Балаңызға қалай сөйлейтініңізді ойланып көріңізші

Скачать

Сіз балаңыздың жетістікке жетуіне қалай ықпал етесіз?

Балаңызға қалай сөйлейтініңізді ойланып көріңізші. Мұның маңызы өте зор, себебі балаңыздың қандай тұлға болып қалыптасуы осыған байланысты: ол өз әрекетіне жауапкершілікпен қарайтын батыл азамат болады немесе айналасындағы адамдардың пікіріне жалтақтап қарайтын, өзіне сенімсіз адам болып қалыптасады.
Қазір мынадай тест жүргізіп көрейік.
Сіз балаларыңызға күнделікті жиі қандай сөздерді айтасыз:
Сенің қолыңнан ешнәрсе келмейді! ,
Сен – қорқақсың, ал көршінің баласы – батыл ,
Сен - өте жалқаусың , Сен адам болмайсың ,
Сенен ешнәрсе шықпайды
немесе
Оқасы жоқ, қиындықтарға мойымасаң, міндетті түрде жеңіске жетесің ,
Бұл сенің қолыңнан келеді ,
Мен сенің қайратыңа, сана - сезіміңе сенемін .

Бала кезінде адам өзінің шағын ортасындағы көзқарастар мен құбылыстарды тез қабылдайды да, осының есесінен оның өмірлік сценариі қалыптасады. Ал осы баланың бойына сіңірген көзқарастар жүйесі әдетте өмірдің күрделі кезеңдерінде шешім қабылдауға ықпал етеді.
Ата - аналардың біразы баласына Сен өскенде президент боласың десе, енді біразы Сенен адам шықпайды ,- дейді. Сіз қайсысына жатасыз? Бірақ мына нәрсені ескеруді ұмытпаңыз: бұл сөздер баланың әрі қарай дамуына және тағдырына тікелей әсер етеді.
Кішкентай сәби ата - анасы оны қалай бағаласа, ол өзін солай сезінеді. Осыған орай баланың өзін - өзі бағалауы ата - ананың (ересек адамның) ықпалымен қалыптасады. Баланың өзін - өзі дұрыс бағалауы қай жаста қалыптасады деп ойлайсыз? - Бала бір жарым жасқа толғаннан бастап.
Көптеген ата - аналар өз балаларының өзін - өзі бағалау дәрежесін төмендетіп, бәсеңдетіп тастайды. Өйткені үнемі қайталана беретін жағымды немесе жағымсыз сөздер мен әрекеттер баланың санасында орнығып, кейін жүзеге асады.
Ойланып көріңізші! Сіз балаңыздың жетістікке жетуіне қалай ықпал етесіз? Әлде Сен ешнәрсе түсінбейсің! Тым болмаса үшінші орынды алсаң болар еді! Үш болса да – күш. Бізге осы да жетеді сияқты сөздерді айтып, оның өзін - өзі бағалауы мен сенімділігін бәсеңдетесіз бе?
Өз күшіңе деген сенімділікті төмендететін сөздер:
Мен саған мың рет айттым.
Киіміңді былғама.
Қайтадан құладың ба? Аяғыңның астына қарап жүрсеңші.
Қашан сенде жауапкершілік пайда болады?
Егер мені тыңдасаң ғой.
Емтиханнан төмен балл жинадың ба? Бізге бола береді.
Көршінің баласындай пысық болу саған қайда!
Сенің ағаң сенен гөрі математиканы (физиканы, т. б.) жақсы оқыған.
Егер сен тырыссаң, әпкең сияқты жақсы оқитын (көпшіл, белсенді... болатын) едің.
Сен қателестің бе? Әй, сен осындайсың ғой.
Барлық ата - ана өз баласына жақсылық тілейді және оның бақытты болғанын қалайды. Онда неге көп балалар өзін қорғансыз, бақытсыз сезініп өседі? Мүмкін біздің сауатсыз әрекеттеріміз бен ойланбай жасаған ескертулеріміз балаларымыздың өзіне деген сенімділігін жойып жіберіп, олардың ұяң, тұйық болуына әкелетін шығар? Әлде біз, ата - аналар, бала тәрбиесіне қажетті маңызды жайттарды біле бермейтін шығармыз. Ол не?
Төменде келтірілген мысалдан өзіңіз нәтиже шығарыңыз.
Аңыз. Өз мақсатыңа берік бол!
Ерте - ерте ертеде, ешкі жүні келтеде көл жағасына кішкентай бақалар жиналыпты. Олар өзара жүгіруден жарыс ұйымдастырады. Басты мақсаты мұнараның шыңына шығу болатын. Бақалардың бұл әрекетін ешкім елемесе де, күлкі үшін көп көрермен жиналады.... Ал жарыс басталды...
Көрермендердің ешқайсысы бақалардың мұнара шыңына жететініне сенбегені рас. Көпшілік арасынан мынадай сөздер естіліп жатты: Бұл өте қиын! Олардың шыңға шығуы мүмкін емес! немесе: Бәрібір құлайсыңдар! Мұнара өте биік!
Кішкентай бақалар бірінен соң бірі құлай бастады... Тек күш жинап алғандары ғана жоғары өрлей берді... Көрермендер сонда да Бұл мүмкін емес. Олардың біреуі де шыға алмайды! - деп айқайлай берді.
Бақалардың көбісі шаршап, құлай берді... Тек олардың БІРЕУІ ғана жоғары көтеріле берді...
Сол жалғыз бақа ғана берілген жоқ!! ОЛ ең соңында жалғыз өзі мұнараның ең шыңын бағындырды!
СОНДА барлық бақалар таң қалып, оның қалай жеткенін білгісі келді. ОЛ күш - қуатты қайдан алды?
Сөйтсек Жеңімпаз бақаның құлағы естімейді екен! Ол көпшіліктің кертартпа пікірін естімеген.
Түйін:
Балаңызды өзгелердің кертартпа сөзі мен пікіріне құлақ салмауға және өз - өзіне сенімді болуға үйретіңіз!


Скачать


zharar.kz