Туған жер туралы өлең шумақтары
Туған жер - ай, күнім де сен, дінім де сен,
Тағдыр сендей сүйесе, сүрінбес ем.
Керегі жоқ басқа атақ,
Басқа абырой,
Жетіп жатыр тек өзің ұлым десең!
Қадір Мырза Әли
***
Туған жер
О, туған жер, кең пейіл, құшағың кең,
Саған көңіл бұлқынар күш - ағынмен.
Сағынышымды қанат қып саған қарай
Балапандай талпынып ұшамын мен.
Алақаны анамның – топырағың,
Сендік махаббатымның оты жалын.
Сені қалай сүюдің керектігін,
Мен ешқандай кітаптан оқымадым.
Сенде, тас та қастерлі, аспан да алау,
Сенде жанды тербетер дастан бар - ау.
Менің мынау өмірге құштарлығым
Сені жақсы көруден басталған - ау.
Кешірме сен
Жат қылықпен жаныңды жараласам,
Бар сырымды бүкпесіз саған ашам.
Мен ел кезіп кетермін отансыздай,
Үмітіңді ақтауға жарамасам.
Фариза Оңғарсынова
***
Отан
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: Отан деп сыбырлаған.
Жаным менің,
Кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған!
Отан!
Отан!
Бәрінен биік екен.
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен...
Мұқағали Мақатаев
***
Туған жер
Шықшы тауға, қарашы кең далаңа,
Мәз боласын ұқсайсың жас балаға.
Ол шеті мен бұл шетіне жүгірсең,
Шарсайсың ба, құмарың бір қана ма?
Уа, дариға, алтын бесік - туған жер,
Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр!
Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,
Ақын болмай, тасың болсам мен егер.
Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің,
Нендей күйге жүрегімді бөледің?!
Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем,
Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім!
Мен де өзіңдей байтақ едім, кең едім,
Қызығыңды көріп еркін келемін.
Сен де аямай бердің маған барыңды,
Мен де аямай барым саған беремін.
Болдым ғашық, туған дала, мен саған,
Алыс жүрсем, арманым сен аңсаған.
Жақын жүрсем, мен төрінде рахаттың,
Алтын діңгек - өзім туған босағам!
Қасым Аманжолов