Фариза Оңғарсынова өлеңі
Өзіңе өкпелегенім -
мұңданып төккен өлеңім;
соншалық ашуланғаным -
жаныммен ашынғандағы үн;
қалғандай құрғап тамағым -
тіс жарып тіл қатпағаным;
сіміріп сағыныш зарын,
өзің деп алып - ұшқаным;
шайғандай тұнық бір ағын,
өкпені ұмыттырарың -
бәрін де татып келемін.
... Осы екен бақыт дегенің!