Тақырыбы: Қазақ халқының ерлік істері
Сабақтың мақсаты – патриоттық сезімін, елі үшін мақтанышын тәрбиелеу, шынайы патриоттың және Отан қорғаушының бейнесін қалыптастыру, оқушыларды елінің және өлкесінің тарихымен таныстыру; белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыру. Балалардың эмоциялық әлемін адамгершілік әсерлермен байыту және адамгершілік сезімдерін қалыптастыру; оқушылардың моральдық дамуына және олардың шығармашылық қабілеттеріне ықпал ету.
Құралдар: берілген тақырып бойынша кітап көрмесі, сурет көрмесі, бейнематериалдар.
Сабақтың кезеңдері (тақырыптық бөлімдер):
1. Қазақ хандығының 550 жылдығы. (Тарихқа шолу)
2. Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында. Қазақстандық батырлар. (Ерлік істері)
3. Бейбіт өмірдің батырлары.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны.
Ой қозғау:
- Біз қандай мемлекетте тұрамыз?
- Қазақстан қандай мемлекет?
- Қазақ хандығының құрылғанына биыл неше жыл болды?
- Ұлы отан соғысының батырларын білесіңдер ме?
- Атазаңымыз қашан қабылданды?
Мұғалім сөзі: Міне оқушылар біздер өз елімізбен мақтанамыз. Бұл еркіндік оңайлықпен келген жоқ. Қазақ елі еркіндікке жету жолында қанша қиын - қыстау кезеңдерді бастан кешірді. Мыңдаған жылдық тарихы бар Қазақстан тәуелсіздік алды. Міне бүгінгі сабақта тәуелсіздік жолында қазақ елінің атқарған ерлік істеріне тоқталамыз.
Қазақ хандығы – халқымыздың тұңғыш мемлекеттік құрылымы, мәңгілік қазақ елінің тарихи тұғыры. Сол тұғыры биік хандықтың құрылғанына бүгінде 550 жыл толып отыр. Бұл жылдар – бүгінгі Қазақстанның өткенінен сыр шертер, тарихын танытар ақиқат пен аңызға айналған жылдар.
Еліміз тарих толқынында шыңдалып, байтақ жеріміз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғалып, сарабдал хандардың саясаты мен ержүрек батырлардың ерлігінің арқасында тәуелсіздікке қол жеткізді.
Осынау ұлан-ғайыр даламыздың алып сахарасында Қазақ хандығы ХV - ХІХ ғасырларда кеңінен қанат жайып, байтақ өңірді мекен еткен қазақ тайпаларының басын қосқан елдігіміздің бастауы болды.
Қазақ хандығының 550 жылдығы – қазақ елінің өткені, қазақ халқының тарихы. Сол тарихқа көз жүгіртсек, Керей мен Жәнібектен бастау алған қазақ хандықтарының құрылуы мен өрлеуіне, халқымыздың тұрмысы мен дәстүрлі мәдениетіне, Қасым ханның қасқа жолы , Есім ханның ескі жолы , Жеті жарғы сияқты өзіндік заңдарына тоқталмай өтпейміз. Себебі бүгінгі ерлігіміздің арқауы мен елдігіміздің арқауы – қазақ хандығы.
Иә, қазақ хандығының тарихы тереңде жатыр. Қазақ тарихындағы қазақ хандығы, оның құрылуы мен нығаюы қазақ хандарының есімімен тікелей байланысты. 1458 жылы халық Керейді ақ киізге көтеріп, хан сайлады. Керей мен Жәнібек қол астындағы ру - тайпаларымен Шу бойына қоныстанып, қазақ хандығының негізін салды. Өз қарсыластарын тықсыртып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған қазақ хандығы ХVІ - ХVІІ ғасырларда нығая түсті. Орта Азия, Астрахан, Қазан, Сібір хандықтарымен, Ресеймен тығыз байланыс орнады. Қазақ жерін нығайтып, қазақтардың үстемдігін орнатудағы ерекше ұстанымдарымен Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекел хан, Тәуке хандар елдің бірлігі мен бүтіндігін сақтады. Хандықтағы жоғары билік хан қолына шоғырландырылып, хан тағына отыруға үлкен ұлдың құқығы басым болды. Хандықта келіссөздер жүргізу, соғыс жариялау, бейбіт бітім жасау, заң шығару істері жүргізілді.
Қазағымның ар - намысын таптатпаған,
Халқы үшін күндіз - түні жай жатпаған.
Ұлан-ғайыр жердегі хандық құру
Керей мен Жәнібектен бастау алған.
Кө салған жерімізге, елімізге,
Туын тікпек болғандар төрімізге
Хандардың қаһарынан қаймығатын
Кіруге дәті бармай жерімізге.
Иә, бұл біздің қайсар хандарымыздың батыл әрекетінің үлесі.
Қазақ хандығының 550 жылдығының аталып өтуі — біздер үшін ерекше тарихи оқиға. Тарихын білмеген елдің болашағы да бұлыңғыр болады деп, халықтың болашағы үшін тарихын таразылаған Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың батыл түрде осы ғасырлар қойнауындағы көне тарихты кең көлемде қайта жаңғыртудағы шешімі ұлт рухын көтеретін тағылымды бастама болды. Мәңгілік еліміз барда қазақтың тарихы да мәңгілік - деп, жарқын болашағымызға нық сенім білдіреді. Біздің тарихымыз — мақтан етуге лайықты, ерлік пен елдіктің тарихы — деп, ұрпаққа ұран болар ұлағатты сөз айтты.
- Қазақ батырлары бейнеленген бейнематериал көрсету.
- Оқушылармен ой бөлісу.
Мұғалім сөзі: Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысында. 1941 ж. 22 - маусымда, түнгі сағат 4 - тер шамасында Германия опасыздықпен КСРО - ға хабарсыз соғыс ашты. Қазақстандықтар соғыстың алғашқы минутында батыс шекарада жаумен шайқасқа қатысқандардың арасында да, Берлинде Рейхстаг үйіне шабуыл жасағандардың арасында да бар еді. Әскер қатарына 1 млн. 196164 (1 млн. 196300) қазақстандық қосылып, әрбір 5 - ші адам майданға аттанды.