Асан Қайғы – Бұл заманда не ғаріп?
Ақ қалалы боз ғаріп
Жақсыларға айтпаған,
Асыл шырын сөз ғаріп.
Замандасы болмаса,
Қариялар болар тез ғаріп
Қадірін жеңге білмесе,
Бойға жеткен қыз ғаріп.
Ел жағалай қонбаса,
Бетегелі бел ғаріп.
Қаз - үйрегі болмаса,
Айдын - шалқар көл ғаріп.
Мүритін тауып алмаса,
Азғын болса, пір ғаріп.
Атажұрты бұқара
Өз қолында болмаса,
Қанша жақсы болса да,
Қайратты туған ер ғаріп.