Қазақ-түрік лицейлері жабылмайды
ҚР Білім және ғылым министрлігі Қазақ-түрік лицейлеріне қатысты ресми мәлімдеме жасады: Қазақстанда аталған оқу орындары (елімізде 27 лицей бар) жұмысын жалғастырады, ата-аналарға, оқушыларға алаңдайтын негіз жоқ.
ҚР БҒМ баспасөз қызметі хабарлағанындай, ҚТЛ-дың Түркияға еш қатысы жоқ, оның оқу саясаты қазақстандық және халықаралық білім стандарттарына сай жасалған. ҚТЛ қызметін қадағалайтын KATEV халықаралық қоры президент Н.Назарбаев пен Т.Өзалдің қолдауымен Қазақстан мен Түркияның білім беру саласындағы келісімінің негізінде құрылған.
ҚТЛ өз оқушыларының жоғары білім деңгейін паш етті және елдегі білім беру ордалары ішінде үздіктердің қатарында. Соңғы үш жылдың ішінде ҚТЛ оқушылары 5327 медаль жеңіп алды, олардың 986-сы Бразилия, АҚШ, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Румыния, Канада, Грекия, Грузия, Германия, Жапония елдерінде өткен халықаралық олимпиададан еншілеген медальдар. ҚТЛ-да 1 124 оқытушы жұмыс істейді, олардың 1 030-ы Қазақстан азаматтары (91,7%), Түркия азаматтары - 94 (8,3%) , - делінген хабарламада.
ҚТЛ қазақ тілінде оқытатын дарынды балаларға арналған облыстық лицей-интернаттар болып табылады. Биыл 1 634 бала лицейді бітірді. ҰБТ-дағы орташа балл 102,3 баллды құрады. ҰБТ-2016 қорытындысы бойынша, ҚТЛ Қазақстанның үздік 100 мектебі қатарына енді. ҚТЛ-да тәрбие жұмысы Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беру тұжырымдамасына, Мәңгілік ел жалпыұлттық идеясына, ҚР Президентінің Қазақстан-2050 жолдауына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақ-Түрік лицейлерінің отандық білім беру саласында өзінің орны бар, және олардың қызметін басқа елдің саяси ахуалына қатысты байланыстырудың қажеті жоқ. Сырттан оларға қысым жасауға ешкім де құқылы емес, олар - Қазақстан мектептері мен Қазақстан азаматтары , - дейді ҚР БҒМ өзінің мәлімдемесінде. - Біз ресми түрде мәлімдейміз, ҚТЛ мен KATEV қорында өзге елдердің жеке тұлғаларымен, ұйымдарымен және үкіметтерімен ешқандай байланыс жоқ .
Бұған дейін елімізде мақтаулы қазақ-түрік лицейлері жаппай жабылуы мүмкін екені хабарлаған болатын.
Дереккөзі: baq