Ұстазы үшін - ұлы үміт,
Ата - ана үшін - мақтаны
Естіліп қоңырау боп құстар әні,
Сол әнмен шәкірт арман ұшқан әрі.
Үш ұстын - Ұстаз, Шәкірт, Ата - ана -
Үйлескен әз - ұяның үш тағаны.
Ата - ана
Тәлімге ұлды шақырар,
Қызға да дейді - қарағым.
Тілеуін тілеп отырар
Әрдайым үйде баланың.
Дейді олар ақыл санада,
Жүгін деп, бойды билетіп.
Отырар әр кез балаға
Адалдық жолын үйретіп.
Дей ме олар сонда құт тұрар,
Бақыт боп сонда келмек күн.
Сондықтан айтып ұқтырар
Не екенін адал еңбектің.
Өлшеусіз ісі олардың,
Жай ғана жандар әрі ұлы.
Бойында әрбір адамның
Солардың жатар тәлімі.
Ұстаз
Негізі бойда ғылымның,
Қашанда ұстаз бағалы.
Ертеңгі үлкен білімнің
Соқпағын солар салады.
Сол жолда аты ерттеулі,
Жақсы істі жүрер ұқтырып.
Шәкірттік өмір шектеулі,
Уақыт алма ұттырып.
Тәрбие жайлы алаңдар,
Адалдық жолдан арды ұққан.
Өмірде барлық адамдар
Ұстаз дейді оны сондықтан.
Ойларға қиял жүздіріп
Мектебін ойлар үнемі.
Бойында тұнған ізгілік,
Ұстаздың үлкен жүрегі.
Шәкірт
Мінезін түгел аштырған,
Күлсе де шыншыл күледі.
Лүпілдеп алға бастырған -
Білім ал дейді жүрегі.
Шәкірт - жыл біткен бағына,
Сезеді мұның өтерін.
Біледі олар тағы да
Білімнің қымбат екенін.
Достары жанында, бірігіп
Өмірге тұлпар баптады.
Ұстазы үшін - ұлы үміт,
Ата - ана үшін - мақтаны.
Ұшқанда қиял таңына
Адам боп шықсын ең кемі.
Маман боп олар тағы да
Болады елдің ертеңі!
Авторы:
Ғабиден ҚОЖАХМЕТ,
Қызылорда қаласы