Шәкәрім Құдайбердіұлы өлеңі
Ашу мен ынсап
Бiлгенiмдi жазушы ем‚
Бекем буып белiмдi.
Мiнiн айтып қазушы ем,
Түзетпек боп елiмдi.
Бұлдарлық ой менде жоқ,
Бұған шыққан терiмдi.
Ұқтырарлық пенде жоқ,
Қате басқан жерiмдi.
Күнi - түнi ойланып,
Жазудан да жалықтым.
Газет, кiтап қолға алып,
Оқудан да талықтым.
Ел тiлiме көнбедi,
Жыладым да қамықтым.
Yмiтсiздiк дендедi,
Зорықтым да шалықтым.
Бағасы бiр халқыма
Жабағы мен мамықтың.
Нанбайды, рас, антыма
Кәдiрi мол танықтың.
Айырмайды арасын
Бұлдыр менен анықтың.
Ендi қайда барасың,
Түрi мынау халықтың?
Айла таппай адастым,
Қайғы артылып мойныма.
Ақылымнан шатастым,
Жас төгiлдi қойныма.
Ойландым да сандалдым,
У жайылды бойыма.
Mұңдасуға қамдандым
Қайратым мен Ойыма.
Yмiт үзген қорқақ Ой
Дiрiлдейдi қалшылдап.
Мүмкiн емес, мұны қой ‚ –
Деп жалынды жалпылдап.
Бiр жағымнан Ерiншек
Тағы келдi салпылдап.
Болмаймын,– деп,– келiншек ,–
Ашу келдi арсылдап.
Елдi сөк те жаманда,–
Деп ұрысты Ашуым,–
Жамандықтан аман ба,
Шыннан қалай қашуың?
Қиын болды баяндап,
Аяқты қалай басуым.
Сабыр келдi аяңдап:
Жарамас‚ – деп,– сасуың.
Бәрiне де хабар сал,
Рахым, ұят, ар қайда?
Қаруыңды жиып ал,
Құр ашудан не пайда?
Қайратың мен Сақтығың
Көрiне ме маңайда?
Өлше iстiң ақтығын,
Ынсап бар ма оңайда .
Өңкей асау, мас халық,
Бәрiн бойдан қашырған.
Көп наданнан жасқанып,
Сорлың елге бас ұрған.
Рахым, ұят, арының
Бетiн топырақ жасырған.
Қайраты қайтып кәрiнiң,
Қайғысын сүйтiп асырған.
Сабыр айтты: Мына сөз
Сабырымды қайнатты.
Өңкей ақымақ шелдi көз
Ақты қайтiп жайратты?
Менi ұстауға шыдай көр,
Сүйтiп жұмса Қайратты.
Ынсабыңа хабар бер ‚–
Деп ақылды сайратты.
Толық нұсқасын жүктеу