Дін бағзы заманнан бері өзекті мәселелердің бірі болып келеді. Адам пайда болғалы бері белгілі бір діни сенім қоғамның ажырамас бөлігі болғаны белгілі. Көп конфессионалды, көп ұлтты Қазақстанда бірнеше діндердің бейбіт өмір сүруіне мемлекет жағдай жасап отыр. Ол үшін ең алдымен діни білімге мән беру керек.
Қазіргі кезде дінтану мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп, қажет деп тапқан мамандықтардың біріне айналды. Қазақстан қоғамының түрлі этностық, конфессиялық сипатын ескере отыра, соған қоса ұлттық діни мұраны сақтап қалатындай қазіргі зайырлы қоғамға, заман талабына сай дінтану пәнін оқыту, дінтанушы мамандар аса қажет және бұл тақырып қашан да өзектілігін жоғалтпайды. Қазақстандағы білім беру саласында тәуелсіздіктен кейін қарқын алған үрдістердің бірі дінтану мамандарын даярлау болып табылады. Еліміздегі дінтану мамандары бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде даярланады.
Дінтанулық білім тарихы 1992 жылы алғаш рет Қ. А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ - түрік университетінде Дін және еркін ойлау мамандығының ашылуынан бастау алады. Қазір дінтану бакалаврларын еліміздегі Л. Н Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Дінтану кафедрасы, Әл - Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Философия ғылымдары және дінтану кафедрасы, Е. А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Философия және мәдениет теориясы кафедрасы, Нұр - Мүбарак Мысыр ислам мәдениеті университетінің Дінтану кафедрасы, Қ. А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ - түрік университетінің Дінтану және теология кафедрасы, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің дінтану факультеті даярлайды.
Қарағанды мемлекеттік университетінен өзге аталған оқу орындарында дінтану мамандығы бойынша магистратура ашылған. Әл - Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Нұр Қазақ - египет ислам университеті дінтану мамандығы бойынша PhD докторларын даярлайды.
ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан дінтану мамандығына жыл сайын 65 мемлекеттік грант бөлініп келген болатын. 2013 - 2014 оқу жылынан бастап, оқу гранты 77 - ге көбейтілді. Жекелеген оқу орындары өз гранттары арқылы дінтанушылардың белгілі бір бөлігінің ақысыз білім алуын қамтамасыз етуде.
Жалпы дінтанудың өзі бастапқыда пән ретінде батыс елдерінде теологияға қарсы көзқарастар негізінде қалыптасқаны белгілі. Аталған пәнді қалыптастыру мен дамыту үдерісінде бірте - бірте екі жетекші бағыт қалыптасты. Бірінші бағытты ұстанушылар дінтануды дін туралы (сырттай) оқытатын пән ретінде қабылдаса, екінші бағыттағылар дінтануды дін арқылы (теологиялық тұрғыдан) оқытатын пән ретінде қабылдайды. Қазақстандық білім стандарттарында дінтану дін туралы (сырттай) оқытатын пән ретінде негізделген, ал жалпы оқыту үдерісінде ұстаздар қауымының діни және дінтанулық білімді ұштастыру мүмкіндігіне қарай екі көзқарас аралас көрініс тапқан деуге болады. Бұл ең алдымен дінтану пәнін оқытуға деген тұжырымдамалық көзқарасының айқындалмауының салдары болып табылады. Осы орайда дінтану пәнін оқытуда ненің мақсат етілетіні, оның қандай пән болуы қажеттігі мемлекет тарапынан нақтылануға тиіс.
Енді дінтанушылар қай жерде жұмыс істей алады деген сұрақтың жауабына келер болсақ:
- Мемлекеттік, діни және қоғамдық ұйымдарда бұқаралық ақпарат құралдарында тәуелсіз сарапшы ретінде және сарапшылар комиссиясы құрамында;
- ҰҚК және ІІМ сараптама қызметінің, мемлекеттік басқару, сыртқы және ішкі саясат бөлімінің, дін істері комитетінің қызметкерлері;
- Дін тарихы мен теориясы, заманауи өркениеттің діни - философиялық мәселелері бойынша ғылыми - зертеу жұмыстарында ғылыми қызметкер;
- мемлекеттік және мемлекеттік емес жоғары және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары;
- Бітіруші магистратура мен PhD білімін жалғастыра алады және халықаралық жобаларды іске асыруға (БҰҰ, ISESKO, Ашық қоғам институты және т. б.) қатыса алады;
- Халал стандарттау комитетінің, ҚМДБ қызметкерлері және басқа да мемлекеттік, мемлекеттік емес мекемелер мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлері.
Қазір әлемдік деңгейде дін шиеленіске жағдайда екені мәлім. Сондықтан, мемлекетке дінтанушы мамандардың жанжалға қарсы тұрақтылығын қалыптастыруға, сонымен бірге жастар ортасында адамның құқықтары мен бостандықтарын қадірлеу принциптеріне, этносаралық және конфессияаралық бейбіт пен келісімге құштарлыққа, диалог жасауға дайын болуына негізделген этномәдени өзара құрметтеудің дүниетанымын және рухани - адамгершілік атмосфераның қалыптасуына ықпал етеді деп қарастырылған.
Дінтану мамандарын даярлауда қазір дінтанушы – дінтану пәнінің оқытушысы , дінтанушы – мемлекет - дін қатынастары бойынша сарапшы , дінтанушы – ислам теологиясы бойынша сарапшы , дінтанушы – христиан теологиясы бойынша сарапшы , дінтанушы – жаңа діни ағымдар бойынша сарапшы , дінтанушы - теоретик бейіндік бағыттары қалыптасқан. Аталған мамандану бейіндері негізінен Қ. А. Яссауи атындағы халықаралық қазақ - түрік университеті мен әл - Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде толығымен қамтылған. ҚазҰУ - де сонымен қатар дінтану магистранттары болашақта өндіріске жіберілетін бейіндік бағыт бойынша және ғылыми қызмет пен жоғарғы оқу орындарына оқытушылыққа жіберілетін ғылыми - педагогикалық бағыт бойынша даярланады.
Қорыта келгенде, қазіргі Қазақстандағы дінтанулық білім өзіндік базаға, тиісті білім үдерісі құжаттарына, қалыптасқан тәжірибеге ие, халықаралық ғылыми және білімдік байланыстарды жандандыруға өзіндік үлес қосып отырған қоғам өміріндегі маңызы жоғары білім беру саласы болып табылады. Өзге де білім салалары секілді дінтанулық білім уақыт талабына сай бағыттылығы жөнінен бірізділендіріліп, мазмұны тұрғысынан байытылып келеді.
Әл - Фараби атындағы ҚазҰУ 1 курс магистранттары
Рысбек Тоғжан, Касаинова Қарлығаш