Қазақ әдебиеті 10 сынып
Сабақтың тақырыбы: "Құлагер"- ақын трагедиясы
Сабақтың мақсаты: Ақан шығармашылығына түсінік бере отырып, “Құлагер” өлеңінің идеялық мазмұнын ашу.
1. Білімділік: Ақан образын жан - жақты ашу, “Құлагер” өлеңі мен әнінің шығу тарихын оқушыларға түсіндіру;
2. Дамытушылық: Ақан өлеңдерін оқыта отырып, оқушылардың сөздік қорын молайту, дамыту, өлеңнің көркемдік құнды ерекшеліктерін ашу, ат сипатын салыстыру арқылы әдеби - теориялық білімдерін дамыту;
3. Тәрбиелік: Ақан тағдыры, Ақан өнерін ұғынуға, өнер иелерін құрметтеуге, өмірдегі әділетсіздіктермен күресе білуге тәрбиелеу.
Сабақтың типі: аралас сабағы.
Сабақтың түрі: ізденіс сабақ
Сабақтың әдіс - тәсілі: сұрақ - жауап, жатқа айту, мәнерлеп оқу, әңгімелеу,
салыстыру, интерактивті әдіс
Сабақтың көрнекілігі: суреттер, интертақта
Пәнаралық байланыс: музыка
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі: 1. Оқушылармен сәлемдесу.
2. Оқушылардың сабаққа қатысын тексеру.
3. Оқушылардың зейіндерін сабаққа аудару
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру:
Әнші - ақындар тобын шолу
Әдебиеттанушылар мен өнертанушылар тобы өз дайындықтарын көрсетеді.
Ақан серінің музыка туындылары қазақ өнерінің өркендеуіне зор ықпалын тигізді
(шығармашылығы жөнінде)
Білімдеріне қарай бағаланады.
Жаңа сабақ
Қазақтың әнші – ақындарының ішінде өмірімен де, өнерімен де ереше тұлға Ақан Қорамсаұлы – халық мәдениетінің көрнекті өкілі. Ақан серінің шын аты - Ақжігіт. Ата - анасы Ақан деп еркелетсе, елі сері деп ат берген өнерпаздың тұлғасы әркез биік. Ақан жақсылық, жамандық, адамгершілік, махаббат, сүйіспеншілік, дүние, қоғам, жаратылыс жайын, жүрек мұңын сырлы әнмен жеткізген суреткер, әнші, ақын - сазгер. Сегіз қырлы, бір сырлы, әнші, күйші, сазгер Ақан өмірін көптеген ақын - жазушылар шығармаларына арқау еткен.
Бүгінгі өтетін тақырыбымыз – "Құлагер"- ақын трагедиясы
Ақан – трагедиялық кейіпкер.
Сағынайдың асында атынан қапыда айрылып жүрегі қан жылаған ақын естен танды. құлагер ер қанаты ғана емес, Ақанның рухани медеу тұтқан серігі еді. Құлагердің мерт болуымен бірге Ақанның өзі де рухани қазаға ұшырады. Құлагер өлгенде Ақан Ел бетін қалай көремін депті. Ақанның жан күйзелісін осы бірауыз сөз ұқтырып тұрғандай. Көл еркесі аққу, көк еркесі сұңқар – Ақанның қанаты қайрылды, пырақты шабысынан айрылды. Елінен, жерінен безді. Жалғыз өзі елден жырақ күй кешті. Құлагер өлімі жаралы жанын күйреткен, аяусыз соққы болды. Қиянат пен әділетсіздіктен жапа шеккен Ақанның халін Ілиястың бейнелеуінде құлазып күздігүні Көкшетаудай, Қызықтың көшіп кеткен саржайлауы дейді. Ақан жан жолдасын қолымен өлтіргендей күйінеді. Мал да болса адамнан есті жануар - ай, шабуға жіберерде салбырап, басын төмен салып, кәдімгідей көзінен жас бұршақтап тұрды - ау. Осы сұмдықтың болатынын білген екен ғой деп өкінеді, қайғыдан жүрегі қарс айрылады.
Құлагер кинофильмінен үзінді көрсету.
Ақанның қыран құсы - Қараторғай, жүйрік тазысы - Базаралы, ел аузында аңыз болған сәйгүлігі – Құлагер.
Ақан Құлагердің маң - маң басқан жүрісіне көңілі толып, "Маңмаңгер" деген ән шығарады.
"Маңмаңгер" әнін тыңдату.
30 жастан асқанда ақын бірнеше қайғыға тап болады. Сүйген жары Ұрқиядан айырылады, қыраны Қараторғайы, құмай тазысы Базаралы өледі.
1876 жылы Сағынайдың асында Ақан Құлагерді бәйгеге қосады. Үш жүз аттың алдында қара үзген Құлагерді Ақанмен өштескен Батыраш, Қотыраштар өлтіреді. Ақан Құлагер өлімінен кейін мылқау ұлы Ыбанмен Қоскөлде елден жырақ өмір сүреді. Құлагерді жоқтап, Құлагер әні дүниеге келеді. Әнде ақынның ішкі жан сыры, күйзелісі, психологиялық толғанысы терең суреттеледі. Құлагерге қатысты тұстың бәрін тізіп жырлайды.
Құлагер, құлыныңнан керім едің,
Нағашым сұрағанда беріп еді.
Шынымен өлгенің бе, Құлагерім,
Салбырап сапты аяқтай төменгі ернің...
Ақын өлеңінде ішкі күйініші, Құлагерді қимау, өткен күнді сағыну, Құлагерсіз өмірге көндігу де бар.
Құлагер әнін тыңдату.
Құлагер - Абайдан кейінгі ат сынын суреттеген өлең. Ол ат пен өнер жүйрігі әшкерелейтін, ішкі жан күйзелісті көрсететін өлең.
Өлеңді мәнерлеп оқыту.
Буын, бунақ, ұйқасқа талдау. ( дәптермен, тақтамен жұмыс)
... Менің атым сұрасаң Ақан серің, а
Ғазірет Ғали дүлдүлі тұлпар керім. а
Дүниеде оған жетер ат бар ма еді, б
Өлді ғой мен қайтейін, Құлагерім... а
4 тармақты, 3 бунақты, 11 буынды қара өлең ұйқасы.
Әдеби теориялық ұғымдар
Ілияс Жансүгіровтың "Құлагер" поэмасынан үзінді
Әсірелеу
"Көмбе қайда?"- десеңіз,
Көзді салып көрсеңіз:
Өркеш - өркеш көрінген,
Орғылап су төгілген,
Балдырғаны білектей,
Балаусасы жібектей.
Қайталау
Кей – кейде жауын болып, жылап ақты,
Кей – кейде дауыл болып, соқты қатты,
Кей – кейде күңіреніп, көлдей толқып,
Кей – кейде қу ағаштай құлап жатты.
Дамыту (градация)
Күйіндей домбыраның құлдырласын,
Суындай Алатаудың сылдырласын
Сөздердің асыл, көркем тасын қала,
Ұйқасы өлеңімнің сыңғырласын.
Ассонанс
Адуын алып көк бөрі
Арыста талай бәйге алып,
Айқасты талай көп көрді
Айқайда талай түсе қап,
Асқынғанды бөктерді.
Теңеу
Көк орман, көркем тоғай маужыраған,
Сұлудың көзіндей көп жаудыраған,
Малта тас, маржан, ақық, меруерт тас,
Төгіліп көл жиекке саудыраған.
Бекіту
1. Ақынның сұм заманнан соққы жеп, жан серігі - Құлагерден айырылу себебі неде?
2. Батыраш, Қотыраштарға ауыл ақсақалдары өз үкімдерін берді.
Ал, сендер қандай үкім шығарар едіңдер?
Мұғалімнің қорытынды сөзі
Ақанның өмір жолы қызықты әрі ерекше. Өмірінің соңғы кезінде жалғыздықпен мұңдасты.
Оның бұл қылығы өзінің қатыгез заманына мойынсұнбай өткен тәкаппар ақынның бейнесін танытады. Тіршіліктің ұсақ-түйегіне алданбай, бойын тік ұстап кетті. Сондықтан да Ілияс:
Тұсында сері болсын, пері болсын,
Ұнайды өмірімен Ақан маған , - деп кейіпкеріне деген ілтипатын жасырмай, ашық айтқан.
Ақан өмірі - өнер адамының, жалпы адамның рухани тазалығының үлгісі, өнердің тіршілік тартысынан жоғары тұрғанының белгісі. Қанды қол жеткенде таңба басқан, қазақ қиялының ғажайып аты өрен тұлпарға ескерткіш орнатқан Құлагердей ән шығарып, халқына таратқан Ақан - өз кезіндегі әнші - ақындар тобының аса көрнекті өкілі. Әлеуметтік өмірдің өзекті мәселелерін өлеңіне арқау еткен Ақан өнерімен де, ерлік өмірімен де кейінгі ұрпаққа, туған халқына үлгі болды.
Халық жадында Ақан мен Құлагер есімі егіз ұғым болып мәңгі қалмақ!
Үйге тапсырма.
1. Құлагер өлеңін жаттау.
2. Абай - Ақан - Ілияс шығармаларындағы аттың сынына талдау.
3. Халқының ардақтысы – Ақан сері тақырыбында ойтолғау жазу.
Бағалау