Мағжан Жұмабаев
Шын хакім, сөзің асыл - баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес
Қарадан хакім болған сендей жанды
Дүние қолын жайып енді күтпес.
Сөзіңе құлақ салып, баға бермей,
Қисайып, қыңырайды жұрттың иттес!
Бұртиып, теріс қарап: Аулақ жүр! - деп,
Болды ғой жақын туған бәрі кектес.
Тыныш ұйықта қабіріңде, уайым жеме,
Қор болды қайран сөзім босқа! - деме.
Артында қазақтың жас балалары
Сөзіңді көсем қылып, жүрер жөнге!
Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар,
Өлтіріп талай жанды, жүгін артар.
Көз ашып, жұртың ояу болған сайын,
Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар.
Жүрген жанның артында ізі қалар,
Етікші өлсе, балға мен бізі қалар.
Бір бай өлсе, төрт түлік малы қалар,
Жүйрік өлсе, артында сөзі қалар!
Сұм дүние сылаң беріп көптен өтер,
Сау қалғанның көбісі ертең бітер.
Тоқтамас дүниенің дөңгелегі,
Жүйріктің айтқан сөзі көпке кетер.