Қайырымды жандар айнала, Шеңберге келсін жайлана

Скачать

Мақсаты: Махаббат , мейірімділік , адамгершілік құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту.

Міндеттері:
- ана мен бала арасындағы махаббат туралы түсінік беру;
- аналарына деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру;
- ананы сүюге, сыйлауға тәрбиелеу.
Көрнекі құралдар: үнтаспа, плакатқа салынған күннің суреті, оқулық, дәптер, үнтаспалық әндер жинағы.

Сабақтың барысы:
Шаттық щеңбері
Балалар шеңбер құрып тұрады, сәлемдеседі. Тәрбиеші бүгінгі сабақтың тақырыбымен таныстырады.
- Біздің бүгінгі тақырыбымыз Жақсы көру - жақсы қасиет .
Жақсы көру - адамның адамдарға, табиғатқа, Отанға деген ыстық сезімі, махаббаты, жақсы іс - әрекеттерге қызығушылығы.
Ал осының бәрі Ананы жақсы көруден басталады. Өйткені бізге жарық өмір сыйлаған ананың аялы алақанына, мейіріміне тең келер нәрсе жоқ.
Балалар жақсы көруді анадан үйренеді, анасын жақсы көруден үйренеді.
Үнтаспадан естілген Ә. Дүйсенбиевтің Ақ мамам әніне балалар қосылып айтады.

• Ананы неліктен ең жақын адам деп ойлайсыңдар?
• Анадан қандай жақсы қасиеттерді алуға болады?
• Жақсы көруді анадан үйренеміз дегенді қалай түсінесіңдер?

Дәптермен жұмыс. Әңгімелеу.
Баланың анаға деген махаббатын түсіндіру мақсатында әңгіме айтып беру және ол бойынша балаларға сұрақ қойып, жауаптарын тыңдау.
Аурудан – аяған күштірек
Ыбырай Алтынсарин

Сейіт жол үстінде жүгіріп бара жатқанда, бір арбалы келіп, аңдаусыз соғып кетіп, аяғын зақымдап алыпты. Ойбайлап жылап жатқан баланы көріп шошынғаннан шешесі есінен танып қалыпты. Мұны көрген соң, Сейіт жыламақ түгіл, сынған аяғын орнына салып, таңып жатқанда да дыбысын шығармай, қабағын да шытпай жатты. Сонда сынықшы кісі:
- Аяғың ауырмай ма, қабағыңды да шытпайсың?- деп сұрады.
Сейіт шешесі шығып кеткен соң, демін алып, сынықшыға сыбырлап айтты:
- Ауырмақ түгіл, жаным көзіме көрініп тұр, бірақ менің жанымның қиналғанын көрсе, апам да қиналып, жүдемесін деп, шыдап жатырмын,- деді.

• Сейіттің анасын жақсы көретінін қай әрекетінен көруге болады?
• Сендер де жақсы көретін адамдарың үшін осындай шыдамдылық таныта алған кездерің болды ма? Естеріңе түсіріп айтып беріңдер.

Шығармашылық жұмыс
Балалар алдын ала дайындалған қағазға күннің суретін салады.
- Балалар, аналарың сендерге күнделікті қандай жақсы сөздер айтады?
- Сол сөздерді салған суреттеріндегі күннің шуағына жазып көрсетіңдер.
Балалар күннің шуағына айналайын , күнім , жаным , алтыным , жұлдызым , қошақаным , айым , ботақаным , құлыным , лағым , сәулем , қарашығым т. б. сөздерді жазады.

Дәйексөз
Алынған жауаптар дәйексөздің түсіндірілуімен бекітіледі.
Тәрбиеші тақтаға Өмірдің бар жақсылығы жақсы көруден жаралған халық даналығы, деп жазып қояды.
- Жақсы көрудің өзі адамның жақсы қасиетін білдіреді.
Қолдан келгенше адамдарды, өмірді, табиғатты, Отанды сүю керек.
Өйткені жақсы көретін адамға, айналаңа ешуақытта жамандық ойламайсың, оларды керісінше сыйлайсың, оларға шыдамдылық танытасың, өйткені сен оларды жақсы көресің. Өмірде барлық адамдар бір - бірін, айналасын, туған елін жақсы көретін болса, онда өмірде тек қана жақсылық болады. Себебі жақсылық жақсы көруден жасалады.

Дәптермен жұмыс
Дәптерде берілген суреттегі бос торкөздерге Ана деген кім? сұрағына жауаптар жазыңдар.
Балалар тапсырманы өз дәптерлеріне қарындашпен орындайды.
Тапсырма орындалып болған соң жария етіледі, балалардың ойы қорытындыланады. Күтілетін жауаптар: ең жақын адам, ең мейірімді адам, ең ақылды адам, қамқоршы, жанашыр, дос, сырлас және т. б.

Жүректен - жүрекке
Балалар өздерінің сабақтан алған әсерлері мен білімдерін өлең жолдары арқылы білдіреді.
Балалар Тәрбиешіге ілесе мына өлең жолдарын қайталайды.

Қайырымды жандар айнала,
Шеңберге келсін жайлана.
Жалықпастан қайта біз,
Махаббат сөзін айтамыз.
Сүйеміз барлық ананы,
Жүрегім оттай жанады.
Бақыттымыз осы біз,
Қасымызда досымыз.


Скачать


zharar.kz