Сабақтың тақырыбы: Үй жануарлары
Сабақтың мақсаты: Балаларға үй жануарларын таныстыру, төрт түлік малды, оның төлдері мен түрлерін танып білуге үйрету. Төрт түлік малды күтуге, оларға қамқор болуға баулу, ажыратып білуге үйрету, пайдасының адам өміріндегі мәнін түсіндіру. Тіл байлықтарын, ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамыту. Төрт түліктің төлін сүюге, адамгершілікке, адамсүйгіштікке тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Жаңа сабақ
Көрнекіліктері: Үй жануарларының суреттері, интерактивті тақта.
Сабақтың барысы: Ұйымдастыру кезеңі
Психологиялық дайындық
Балалар бүгін бізге қонақтар келіп отыр, сабаққа жақсы араласып отырамыз.
Шаттық шеңберін құру.
Балалар, біз бүгін кең, жарық әсем бөлмеде жиналып тұрмыз. Қане бәріміз бір - біріміздің қолымыздан ұстап шеңбер құрып көрейікші. Шеңбер неге ұқсайды балалар? Күнге, дұрыс шеңбер күн сияқты дөңгелек, аспанда жарқыраған күніміз сияқты дөңгелек. Шеңберге жиналған адамдар бір - бірінің бет - жүзін, күлкісін көре алады. Қараңдаршы! Біз шеңберде тұрғанда барлығымыз бір - біріміздің бет - жүзімізді анық көріп тұрмыз. Шаттық шеңберінде бір - бірімізге жақсылық тілеп, қуанышымыз бен жүрегіміздің жылуын бөлісейік. Жақсы сөз жанды жадыратады демекші бір - бірімізге жақсы тілектер айтайық.
( Балалар бір - біріне қарап жақсы тілектерін айтады)
Осы шеңберде тұрып бір - бірімізге күлкімізді сыйлайық:
Бәріміз бірге: Кел балалар, күлейік,
Күлкіменен түлейік.
Күлкі көңіл ашады,
Күліп өмір сүрейік.
Жарайсыңдар балалар, енді күліп, жақсы көңіл - күймен сабағымызды бастайық.
Мұғалім: Біз өткен сабағымызда не туралы өттік?
Оқушылар: Жеті қазына
Мұғалім: Жеті қазынаға не жатады?
Оқушылар:
Мұғалім: Иә, жеті қазынаның қатарына жүйрік ат, қыран бүркіт, берен мылтық, құмай тазы, сұлу әйел бұлар ер жігіттің ажырамас серігі болып саналған. Ердің қанаты – ат, ит – үйдің құлағы, тамағы мен киімін асыраушы - бүркіт, қорғанар қаруы мылтық. Келесі бір түрі кімге де қажет ілім - білім немесе заттық түрі – кітап та қазынаға енеді. 7 қазынаға халқына пайда келтіретін ер жігіт пен ақылды, сұлу әйел енеді десе, енді біреулер шаңырақтың құты мен ырыс несібенің тұрағы, қара қазан мен байлықтың көзі, берекесінің кепілі диірмен енеді деген.
Жұмбақ шешу.
Ал, балалар мен енді жұмбақ жасырам, қане кім жылдам, жақсы шешеді екен?
1) Кезікті бір жануар,
Үстінде екі тауы бар. ( Түйе )
2) Басында екі таяғы бар,
Төрт аяғы бар.
Сегіз тұяғы бар,
Иегінде сақалы бар. (Ешкі )
3) Кішкене ғана бойы бар,
Айналдырып киген тоны бар. ( Қой )
4) Аяғында тағасы бар
Мойнында жағасы бар.
Мінсе көлік болар,
Сауса қымыз болар. ( Жылқы)
5) Екі айнасы бар,
Екі найзасы бар.
Төрт сылдырмағы бар,
Бір шыбыртқысы бар. ( Сиыр )
Жақсы балалар ( қой, ешкі, түйе, жылқы, сиыр) бұларды бір сөзбен не деп атаймыз?
Үй жануарлары.
Дұрыс балалар, бүгінгі өтетін жаңа сабағымыздың тақырыбы: Үй жануарлары.
Олай болса біз үй жануарлары туралы әңгімелесеміз. Үй жануарлары деп үйде ұстайтын жануарларды атаймыз. Оларға: қой, ешкі, сиыр, түйе, жылқы жатады. Үй жануарларын барлығымыз білеміз, иә, олар барлығымыздың үйімізде бар.
Суретпен жұмыс.
Балалар қараңдаршы, мына суреттен не көріп тұрмыз?
Жайылып жүрген үй жануарларын көріп тұрмыз.
Дұрыс, жайлауда жайылып жүрген үй жануарлары. Қанекей әңгімелеп
көрейік. Тағы не көріп тұрсыңдар?
Ағып жатқан өзен, биік - биік талдар, ар жағында тауларды көріп тұрмыз. Өзеннің жағасында жылқы, сиыр, түйе, қой, ешкілер төлдерімен жайылып жүр. Киіз үйлерді көріп тұрмыз, көк шөптер жайқалып өсіп тұр.
Балалар жайлауда жылдың қай мезгілінде болады, неше мезгіл бар?
Жазда, көктемде, күзде.
Дұрыс балалар, жайлауда күзде, жазда, көктемде отырады екен, ал қыста даланы қар басады. Малдар жайыла алмайды, Сондықтан оларды қорада ұстаймыз.
Үй жануарларының қоректенетін қорегі не?
Шөп, су, жем. Оларға қамқор болуымыз керек.
Үй жануарларының қандай пайдасы бар?
Олардың пайдасы өте көп, үстіміздегі киім, ішіп - жеп отырған азығымыз, тағамымыз осының бәрі төрт түліктен алынады.
Қой - төрт - түліктің ішіндегі аса жуасы, момыны. Аяғымызға киетін байпағымыз, киіз үй жабындылары, еденге төселетін киіздер бәрі де қойдың жүнінен жасалады.
Ешкінің түбіті, терісі, сүті, еті өте пайдалы, оның әсіресе терісі мықты болады. Ертеректе ешкі терісінен сусын құятын (ыдыс жасалған, оны мес деп атаған
Сиырдың сүтінен жасалатын ұлттық тағамдар өте көп. Олар: құрт, ірімшік, май, қаймақ, айран, сүзбе, т. б. сиырдың еті де дәмді болады.
Жылқы мінсе көлік, сойса ет. Жылқыны көлік ретінде де пайдаланады. Оның еті өте дәмді қазы - қарта, жал - жая, қымыз адамға өте пайдалы, емдік қасиеті бар.
Түйенің сүті шұбат деп аталады. Шұбат әрі сусын, әрі тамақ, емдік қасиеті де бар. Түйеге ертеде жүк артып, көшіп - қонған кезде өте керек көлік ретінде пайдаланған. Өзге жануарлардан ерекшелігі шөлге, аштыққа төзімді.
Сонымен балалар, үй жануарларымен қатар дала жануарлары да болады. Мына суретте қандай жануарларды көріп тұрмыз? (Бұғы, елік, арқар, тау ешкі) Бұларды неге жабайы жануарлар деп атаймыз? Өйткені бұл жануарларды қолға ұстай алмаймыз. Олар еркіндікке, далада жайылып, қысы - жазы сонда өмір сүреді. Олар қолға ұстағанмен үй жануарындай болмайды, өліп қалуы мүмкін. Сондықтан оларды дала жануарлары деп атаймыз. Қанекей бәріміз қосылып олардың аттарын атап көрейікші: Балалар мұғалімге қосылып аттарын атап айтып береді.
Енді балалар Төлін тап ойынын ойнап көрейік. Тақта бетінде үй жануарлары мен олардың төлдері берілген. Олар бір - бірінен адасып қалған, соларды енелерімен қауыштыру керек.
(интерактивті тақта бетінен балалар айтқаннан кейін төлдердің өз енелерінің қасына орналасуын көреміз: жылқы - құлын, сиыр - бұзау, қой - қозы, ешкі - лақ, тұйе - бота)
- Өте жақсы балалар, төлдерді енелерімен қауыштырып болдық, енді төлдерге арнап кім тақпақ айтып береді?
1. Қарақат
2. Сұлтан
3. Мейірлан
4. Мұқағали
5. Ілияс
Бәріміздің де тақпақтарымыз өте жақсы екен. Ал, енді балалар, сендерді ата - аналарын үйде қалай еркелетеді? Жануарлардың төлдері кішкентай, сүйкімді болады. Оларға теңеп, сендерді құлыным, ботам, қозым деп еркелете ме?
Сергіту сәті
Топ - топ етіп басайық,
Ауылға біз барайық.
Қозыларды санайық
Қораларға қамайық
Енді балалар, Қай жануар қалай дыбыстайды ойынын ойнайықшы. Ойынның шарты: жіпке үй жануарларының суретін ілемін, сосын балалар біртіндеп келіп (көздері жұмулы) жіптегі суретті қиып алуы керек. Кімге қандай төл келсе, сол бала сол төлдің дауысын салып беруі керек. Ойынның шарты бәрімізге түсінікті ме? Онда ойынымызды бастайық.
Суретті сәйкестендіру
Балалар, бәріміз тақтадағы суреттерге қарайық.
Түйе ------ айран
Жылқы --- шұбат
Қой ------- түбіт
Ешкі ------ жүн
Сиыр ----- қымыз
Тыйым сөздер
Балаларға төрт - түлікке байланысты ырым - тыйымдарды айтып беру.
Қайсысы артық
Үй жануарларының арасынан қайсысы артық, соны ажыратып тастау керек.
Қорытындылау
1. Үй жануарларына не жатады?
2. Үй жануарларынан біз не аламыз?
3. Неге үй жануарлары деп атаймыз?
Бағалау
Сабаққа белсенділік танытып, жақсы араласқан балаларға жұлдызша беремін. Мадақтау айтамын.
Үйге тапсырма
Үй жануарлары және оның төлдерін және олардың өзіне тән ерекшеліктерін ажыратып және олардың қандай пайдасы бар екенін әңгімелеп келу.