Ақмола облысы
Ерейментау ауданының білім бөлімі ММ
Балабек Жахин атындағы Новомарковка орта мектебі КММ
2 сынып оқушысы Шарипканова Томирис
Жетекшісі: Бастауыш сынып мұғалімі Тлеулесова Д. К.
Аннотация
Менің мысығым тақырыбына жазылған бұл ғылыми жобамда өзімнің екі айлық кезінен асырап алған мысығымның өсу кезеңін, дамуын зерттедім. Мысығымды ұдайы бақылай жүріп адамдар ау баста қалай және неліктен мысықтарды қолға үйретті екен, мысықтың қандай түрлері бар екен, мысықтың адамға тағы қандай пайдасы мен көмегі бар екен деген сұрақтар туындады. Сосын осы сұрақтарыма жауап алу үшін түрлі журналдарды, интернет беттерін ақтарып, сұрақтарымның жауаптарын таптым. Бұдан кейін әр кезең сайын мысығымның салмағын, бойын өлшей отырып және мінез - құлқындағы өзгерістерді кестеге түсіре отырып, интернет беттерінде берілген мысықтардың даму кестесін өз мысығымның даму кестесімен салыстырып жүріп, мысығымның дұрыс өсіп - жетіліп келе жатқанына көзім жетті. Мысығымды үнемі бақылай отырып ол өте ақылды, саналы тіршілік иесі екенін де аңғардым.
Көптеген құрбы - құрдастарымның ұялы телефондар мен планшеттердегі Том атты мысықпен ойнайтыны, ал шынайы жан - жануарларды жақсы көру, оларға көңіл бөлу, оларды аялау сияқты қарапайым адами қасиеттерден алшақтап бара жатқаны бәрімізге белгілі. Сол себепті осы ғылыми жобамды өзім сияқты балаларға ұялы телефондардағы жан - жануарлармен ойнаған денсаулыққа зиянды екенін, ал мысық сияқты үй жануарын дұрыс күтіп - баптап асырайтын болсаң оның баланың дамуына өз үлесін қосатынын дәлелдеп беруге тырыстым.
Кіріспе
Үйге мысық асырап алу үлкен жауапкершілік. Мысықты анда - санда сипап, оған тамақ бере салумен оның алдындағы жауапкершілік аяқталды деу үлкен қателік. Ол жанды әрі саналы тіршілік иесі болғандықтан оны жақсы көре білу керек және оған үлкен күтім керек. Ал қазіргі кезде балалардың жалпы жан - жануарға деген, әсіресе мысыққа деген сүйіспеншілік, қамқорлық сезімдері азайып бара жатыр.
Зерттеген тақырыбым: Менің мысығым
Менің бұл зерттеушілік жұмысымның мақсаты: мысықты қолға үйрету тарихын және түрлері туралы мәлімет жинастыру; мысығымның өсу кезеңіндегі іс - әрекетін, өзгеруін бақылау арқылы оған менің үйімде тұру жайлы ма екендігін анықтау; саналылығы туралы қорытынды шығару; құрбы - құрдастарыма ұялы телефондар мен планшеттерде өмір сүретін мысықтарды емес шынайы мысықты жақсы көру керектігін насихаттау;
Міндеттері:
- интернет желісін, әдебиеттерді оқу арқылы мысықтың қолға үйретілуі және түрлері туралым әлімет жинастыру.
- өз мысығыма ұдайы бақылау жүргізу.
- жиналған мәліметтер бойынша қорытынды шығару.
Болжам: осы жобамда қызықты да пайдалы мәліметтерді айта отырып, құрбы - құрдастарыма оларды саналы тіршілік иесі ретінде құрметтеу және жақсы көру керектігін түсіндіргім келеді; ал жалпы адамзат атаулы оларды өздері қолға үйреткендіктен олар үшін жауапты екендіктерін естеріне салу.
Зерттеу объектісі: өзімнің Тұмар атты мысығым.
Зерттеу жаңалығы: Зерттеу барысында интернет желісін, әдебиеттерді оқу арқылы мысықтың қолға үйретілуі және мысық түрлері туралы мәлімет жинастырдым. Кішкентай кезінен асырап алған мысығыма ұдайы бақылау жүргіздім. Оның даму кестесін құрдым және оны салыстырдым. Қазіргі ұялы телефондар мен планшеттерде өмір сүретін Том атты мысықпен ойнауды және шынайы мысықпен ойнауды салыстырып, алғашқысының зиянды екенін және соңғысының пайдалы екендігін дәлелдедім.
Жиналған мәліметтер бойынша қорытынды шығардым.
Негізгі бөлім
Мысықтарды қолға үйрету тарихынан
Миацидтер - бұдан 50 млн жыл бұрын пайда болған, барлық жыртқыштардың арғы тегі. Миацитар кішігірім денелі және ұзын құйрықты жануар болған. Ал жабайы мысықтарды қолға үйрету осыдан кемінде 5 мың жыл бұрын басталған. Негізінен, үй мысықтарының арғы тегі Ливия мысығы болып саналады.
Мысық түрлері
Жер бетінде тек қана мысықтардың сексенге жуық түрлері тіршілік етеді. Олар: басы үлкендеу біткен, кержік танау, барақ жүнді парсы мысығы, дене тұрқы сыптығыр, түгі тарғыл жолақтанып келген король мысығы, Ман аралының шолақ құйрық мысығы, сібір мысығы, тықыр жүнді еуропа мысығы, түрік және сиам тобына жататын – сиам, бирман, абиссин мысықтары. Мұның сыртында мысықтар түр - түсі, мінез - дағдысы, көз жанарының түсі және басқа да белгілері бойынша ажыратылып, аталады. Көптеген елдерде мысыққұмарлар клубтары жұмыс істейді. Мұнда мысықтар тегі, түр - түсі бойынша арнайы кітаптарға тіркеліп, олардың көрмесі ұйымдастырылып отырады.
Үй мысығының ерекшеліктері
Үй мысығы - өте таза хайуан болып есептеледі. Мысықты түзге шығуға өзі сұранатындай етіп үйретеді. Жүні ұзындарын күн сайын, жүні қысқаларын күн ара тарап отыру қажет. Мысықтың балаларын серуенге енесімен бірге шығарады. Мойын жіп байланғаны дұрыс. Пәтерде оларға арнайы орын бөлініп, оған құм немесе топырақ, ағаш ұнтағы салынған себет әйтпесе жәшік қойып, ішін күнде жаңартып тұрады.
Мысықтың адамға пайдасы
Бірқатар халық емшілерінің баяндауынша, мысық иесінің қай жері ауырса, сол жерге барып жататын көрінеді. Және де мысықтардың кейбірі иесінің ауырған жерін ақырын тырналап емдесе, екіншілері олай массаж жасамай - ақ, сол жерде жатқан күйі оған бойындағы қуатымен әсер етіп, шипасын сыйлайды екен. Сенеріңді де, сенбесіңді де білмейсің. Тек біздің бір білетініміз, бұрындары халық емшілерінің мысық бойындағы шипагерлік қасиетті жақсы біліп, оны іс - тәжірибеде пайдаланғаны. Қазіргі медицинада анималтерапияның бар екені, бұл саланың жылдан - жылға дамып келе жатқаны мысықтың емдік қасиетіне басты дәлелдердің бірі. Бұл жөніндегі ой - пікірлерге назар аударсақ, мысық иесінің ауырған жерін дәл табатын энергетикалық – ақпараттық құрал іспеттес. Өйткені, адамның ауырған жерінің энергетикасы өзгереді де, осы өзгерісті мысық бірден сезеді .
Тағы бір таңғаларлық ой - пікір: мысықтың биоөрісі жүректің жұмысын қалпына келтіреді, қан қысым реттейді, бас ауруын жазады, ол үшін мысыққа жақын болып, оны бір мезет сипап қою қажет . Ол адам бойындағы теріс қуаттарды да сүзіп алады. Аниматерапевтердің дәлелдеуінше, мысықтың пыр - пыр еткен үнінің өзі адамдарға шипалы. Мысықтың мияулаған дауысы – 20 - 25 герцке дейін жететін дыбыс толқындары болғандықтан, бұл мөлшердегі дыбыс диапазоны адам жарақатының тез жазылып кетуіне, сынған сүйектің тез бітуіне өте жақсы әсер етеді. Ол тіпті, ағзаның иммунитеттік жүйесін күшейтіп, адам өмірін ұзартатын болып шықты. Сондай - ақ, мысықтың мамық терісін бірнеше минут сипасаң, инфаркт, инсульт алу қаупі азаятын көрінеді. Себебі, мысықты сипау - әлсіз ток арқылы электростатистикалық әсер ету деген сөз. Бұл нағыз физиотерапия!