйлерің қалай, сендерді көріп отырғаныма өте қуаныштымын, осы сабақта барлықтарың белсенділік танытып, көп мағлұмат аламыз деп сенемін. Бұл жерде балалардың ойын, қиялын бағыттау, сенімін арттыру, балалардың бойында өз - өзіне деген сенімдерін жоғарылату сол арқылы сабақтың сапасын арттыру.
Мұғалім: бүгінгі сабағымызды мен мына әңгімемен бастағым келіп отыр. Мұқият тыңдаймыз:
Әңгіме "Бөкен қарттың Сырымға бата беруі " деп аталады.
Сырым жас кезінде батасын алайын деп Бөкен қартқа барады. Бөкен қарт Сырымнан келген жұмысын сұрайды. Сонда Сырым:
- Менің сізге келген жұмыстарым - біріншіден, сіздің батаңызды алайып, екіншіден, әр түрлі ақыл сұрайын деп келдім, - дейді.
Бөкен "Саған батамды берейін, сен жас болғанмен елге бас болғандай бала екенсің", - деп бата береді:
Арқаң қара нардай жауыр болсын,
Мінезің қара жердей ауыр болсын.
Өкпең жоқ, кеудең толы бауыр болсын,
Құлағыңнан сыбыр кетпесін,
Үйіңнің сыртынан дүбір кетпесін,
Жасың жетпіске жетпесін,-
дейді. Батасын бергеннен кейін: "Мен не десем бәрінің де мағынасы бар, қалай түсіндің, өзіме айтып бер ",- дейді қарт. Сонда Сырым:
-"Арқаң қара нардай жауыр болсын" дегеніңізді халық үшін жұмыс жаса, халықты өзіңе ерте біл дегеніңіз.