Сабақтық тақырыбы: Қазақтың кестелеу өнері
Кесте және көркемдеп тігу ою - өрнекті әшекейлеудің ертеден келе жатқан элементтерінің басты түрі. Қазақтың ұлттық кестелеу өнері тарихының түп тамыры ғасырлар қойнауында жатыр. Мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан ұлттық кесте өнеріміз күні бүгінге дейін өзінің құндылықтарын сақтап, қасиетін жоғалтпай жақсы сақталған. Кестені бізбен және жай инемен әшекейлеп тігу барлық халықтарға да ортақ өнер. Кесте өнері нағыз халықтық, алуан әдісті, таңдауы көп өнер. Кесте өнерінің қазақ халқына тән байырғы көне түрлері: біз кесте, айқас тігу, айқыш - ұйқыш тігу, басып тігу, қайып тігу. Біз кестенің шым кесте және әредік кесте деп аталатын екі түрі бар.
Біз кесте дөңгелек немесе төрт бұрышты етіліп кергіш ағашқа керілген материалдың бетіне түсірілген ою - өрнек бойынша қарамақты бізбен өткермелеп шалу арқылы кестеленеді.
Шым кесте деп тігілетін материалдың ашық жерін қалдырмай немесе ашық орынды өте аз қалдырып, тұтас кестелеген шымқай кестені айтады.
Әредік кестеде материалдың әр жері әшекейленіп, бөлек - бөлек өрнек салынады.
Шым кесте, тұс киіз, сандыққап, мақпал шапан, орамалдың алақаны, жастық жапқыш, кежім, сәукеле сияқты басқа да көптеген заттарға төгіледі немесе бөлек материалға төгіп қондырылады. Әредік кесте тақия, балақ, өңір, жаға, етекке және кең қоныш етіктердің бұрыш - бұрышы, перделердің шеттері сияқты заттарға төгіледі немесе бөлек төгіп қондырады.
Айқас (крестеп) тігу де инемен тігілетін кестенің ең көп тараған түрі. Мұнда өрнек ізімен біркелкі төрт бұрышты етіп, бір жіптің үстінен екінші жіпті крест түрінде айқастыра бастырып отырады. Бұл қазір кесте тігудің ең қолайлы түрі деп танылып жүр.
Тесіп торлап тігуде өрнектелетін материалды өрнек мәнеріне қарай тесіп алады да, оны торлай және ортасын кереге көздеп, санап отырып шалу арқылы түрлі өрнек салады. Тесік аралығын кереге көздеу әдісінде кестенің тесік аралығындағы жіптерін өрмелеп шалып тоқу түрі де қолданылады. Мұндай тесіп, торлап өрнектеу әдісімен көбінесе жастық тысының беті, жастық жапқыштар, төсек жапқыштар әйелдердің іш көйлектерінің кеудесі, етегі, гүл қойғыш төсеніштер, дастарқандар мен диван жапқыштар, үйдің қабырғасына керіп қоятын маталар кестеленеді.
Кестені бедерлеп тіккенде кестеленген материалда әр түрлі ою - өрнек, мәнерлі бұдырлар өрнектеледі. Мұндай тігу түрін орындағанда әуелі үлгі бойынша сызылып алынған өрнектердің үстіне мақта, мата қиындылары, қағаз, картон салынып, кестенің жіптерін, сол заттарды бастыра шалып тігеді. Соның нәтижесінде матаның бетіндегі өрнектер бұдырланып бедерленеді. Бедерлеп тігу әдісіне де өрнектің мәнері мен шебердің шешіміне қарай бірнеше түсті жіптер қолданылады. Бедерлеп тіккен кестені көп жуа беруге болмайды.
Кестелеп тігу ісіндегі әдемілік пен көрнектілік жағынан ерекше көзге түсетін түрлерінің бірі көпіртіп тігу. Көпіртіп тігу кестесі де әзірленген өрнек үлгісінің ізімен тігіледі. Мұнда материалдың үстіңгі бетіне бүлдіргеленген жіп селпеулері қалдырылып отырады. Кестенің жібі бірнеше түсті болуы мүмкін. Бедерлеп тігу әдісімен алма, жүзім, бүлдірген, қарақат, қауын - қарбыз түйнектері сияқты түрлі жемістерді салуға болады. Көпіртіп кестеленген бұйымдар жуыла да үтіктеле де береді, бірақ үтіктен шыққан соң оларды қағып, сілкіп бүртіктерін тірілту керек.
Кестені түктеп тіккенде бізбен шалынған жіптің үстіңгі жағында (өң бетінде) кейде 1, кейде 2 сантиметрдей бүлдіргі қалып отырады. Шебер кестені тігіп болғаннан кейін әлгі қалған бүлдіргілерді тегістеп қырқады. Жиі шаншылып, қалың түсірілген бүлдірге жіптері қырқылып тегістелген соң, кәдімгі кілемнің түгі сияқты түрлі түсті болып құлпырып тұрады (түкті кілем). Кейде бүлдіргілердің астына ширатқан жуан жіпті ширатқан шүберекті, жұмсақ металл шыбықтарын мүйіздеп, ою өрнегіне келтіріп салып тігеді де, тігіп болған әлгі тігіс астына салынған заттарды үстінен тіліп алып тастайды. Мұндай әдіспен түктеп тігілген өрнектер мінсіз және түгінің биіктігі біркелкі шығады.
Алтындап, күмістеп тігу сән - салтанат бұйымдарына тән. Бұл үшін көбінесе барқыт, плюш, атлас, қырмызы сияқты бағалы материалдар пайдаланылады. Мұндай тігістерге, әсіресе, өзіне арналып жасалған алтын және күміс жіптер қолданылады. Кейде алтын, күміс түстес жіңішке жиек саулары (зер) пайдаланылады. Бағалы затты ысырапсыз пайдалану үшін оның өрнегі мен тігіс жіптерін санап білу керек. Өйткені бұл жұмыс өзге тігістерден гөрі ауыр келеді.
Алтындап тігуге көбінесе бедерлі, бедерсіз басып тігу әдісін қолданады. Алтындап тігу кестесіне маржандап тігуді де аралас жүргізеді. Мысалы, қыздардың қамзолдарының омыраулары, өңірлері және тағы да сол сияқтылар осылай тігіледі.
Алтын кестелі тон, шапан, айыр қалпақ, кемер белбеу, сал шалбар, сәукеле әдемілік әшекейінің ең асылы және бағалысы болып есептеледі.
Мал өрісінің жаздық, күздік жайылымы жағдайына қарай қоныс қуалап, көшпелі өмір сүрген қазақ ауылы өнеркәсіп орталығынан қашық жатты. Олар күнбе-күнгі тұрмыс қажеттерін өздерінде бар мүмкіншіліктермен ғана өтеді. Сондықтан матадан, теріден, өрмек өнімінен жасалатын киім-кешектерді, саба, торсық, үйге жабатын киіз сияқты заттардың барлығын да қол инемен тікті. Қолмен тігу семья мұқтажын өтеумен қатар, заттарды көркемдеп тігуде де тиімді әдіс саналды. Соған қарағанда киімдерді төсек - орын жабдықтарын қол инемен кестелеп тігудің алуан түрлері туды.
Қолмен тігуде негізінен жуалдыз (тебен ине), жуан ине, жуантық (жөндем) ине, бәсең ине, жіңішке ине қолданылды. Жуалдызбен түйенің жабуы, қалың сырмақ, былғары тоқым сияқты заттарды сыриды. Жуан инемен сырмақтың жиегін, үйдің киіздерін, тері киімдерді және киіз байпақтарды тігеді. Жуантық инемен қап, шекпен, күпі, тымақ сияқты заттарды, ал бәсең инемен түйме, ілгек қадайды, матадан жасалған жұқа киімдерді тігеді.
Жіңішке инемен жібек, торғын сияқты жұқа материалдарды, оларға салынатын кестелерді тігеді. Осыларға керекті жуан, жіңішке жіптерді де халық шеберлері суыртпақтай отырып өздері дайындайды. Ол үшін керекті жіптің түсіне ұқсас матаның шетінен жалпақтығы 3 — 4 см, ұзындығы — 30 — 40см кенересін жыртып алады. Осындай жіп суыруға арналған бір бөлек жыртынды матаны шеберлер суыртпақ деп атайды. Суыртпақтан жіп суырып алудың да әдісі бар. Әуелгі жіпті сетінетіп суырады да, суыртпақтың шеті шашақтанған соң оны ептеп саумалап отырып тура тартып суырады. Өйткені шет шашағы молайған сайын суыртпақ тез сетінемей, суыратын жіптер шашақтарға оралып үзіле береді. Суырып алынған жалаң қабат жіптерді керегіне қарай екіден, үштен, төрттен қабаттап ширатады. Ол үшін жіптің бір ұшын тістеп тұрып, екінші ұшын бармақ пен сұқ қолдың басымен, не екі алақанның арасына салып ширықтыра бұрап еседі. Мұны жіп ширату деп атайды. Суыртпаққа көбінесе сирек тоқылған, түксіз маталар пайдаланылады. Жіпті шудадан, жүннен, мақтадан, торқадан, кендірден қолмен иіріп алып пайдалану тәсілі де көп қолданылады.
Қазақ халқының қол тігістері өзінің тігілу әдісі мен мәнеріне қарай бірнеше түрге бөлінеді де, олардың әрқайсысы өз атауларымен аталады.
Батырып тігу. Бұл былғары, киіз, көрпе сияқты қалың заттарға ғана қолданылады. Оның үстіңгі өң жағы өте жиі шаншылып, ал астыңғы жібі қатты тартылып алыс шаншу арқылы үстіңгі жіпті сіңіріп отырып тігіледі. Шебер неғұрлым жіптің өң бетте көрінбей тұруын қарастырады.
Бұзау тіс , тұмарша орындалу жағынан қарапайым, жүрдек тігістер. Бұзау тіс екі жапсарды қосатын тігіс. Бұл әдіспен көбінесе қалың киіз, жабағы сияқты заттарды шеттестіріп тігеді. Бұзау тіс тігісі заттың шетін кезек түйреп алып, жапсардан өткізіп отыру арқылы орындалады. Тұмарша тігісін көбінесе орамалдың шетін жинауға қолданады. Бұл тігіс матаның шетін бекітіп, соның ізімен қайта жөрмеу арқылы орындалады.
Бүрме тігіс әр түрлі желбірлерді, қос етектерді бүре жап - сырғанда, бүрмелі жағаларға, етіктің басын қалыпқа салып ұлтарақшаға жапсырғанда, бір заттың шетін жинай тіккенде қолданылады. Бүрме тігістер көбіне екі қатар жүргізіледі. Мұнда иненің әрбір шаншымы сиректеу келеді де, жіптің бүре тартылуымен жиырыла тігіледі. Бүрмелердің қатпар жасалып, тізбелей жиырыла тігілуі мүмкін.
Есіп жөрмеу — көбінесе су таситын қарын, мес, матадан, кенептен тіккен сондай ыдыс қапшықтардың шеттерін тіккенде, кейде орамалдың шетін бүге тіккенде қолданылады. Ондай заттардың қусырындысын, шеттерін сол қолдың көмегімен ширата бүктемелеп отырып жөрмеп тігеді. Сонда шет бүктесін тігісі ескен сияқты болып өз - өзіне кіріге жұмырланып түседі.
Жапсырма тігу — бір заттың бетіне жамау салып жапсырғанда, әдіптердің шетін тіккенде, әдіп орнына лента сияқты кенерелі заттарды бастырғанда қолданылатын әдіс. Мұндайда жапсырылатын материалдың шетін түйреп шыққан ине астыңғы материалдың үстінен (жапсырмаға, жамауға соқпай, тек оның іргесінен ғана) төмен шаншылады да, үстіне қарай жапсырманы қоса түйреп шығып, алғашқы бағытын қайталай береді. Бұлай етіп тіккенде жапсырылған заттың шеті жинала басылып отырады.
Қабырға тігіс қол инемен көркемдеп тігу әдісінің бір түрі. Қабырға тігісімен ұзынды - қысқалы жарыса тігілген ұзын сызықтар арқылы ендірме, бастырма, қабырға өрнектері тігіледі. Қабырға тігісі екі сызықтың арасымен немесе матаның бетіндегі тоқыманың белгілі бір жолағымен үнемі біркелкі етіп көлденең орай шаншып отыру әдісі арқылы тігіледі.
Киімнің бойын, шалбардың балағын, жеңді, олардың екі шетін жалғастыра тігу ісін қусыру деп атайды. Мұндай тігістерде жөрмеу, тепшу, қаю, өбістіру, тебе тігу сияқты тігіс әдістерінің түрлері қолданылады.
Таңдай тігіс — бұл да көркемдеп тігу істерінде қолданылатын әдіс. Оны үш сызықтың үстімен, үнемі қиғаш шаншып тігілетін қос қабырға мәнерімен орындайды. Мұндай кестелі тігістермен кимешектің жақтарын, жаға - қақпаларды, жеңнің аузын, кестеленген материалдардың шеттерін өрнектеген.
Тышқан із тігісі үш сызық арасымен, не шаршы сызықтар арасымен тігіледі. Алғашқы шаншымында инені төменгі сызықтан жоғары көтеріп үстіңгі сызықтан шаншып матаның астына түсіреді. Бұл кезде сол қолдың бармағымен ине жібін өзіне қарай тарта басып, іркінді ілмек жасайды да, инені босаңдау тартады. Ине үшінші шаншымында орталық сызық бойымен екі шаншым ілгері аттап іркіліп тұрған ілмек арасынан шығады. Инені келесі кезекте тартқанда ілмек ортасында сопақтау үш бұрыш жасалады. Тігіс осылайша қайталана береді.