Басқа айдаһар - қазақ батырлық эпосында кездесетін жағымды кейіпкер

Скачать

АЙДАҺАР. Қазақ ертегілік - мифтік дәстүріндегі зұлым құбыжық, демон. Оның "аждаһа" түріндегі синонимі де бар. Айдаһар атауы өзімізге кеңінен танымал "дракон" сөзінің аудармасы ретінде қолданылып жүр. Бұл образдың мифтік табиғатын түсіну үшін ең алдымен "айдаһар" сөзіне негізделген иран мифтік образы мен осындай құбыжықтың ежелгі түркілік образы деген екі мәселені қарастырып алған жөн.

Айдаһар сөзі ежелгі ирандық — авесталық6 мифтік кейіпкер Дахакадан7 бастау алады. Бүгінгі фольклорлық айдаһар образы ортағасырлық араб - парсы ертегілік және эпикалық дәстүрінің толық ықпалына түскен, яғни солардың сипатына сай қалыптасқан. Олар бір, үш, жеті басты құбыжық бейнесінде суреттеледі, үңгірлерде, құдықтарда тұрады. Ертегілерде ең жиі таралған сюжеті — су көздерін басып алып, елдің адамдарын (көбіне қыздарын) алып, жеп тұруы болып табылады.

Айдаһар мифтік ғаламдық жылан образымен шендестірілген, бұлар бірінің орнына бірі қолданыла береді. Жылан мен айдаһар іс жүзінде синонимдер ретінде түсініледі. Айдаһар мифологияда үш дүниенің зооморфты сипатын жинақтаған, ол — жылан, төменгі, су дүниесінің өкілі; ол — қанатты, жоғарғы дүние өкілі; оның басы мен аяқ - тырнағы жыртқыш аңдікі, ол орта дүниенің өкілі, яғни үш мақұлықтың сипатының бірігуінен құбыжық бейнесі шыққан.

Ертегілік айдаһар — зұлым кейіпкер, бұл Иран, араб түсінігіндегі "айдаһар" сөзіне толық жауап беретін образ. Ал "айдаһар" атын иеленген ежелгі түркілік, өз атауы ұмытылған "басқа айдаһар" образы да қазақ фольклорында сақталған.
Басқа айдаһар - қазақ батырлық эпосында кездесетін жағымды кейіпкер. Қарым цикліндегі Папария жырында батыр көп жаудың қоршауында, қиын жағдайда қалғанда оның әкесі Баба Түкті Шашты Әзіз айдаһар түрінде көрінеді:
Баба Түкті пірлері,
Айдаһар болып көрінді.
... Айдаһар сонда ысқырды,
Ен қалмақты тысқырды.
Айдаһарды көргенде
Папария батырдың
Көңілі судай тасады.
... Жаудың беті қайтқан соң,
Кетті айдаһар жоқ болып...
Бұл жердегі басқа айдаһар - айқын тотемдік сипатқа ие бейне, ол батырдың әкесі болып көрініп, әкесінің рух - аруағы болып тұр. Орақ - Мамай жырында да жылан немесе айдаһар бейнесі кездеседі:
Күн шығыстан көреді,
Құйындай шыққан шаң сонда.
Шаң астына қараса,
Қыбырлаған жан көрді.
Сол бір шаңның астында,
Айдаһар - жылан жан көрді.
Өгізхандай бұл қалмақ
Жыланды көзі көреді,
Келді де жылан Орақтың
Беліне айдаһар - жылан оралды,
Өгізхан оны көргенде,
Есі кетіп қалады.
Прототүркілер жыланды және жылан бейнесіне шыққан айдаһарды қадірлеген, оған тағзым етіп, тотем, рух - ие деп санаған. Бұл — ежелгі прототүркі — дравид - элам, шумер дәуірінің бірлігінен қалған сенім. Өйткені ирандықтар мен алғашқы үнді - арийлар жыланға құрмет жасамаған. Сақ - скифтерде де жылан — айдаһар культінің болғанын жылан - қыз образымен қатар скиф - сарматтардың әскери тулары жөніндегі ежелгі мәліметтері арқылы көруге болады. Олар мата қиындыларынан құралған алабажақ түсті (Алаштың ала туын еске түсір) жалау жасаған, үш бұрышты ұзын жалау жел кернегенде желбіреп, алабажақ жылан не айдаһарша ирелеңдегендей әсер қалдыратын болған. Л. Гумилев Иранды басып алып. Парфия империясын құрушы пардарайлар. Массагеттердің сенімі жағынан парсылардан айырмашылығы — олардың жыланға тағзым салтының болуы деп көрсеткен. Міне, осы жылан культінің болу - болмау мәселесін анықтау сақ - скифтердін де. сарматтар мен дай - массегеттердің тілдік - этникалық сипатын ашуға жәрдем беруі де мүмкін.
Сонымен, арғы қазақ мифологиясындағы жылан - айдаһар — тотем, ата - баба рухы, аруақ, көмекші образы.


Скачать


zharar.kz