Операциялық орындаушылық кезең

Скачать

Қарама - қарсы мағыналы сөздер (285 – 289 жаттығулар)
Сабақтың мақсаты: 1. Сөз туралы оқушылардың алған білімдерін пысықтай отырып, кейбір сөздердің мағынасы қарама-қарсы болып айтылатынын түсіндіру;
2. Сөздің өзіне тән мағынасы болатынын байқата отырып, сөздерді дұрыс қолдана білу қабілеттерін қалыптастыру, ой-өрістерін кеңейту;
3. Мағынасы қарама-қарсы сөздерді мәтін арасынан таба білуге үйрете отырып, сөздік қорларын молайту мақсатында көркемдеп, шебер сөйлей білуге үйрету, сауаттылыққа тәрбиелеу;
Сабақтың түрі: жаңа сабақ
Сабақтың әдісі: түсіндірмелі, сұрақ-жауап, көрнекіліктік, талдау-жинақтау, т. б.
Көрнекілігі: сызбалар, үлестірмелі дидактикалық материалдар

Сабақтың барысы: 1. Ұйымдастыру кезеңі:
- Балаларды сабаққа дайындау
2. Үй тапсырмасын тексеру: парта бойынша тексеріп өту;
3. Өткенді пысықтау: Дыбыс түрлері, сөйлем, сөз туралы алған білімдерін еске түсіру;

4. Мотивациялық – бағдарлау кезеңі: (мысалды оқи отырып, жаңа сабақтың тақырыбын ашу)
Бір күні көпірде екі лақ бір - біріне қарама - қарсы кездесіп қалады. Оның біреуі – ақ лақ та, екіншісі – қара лақ. Екеуі де бір - біріне жол бергісі келмейді. Сонда қара лақ былай дейді: - Ей, ақ лақ, сен маған жол бер. Мен сенен үлкенмін. Мен қыста туғанмын, ал сен жазда туғансың. Сондықтан да сен маған жол беруге тиіссің. Үлкенге – құрмет, Кішіге – міндет дегенді білсің бе?
Ал, ақ лақ болса жол бергісі келмей былай депті: - Жоқ сенің жасың үлкен, менің жасым кіші болса да, менің сенен бойым - ұзын, сенің бойың – қысқа. Сондықтан да мен неге саған жол беруім керек. Ол екеуі ұзақ айтысып тұрып алды. Ақырында екеуі де жол бермей, екі жаққа қайтып кетті.
- Ал, айтыңдаршы қай лақтың айтқаны дұрыс?. Қайсы жол беруі керек?
- Мына тақтадағы сөздердің осы мысалға қандай қатысы бар. (дәлелдету)
- Ақ – қара, ұзын – қысқа, жаз – қыс, үлкен – кіші,
Сөздерді қолдана отырып, ертегі мазмұнына шолу, талдау;
Бұл сөздердің мағыналары қалай айтылып тұр? Яғни бір - біріне қарама - қарсы мағынада айтылып тұр екен. Олай болса, қандай қорытынды жасауға болады? ТҰЖЫРЫМ: сөздердің кей түрлері бір - біріне қарама - қарсы мағынада айтылады екен.

5. Операциялық орындаушылық кезең: Тақтаға кесте ілінеді:
1. Қант... болады, бұрыш... болады. 2.... бала қуаныш,... бала өкініш
Кестедегі көп нүктенің орнына тиісті сөз қойып, оның мағынасын ажырату;

285 - жаттығу: берілген мәтінді оқытып, талдау жасау. Мәтіннің ішінен мағынасы қарама - қарсы сөздерді тауып, көшіріп жазу, олардың қарама - қарсы сөз екендігін дәлелдету; жақсы – жаман;
- Бұл жаттығу бойынша қандай қорытынды шығаруға болады? (өз ойларын ортаға салады)
286 - жаттығу: мақалды оқып, мағынасын ашу, талдау жасау: оқытудың бірнеше түрін пайдалана отырып, мақалды жаттатып, жатқа көшіріп жаздыру, қарама - қарсы сөздердің астын сызу.
Ащы мен тұщыны татқан білер, Алыс пен жақынды жортқан білер.

6. Сергіту сәті: Көжегім тұршы, бетіңді жушы.
Айнаға қарашы, шашыңды тарашы
Таза боп киінші, Мектепке жүгірші.
287 - жаттығу: берілген сөздерге сөйлемдер құрату
Таза, лас, тар, кең – бұлар қандай сөздер, қалай жұптастыруға болады?
288 - жаттығу: берілген әр сөздің тұсына мағынасы қарама - қарсы сөздер тауып, көшіріп жазу, дәлелдету:
Таза – лас арзан – қымбат
жылы – суық мейірімді – қатыгез
әлсіз – әлді терең - саяз

7. Рефлексиялық – бағалау кезеңі:
кім – кімге қарсы ойынын ойнату. Шарты: шеңбер жасап тұру, қарама - қарсы тұрған балалар бір - біріне мағынасы қарсы сөздер тауып айтады.
- Сонымен сөз неден құралады екен? Ал бүгін мағынасы қандай сөз туралы білдік?
- Олар неліктен мағынасы қарама - қарсы сөздер делінген??
Үлестірмелі карточкалармен жұптаса жұмыс жасату. Әр карточкадағы сөздердің қарсы мағынасын тауып жазу.

8. Үйге тапсырма: 289 - жаттығу
9. Бағалау.

Қарағанды облысы, Жаңа арқа ауданы,
Б. Амалбеков атындағы ЖОББ мектебі
Бастауыш сынып мұғалімі Сауытбаева Гульжазира Серикбаевна
Бастауыш сынып мұғалімі Ибикенова Карлыгаш Кылышевна


Скачать


zharar.kz