Тұманбай Молдағалиев өлеңі
Ұлыма тілек
Ағайын, туған жақыннан ақылдымын деп ойлама,
Бір іске кірсең батылдан, бұға беруді қой, бала.
Өзіңнің туған күніңді айналып жылда келетін
Біте қайнасып, бірге өскен достарыңсыз тойлама.
Ірімін деме ешкімнен, бірімін дегін бұл көптің,
Біткенін ойла әрқашан өзіңе алған міндетің.
Бақыт тұр биік терек боп, немесе аппақ қайың боп,
Қасынан, балам ойлардың сәлем берместен күнде өттің.
Биіктей берсін терегің, сынбасын желге қайыңның,
Толқынын тірлік теңіздің тік кешіп өтсін қайығың.
Жондағы ұзақ жол тайғақ абайлап аяқ басқайсың,
Орманыңмен ортаймай, арманыңмен байығын
Тоқтамайтыны белгілі тартады өмір әріге,
Қажетті жердің бәрінде көмектескейсің кәріге.
Ешкімнің көңілін қалдырма, еңкейіп келсе біреулер
Шалқайып шықсын алдынан, марқайып шықсын бәрі де.
Тұманбай Молдағалиев өлеңдері