Ғылыми мақала
Маңғыстау диалектілерінің сөздік қорды дамытуға қосатын үлесі
Соңғы жылдары көптеп қоныстанып жатқан қандастарымыз тілінде диалектілер жетерлік. Бұл еңбегімді оралман қандастарымыздың көп қолданыста бар диалектіге айналып кеткен сөздеріне қоса, жергілікті бұрыннан қалыптасып диалект болып кеткен сөздермен біртұтас Маңғыстау диалектілерінің сөздік қорды дамытуға қосатын үлесі деп атадым. Мұндағы мақсатым – Маңғыстау диалектілерін бүкіл Қазақстан халықтарына таныстыру және диалектілер арқылы сөздік қорымызды байыту.
Диалектілік өзгерістерді фонетика, лексика, грамматика саласымен тығыз байланыста қарастыру, оның өзіне тән ерекшеліктерін толық көрсетуге мүмкіндік береді. Профессор Хасан Кәрімұлы Мұхамбет Диалектологияға қатысты еңбектерінде диалектілерінің осы мәселесіне көп көңіл бөлген. Дауысты дыбыстарға байланысты ерекшеліктерді ерін дауыстыларының алмасуы, езулік - ашық, езулік – қысаң, жуан – жіңішке дыбыстардың алмасуы деп топтастырған. Ауызекі сөйлеу тілінің нормасы бойынша дауысты дыбыстар әр уақытта алмасып өзара сәйкесіп айтылады. Автор мұнда ашық - қысаң, жуан – жіңішке дауысты дыбыстардың сәйкестіктерін көрші халықтар тілінің әсерінен деген кейбір ғалымдардың пікірлерінің бір жақты екенін дәлелдейді. Егер көрші халықтар тілінің әсері болса, онда мұндай дыбыстық құбылулар бір өңірмен ғана шектеліп қалады деген қорытындыға келеді.
Ғалым дауысты дыбыстың сәйкестіктерден шығатын қорытындысын былай тұжырымдайды. Қазақ тілінде сөздің дауысты дыбыстар жағынан өзгеруі екі түрлі айтылуы қазақ тілінде айрықша көрінеді, әрі сәйкестілік қазақ тілінің күрделі фонетикалық құбылыстарының бірі екеніне аса көңіл аударады. Қазақ тілі говорларындағы тарихи тұрғыдан қарастырылатын қатаң мен ұяң дауыссыздар арасындағы сәйкестіктерді, яғни алты жұп құрайтын 12 байырғы дауыссыздар арқылы ерекшеліктерін сөз етеді. Қазақ тілінде қатаң + ұяң ғана дауыссыздар сәйкестілік құрамайды екен, (ж – д, д - ж, ж - з, з - ж) ұяң дыбыстар бір – бірімен сәйкесіп келеді, яғни бұл құбылыс с - т, т - с, п - т, п - қ, с - ш сияқты қатаң дыбыстар арасында молынан ұшырасатындығын дәлелдейді. [4]
Мен де ағамыз профессор Х. Мұхамбеттің жасаған зерттеуіндегідей Маңғыстау диалектілерінің бірқатары - дыбыстардың өзгеруімен, ауысуымен байланысты пайда болатынына көзім жетті. Солардың біршамасына тоқталып өтейін: айтыну - айту, айыптар - айыпкер, алақ - ғулақ - алақ - жұлақ, алдағандай - әлде қандай, алым - ғалым, анысын - мұнысын - онысын - мұнысын, ат шабу - атқа шабу, ауыздай - ауызша, бала - бажыр – бала - шаға, көшершілік – көшпенділік т. б. Осылардың жасалу жолын бірер мысалдармен түсіндіруге болады. Мысалы, көшершілік диалектісі көшу сөзін негізінде туған, - шілік заттық мағына беріп тұрған сөз тудырушы жұрнақ. Ал біздің әдеби тілімізде көшпенді сөзі қалыптасқан, сондықтан көшпенділік әдеби тіл сөзі де, көшершілік диалект болып есептеледі. Және бұл сөздерді маңғыстаулық оралман қандастарымыз көп қолданады. Дыбыстардың ауысуымен өзгеріске түсіп диалектілер қатарын толықтырған Маңғыстау облысы Бейнеу ауданынан маңлай – маңдай, саққыз – сағыз, арза – арыз, қойып тұр – тоқтай тұр, қоя тұр, бір – жар - бірлі – жарым, жекеме - жеке – жекпе - жек, не пәле – не бәле, білгір – білгіш, оқжай – оқшантай, пәшина – печене, біратала – бір жолата, мынаяғында – мына жағында, үстейсің – сөйтесің, отырыспақ (отыру сөзінен шыққан) – сауық кеші сияқты сөздерді жинадым. Осы жерде және бір айта кетер жайт – бұл сөздер әлі 2007 жылы шыққан соңғы диалектологиялық сөздікке енбеген.
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы,
Бейнеу селосы Үстірт орта мектебі ММ
Директордың ғылыми – әдістемелік
жұмыстар жөніндегі орынбасары,
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нұрымова Мария